Пайғамбармыз (с.а.у.) миғраж оқиғасынан кейін қағбаның жанына барып, халыққа миғражын айтып береді. Оны естіген кәпірлер оны мазақ етті. «Мұхаммед ақылынан адасыпты» деді. Мұсылман болуға ниеттеніп жүргендер де райларынан қайтты. Кәпірлердің біразы қуанып, Әбу Бәкірдің (р.а.) үйіне барады. Өйткені, оның ақылды, тәжірибиелі және абыройлы саудагер екенін білетін.
Олар: «Ей, Әбу Бәкір! Сен Құдысқа көп барасың. Меккеден Құдысқа барып келуге қанша уақыт кетеді?» – деп сұрайды. Әбу Бәкір: «Бір айдан көп,» – деді. Кәпірлер бұған қуанып: «Ақылды адамның сөзі осындай болады,» – дейді. «Сенің досың Құдысқа бір түнде барып келдім дейді» – деп Әбу Бәкірге (р.а.) құрмет көрсетеді.
Әбу Бәкір (р.а.) Расулаллаһтың атын естіген соң: «Егер ол айтса, дұрыс айтқан, сенемін! Бір сәте барып келген!» – деп ішке кіреді. Кәпірлер не болғанын түсінбей қалады. Сосын: «Әй, Мұхаммед! Қандай сиқыршы едің, Әбу Бәкірді сиқырлап тастапты» дейді.
Әбу Бәкір (р.а) дереу киініп, Расулаллаһтың қасына барады. Топ адамның арасында тұрып: «Ей, Расулаллаһ! Миғражыңыз құтты болсын! Алла Тағалаға шексіз шүкірлік етемін. Бізді сіз сияқты ұлы пайғамбарға қызмет етуге бұйырды. Сіздің жарқын жүзіңізді көріп, көңілді жаулайтын сөздеріңізді естуді бұйырды. Ей, Расулаллаһ сіздің барлық сөзіңіз шын, ақиқат. Мен сенемін. Жаным сіз үшін пида» – дейді.
Әбу Бәкірдің сөзіне кәпірлер таң қалысты. Айтатын сөз таппай тарай бастады. Күмәні бар, иманы әлсіз адамдардың жүрегіне сенім ұялатты. Расулаллаһ сол күні Әбу Бәкірге «Сыддық» деген ат тағайындады.