Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас

Адал еңбек аздырмас, арамдық бойды жаздырмас

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жұртқа сенбе тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап,

Өзіне сен,өзіңді алып шығар

Еңбегін мен білімін екі жақтап

Абай Құнанбаев

Құран Кәрімнің «Шура» сүресі 27-ші аятында Алла Тағаланың «Егер де Алла құлдарына несібелерін үйіп-төгіп бергенінде, жер беті бұзылып кетер еді» деген сөзін, Шақиқ ибн Ибрахим: «Егер Алла пенделеріне ризық-нәсібелерін көктен түсіріп, өлшеусіз, бейнетсіз тегін бере берген болса, адамзат тіршілікте азып-тозып кетер еді. Алла сол үшін әркімге тиесілі несібесін өлшеп беріп, оны еңбекке байлаған» деп түсіндіреді. ( Танбиһул Ғофилин 320 бет)

Абайдың тілімен айтқанда: «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» - дегендей, еңбекке сүйенбей, біреудің үстінен күн көрудің зардабы аштықпен нәубеттің, қиыншылықтың қайсысынан болса да қасіреті зор. Тоңып емес, тойып секіргендердің алапатын тарихтан да бүгінгі өмірден де көріп жүрміз. Атамыз қазақта «Әкенің малы балаға мал болмайды» деген ұғым бар. Оны түп төркіні де осыған байланысты. Әкесі сияқты бейнеттеніп, малды тебендеп жиып көрмеген бала дүниенің қадірін қайдан білсің?

Еңбексіз маңдай терсіз келген дүние көзді ашып-жұмғанша берекесі ұшып көзден ғайып болмай ма? Әлбетте, әкесі тәрізді еңбек ете білсе: Алла да өз заңдылығына сәйкес әкенің малын да балаға бұйыртар еді. Бұл халық даналығында сақталған өмір заңдылығы, сондай-ақ дініміздің де құндылығы.

Ризықпен нәсібе Алладан екендігі шүбәсіз. Оған сену иман келтіру ақидамыздың бөлінбес негізгі бөлшегі. Жұмысқа не өзіне сүйену, яғни өзім таптым деу жасырын күпірлік. Алланың өлшеп берген ризық нәсібесінен кісі артық дүние жей алмайды. Өмірде өзінен көп жұмыс істейтін кісілер кейде өзіңнен кедей тұрып жатады. Ал керісінше аз жұмыс істейтін кісілер сенен гөрі бақуатты өмір сүріп жатады.

Бұл істің барлығы аятта келгендей Алланың даналығымен іске асып жатқан ғайып тағылымдары. Алайда, қалай дегенмен де кісі нәсібесін Алла заңдылығына сәйкес тек таза еңбекпен ғана таба алады. Сол үшін де ризық Алладан деп сене отырса да, жалқаулық бойкүйездік таныту, адал ризығын талап етпеу, бұл шынайы момынның тірлігі емес. Кісі үстінен күн көруді, дені сау аяқ-қолы балғадай болса да, өзгеге телміріп тіленуді ақырзаман Пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с.) жақтырмаған, тіпті кейде сөгіп те жіберген.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір кіс келіп, мұқтаждығын айтты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) одан: – Сенің үйінде еш нәрсе жоқ па? – деп сұрады. Ол үйінде бір төсеніш барлығын, кейде бала-шағасымен үстіне жамылып, кейде астына төсеніп жататындығын, су ішіп, тамақ жейтін, жуынатын бір ыдысы барын айтты. Алла Елшісі (с.ғ.с.) – Айтқанының барлығын ала кел, – деп бұйырды. Ол алып келеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) ол екеуін қолына ұстап, – Кім менен мынаны сатып алады? – деді. Бір кісі тұрып:

– Мен бір дирхамға аламын – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) – Кім арттырып береді? – деді. Тағы бір кісі тұрып:

– Мен екі дирхам беремін, – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) заттарды сатты да, егесіне:

– Сен бір дирхамды бала-шағана тағам қыл, бір дирхамға балта арқан сатып алда, отын шауып сат, он бес күнсіз менім алдыма келме, – деді. Шындығында (Алла еңбек еткен себептен оның берекесін беріп) ол кісі кейін он күннің ішінде он дирхам ақша тауып, бала-шағасын тағамдандырды, киіндірді. Алла Елшісі (с.ғ.с):

– Қиямет күні тозақ отына күймей кетпейтін қайыршылықтың қара таңбасы басылғаннан осы іс сендер үшін қайырлы емес пе? – деп сөзін аяқтады. (Ибн Мажа № 2198)

Алла Елшісі (с.ғ.с.) өзі табиғатында жалқаулықты сүймеді. Дүние ақырзаман Пайғамбары деп бас иіп тұрса да, өз тірлігін өзі істеді, дүние тіршілігінде бейнеттенді. Себебі, бұл Алланың пенделеріне бұлжытпай жазып қойған заңдылығы.

Шариғаты әртүрлі болса да бүкіл Пайғамбарларға ортақ салып кеткен сара сүрлеуі осы. Дәулеті тасып, патшалық құрып өмір сүрсе де, олардың ешқайсысы бейнетсіз нан жеген емес. Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Ұрлықтан, бейнетсіз күн кешуден аулақ болыңдар. Ақиқатында сендердің аталарың Ибраһим (ғ.с.) мата саудагері еді. (Абу Нағим Хилиа 23/9).

Закария (ғ.с.) ағаш ұстасы еді. (Имам Муслим № 2379) Дәуіт (ғ.с.) әдетінде міскіннің киімін киіп, елдің жағдайын білу үшін патшалығын аралайтын еді. Жебірейл (ғ.с.) бір күні адам бейнесіне еніп, Дәуіт (ғ.с.) алдынан шықты. Ол оның Жебірейл (ғ.с.) екендігін білместен оған:

– Бауырым, Дауд патшаларың туралы не ойлайсың? – деп сұрады. Ол: – Ол өте тамаша жақсы адам, тек бір ғана кемшілігі бар, – деді. Дәуіт (ғ.с.) – Ол қандай кемшілік? – деп сұрады.

– Мемлекет мүлкінен азықтанады. Алла үшін ең сүйкімді құл өз қол еңбегімен күн көргені емес пе? дегенде Дәуіт (ғ.с.) жылап, еңіреген күйінде мешітке кіріп кетті. Алладан: «Ей, Алла, маған кісі қолына қарамайтын, мемлекет мүлкіне мұқтаж болмайтын кәсіпті үйрет. Азығымды тауып, күнімді көрейін» деп ертелі-кеш дұға тіледі. Алла оған Құранда осы жайында: «Расында Дәуіт (ғ.с.) өз жанымыздан ізгілік бердік.

«Ей таулар, құстар! Онымен бірге үн қосыңдар. Және оған темірді жұмсарттық»» дейді. («Саба» сүресі 10 аят). Яғни, Қатаданы түсіндірмесінде, Дәуіт (ғ.с.) темірді балқыту үшін, от жағуда, балғамен ұруда қажет емес еді. Оның қолында темір қамырша иленетін. Сонымен ол күніге сауыт жасап, бала-шағасын, елін де асырайтын дәрежеге жеткен екен. (Ибн Касир Тафсирі)

 Адам мен жынды аң-құсты, жер жүзін билеген Сүлеймен (ғ.с.) да бейнетсіз күн көрмеген. Хишам ибн Ғура жеткізген Айша (р.а.) келген бір риуаятта: Дәуіт ұлы Сүлеймен (ғ.с.) минбарда адамдарға уағыз айтып тұрғанда, қолында себет тоқитын қамысты қолына ұстап тұратын (немесе сол себетті тоқитын басқа бір құралды). Мемлекет ісінен қолы босаған соң, ол оны тоқып, соны сатып, күнін көретін. (Танбиһул Ғофилин 320 бет) Мұса (ғ.с.) да некесін, ішіп-жем тағамын адалдап алу үшін он жыл жалданып жұмыс жасаған еді. (Ибн Мажа №2444)

Құдайшылықтың бірегей үлгісі бола білген асыл Пайғамбарлардан ешкім артық емес. Алладан бейнетсіз тегін ризық жеуге лайықты болса тек Пайғамбарлар ғана лайықты болар еді. Бірақ та оларға да Алла өз қол күшімен еңбек етуді бұйырды. Бұл Алланың адамзатқа ортақ бұзбай жазған заңдылығы. Сол үшін де адал еңбек ету, таза табыс табу, өнер-ғылым үйрену дініміздегі ізгі амалдардың көшін бастап тұрады.

Оның қарама-қарсы жағы масылдық, жалқаулық, еріншектік арамдық қатаң түрде тиым салынады. Сол үшін де осы жаман мінездердің нәтижесі болатын өсімқорлық, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық, т.б осы сияқты күнәлар шариғат шеңберінде ауыр жазаланады. Кісінің адал ризығын іздеуі ол тек өмір қажеттілігі ғана емес, намаз, ораза тәрізді шариғатта сауабы мол құлшылық амалдары ретінде қарастырылады. Асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл тақырыпта кісі қызығарлықтай айтқан тамаша өсиеттерінің біразына тоқталсақ.

«Қайбір кісі (еңбек етпей) өзгеден тіленудің есігін өзіне ашып алған болса, Алла оған пақырлықтың есігін ашып қояды. Ал кімде-кім арын сақтап, сабырлық қылса, Алла оны кеңшілігімен абыройын сақтайды. (Өзгеге мұқтаж қылмайды). Ал кім өзін өзгеге мұқтаж етпесе, Алла оны байытады. Шындығында сендер үшін арқан алып, мына ойпаттан ары асып,т ау жағалай отын теріп, оны базарға бір уыс құрмаға болса да сатқандарын сендер үшін беру бермеуі белгісіз кісіден сұрағандарыңнан қайырлы» (Имам Ахмад риуаясы 417\2)

«Өз қол еңбегімен тауып, ішіп-жеген тағам Алла үшін ең сүйкімді тағам. Еңбектен шаршап-шалдығып жатқан кісі кешірілген күйде ұйықтайды. (Ибн Ғасакир риуаясы Канзул Амал № 9228)

«Кісі кәсіп еткен істерінің ішінен өз қол еңбегімен істеген істен тазасы жоқ. Кісінің өзіне бала-шағасына, қызметшісіне жұмсағаны садақа болып есептеледі». (Ибн мажа риуаясы Канзул Амал № 9229)

Алла Елшісі (с.ғ.с.) сахабаларымен бірге бір жиылыста отыр еді. Бір мығым денелі, сымбатты жас жігіт қастарынан өтті. Мұны көрген Әбубәкір мен Омар:

– Шіркін-ай, мына жас жігіт күш-қайратың Алла жолына жұмсаса сауабы мол болар еді-ау, – деді. Алла Елшісі (с.ғ.с.):

– Егер бұл жігіт қартайған әке-шешесінің қызметінде болса, ол Алланың жолында жүргені, жас балаларының асырау мақсатында бейнеттеніп жүрген болса, ол Алланың жолында жүргені. Тіпті адамдарға масыл болмас үшін өзін-өзі асырау жолында жүрсе де, ол Алланың жолында жүргені. Өзін-өзі көрсету немесе естірту үшін жүрген болса шайтанның жолында жүргені, – деп жауап берді. (Сахих Жамиғ №1427)

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) базарға шығып, өз отбасының қажеттілігін сатып алды. Бұл туралы сұралған кезде, маған Жебірейл (ғ.с.) былай деген еді деді: – Кімде-кім өз отбасын өзгеге мұқтаждықтан тосу жолында жүрген болса, Алланың жолында жүрген болып есептеледі. (Силсалатул сахиха №2232)

«Кімде-кім біреуге масыл болмас үшін, бала-шағасын асырау үшін, көршісіне жұмсақ болу үшін адал ризық іздесе Алла оның қиямет-қайымда жүзін он төртінде толған айдай жарық қылады. Ал кімде-кім адал ризығының өзін мақтаныш, көзбояушылық, көптігіне масаттану үшін іздесе, қиямет күні Алла оны ашумен қарсы алады. (Абу Нағим Әулиелер тізбегі 110\3)

Осы сияқты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) еңбекке баулыған, өнер-ғылымға шақырған басқа да хадистері баршылық. Пайғамбар өсиетін пір тұтып, қолынан қамшысы түсіп кетсе де, өзгені жұмсамай өзі алатын сахабалар және де соларға ұқсаған ізгілер өз дәуірлерінде дүниені бір дүр сілкіндірген еді. Еңбексүйгіштік, талапкерлік, өнертапқыштықтарымен әлемді таң қалдырды. Әлеуметтік мәселелерді, кедейшілікті, жұмыссыздықты, құлдықты жеңді. Біліммен мәдениеттің өркениеттің шырқау шыңына шықты. Бұл кешегі алтын әріппен жазылған Мұхаммад (с.ғ.с.) өсиетін бұлжытпай орындаған үмметтің тарихы.

Пайғамбар өсиетін пір тұтқан атамыз қазақта ұрпақтарына бұл тақырыптарда аз өсиет қалдырмаған. Еңбекпен жеген нан тәтті. Еңбегі аздың өнбегі аз. Еңбек еткен емеді, еңбексіз не өнеді? Еңбеккер ұйқыдан ширап тұрады, еріншек ұйқыдан қирап тұрады. Еңбек ет те егін ек, жарымасаң маған кел. Белді бу да бейнет қыл, байымасаң маған кел. Ұстаның өрісі көрігінен төсіне дейін, шеберді саусағы асырайды. Еріншектің ертеңі бітпес. Жатқанға жан жуымас, жалқауға мал құралмас. Сөз қуған пәлеге жолығар, шаруа қуған қазынаға жолығар, т.б осы сияқты ел аузында сақталған даналықтар қаншама. Сөздің тоқ етері, кісі дүниенің де ахиреттің де істерінде ізгілер жолымен жүріп, өз маңдай теріне сүйенуі қажет. Тек адал еңбегімен шыңдалып, қарыштаған кісі ғана Алланы разы ете алады.

Жаңа ғасырда ел үкіметінің шағын және орта кәсіпті дамытуға қойған жобасына сәйкес, әрбір мұсылман қол қусырып отырмай, адал табыспен таза еңбекке сүйеніп, еліне, отбасына, қала берді, ең болмаса өзіне пайда тигізуі қажет. Кәсіп ашып, ел пайдасына жараса, Алланы да риза қылып, дінің де бүтіндеп, дүниесін де жақсартқан болар еді. «Адал еңбек аздырмас» дегендей, ұрлық, зорлық, жемқорлық, маскүнемділік, нашақорлық, т.б осы сияқты індеттермен азып тозбаған болар едік.

Алла елімізді аман, жұртымызды тыныш қылсын!

А.Р. КЕНЖЕМОЛДАЕВ,

Жуалы ауданының бас имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: