Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Ел аманаты – ел үміті дейміз.Елімізде жасалып жатқан жұмыстың барлығы ұлтарақтай қазақ даласында тұратын халықтың қамы үшін. Тайғақ кешсе тағасын тайдырмаған, жағаласса жағасын жыртқызбаған қайсар еліміздің әл-ауқатын реттеп, күллі әлемде терезесі тең, ұрпағы саналы мемлекет болу – басты мақсат. Тәуелсіздікке қол жеткізіп бабалардың көз жастары көк туымызға сүртілген еркін елімізді ұлттық, діни, экономикалық, мәдени, ағартушылық сынды түрлі бағыттарда алға жетілдіру – бүгінгі күннің талабы.
Осы орайда елдің қамы үшін жасалып жатқан қызметке қолдау көрсетер ұйымдар керек-ақ. Ал мұндай жүкті көтеруге білек сыбанғандардың бірі – үстіміздегі жылдың мамыр айында коммерциялық емес қайырымдылық қор ретінде құрылған «Уақып» қоры. Жаңа қордың құрылтайшылары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Халықаралық діндер және мәдениеттер орталығы мен Дін мәселелері жөнінде талдау және ғылыми-зерттеу орталығы болып табылады. Қордың жұмысы әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, сонымен қатар, діни бірлестік қызметкерлері жұмысының тиімділігін көтеру және діни мекемелердің қызметін қолдауға бағытталған.
«Уақып» сөзі араб тілінен алынған «қайырымдылық» деген сөзді білдіреді. Қордың ерекшелігі қайырымдылық қаражаттарын жинаумен бірге табыс табумен айналысады. «Уақып» қоры бүгінгі таңда еліміздегі бұқаралық қайырымдылықты дамытып, осы бағыттағы шараларды одан әрі жетілдіре түседі.
Қор қазіргі қалыптасу кезінде демеушілерідің көмегіне арқа сүйеп отыр. Осынау қор арқылы білікті имамдарды ауылдық жерлерге тартуға ынталандыру, жалпы имамдардың жалақысын көтеру, тұрақты болдыру, мешіттердің коммуналдық шығындарын төлеуге көмектесу қатарлы бірқатар қордаланған мәселелерді шешеді деп жоспарланып отыр.
Дін – адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке ұйытатын құдіретті күш. Ал осы дінді халыққа жеткізіп, оны дұрыс ұстануда бағыт-бағдар беріп отыратын дін қызметкері.
Имам дегеніміз – ол ұстаз, тәрбиеші, психолог, сөз шебері, бірлік пен береке ұйытқысы, бір сөзбен айтқанда, діннің айнасы дер едім. Діндарға қарап, дінді танимыз. Имам – арабша «елдің алды, қоғам айнасы, лидер, көсем» деген мағыналарды білдіретін сөз. Бұл қызметтің көтерер жүгі осындай. Бүгінде қоғам діннің адамгершілік құндылықтарына мұқтаж. Ал осындай рухани күйзеліс сәттерінде дін, зиялы қауым өкілдерінің белсенді жұмыстарына үміт артылады. Қамыққанға қамқор болу – ол да мұсылманшылықтың асыл парызы. Халқымыздың біртуар перзенттерінің бірі Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазіргі заман – өткен заманның баласы, болашақ заманның атасы», – дейді.
Бүгінде аталған қор Қазақстанның әрбір облысындағы дін қызметкерлеріне қайырымдылық жасап отыр. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша 7 имамға ай сайын қордан көмек ретінде қаражат бөліне бастады. Алдағы уақытта ауылдық өңірлерде қызмет атқарып жатқан 20 дін маманына осы қордың айлық қайырымдылығы берілмек.
«Дін жолында «сауапты іс» жасау үшін тек қана мешіт салу міндетті емес. Қоғам үшін пайдалы болып есептелетін кез келген игілікті істі жасауға болады. Оның ішінде мектептер, ауруханалар, жол салу, көпір салу секілді қоғамға пайдалы кез келген іс сауапқа жатады... Ал қордың жұмысы аталған мәселені шешуге бағытталған. Ол қайырымдылық жасау жолындағы істерді тиімді жүйеге салуға үлес қосады. Ең бастысы – бәрі ашық және қоғам үшін пайдалы болуы тиіс.
Қоғамның, адамдардың пайдасы үшін жасалған кез келген жақсылық – садақа. Алла тағала қасиетті Құранда: «Жақсылық атаулының қайсыбірін істесеңдер де, Алла тағала оны міндетті түрде біледі» («Бақара» сүресі, 197-аят) дейді. Осындай игі бастаманы қолға алған қордың жұмысы жанданып, көркейе берсін деп тілейміз.
Данияр ЖҰМАБАЕВ,
ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі,
«Һибатулла Тарази мешетінің бас имамы.