Сіз де осылай жасайсыз ба? Бірақ бұл – ілімсіздік!

Сіз де осылай жасайсыз ба? Бірақ бұл – ілімсіздік!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ілімсіздік залалының басты зияны адамды таассубқа (бір жақтылық) итермелейді және бұның ақыры күпірлікпен айыптауға жетелейді. Сол себепті тарихта болғандай, қазіргі кездегі мұсылмандардың басты дерті мәселені жетік түсінбестен, яки ғалымдардан сұрамастан, пәтуасына жүгінбестен нәпсіге беріліп, таассубқа бой алдырады. Алдымен, таассубтың себептері мен зияндылығына тоқталайық.

Таассуб дегеніміз – бір пікір мен көзқарасқа, яки бір адам мен жамағатқа көзсіз сену, жақтау. Діндегі таассуб болса, пікір мен пәтуаларда дұшпан болатындай дәрежеде ешкімді тыңдамастан адасушылыққа түсу.

Алайда қоғам ішіндегі ортақ мәселелерді қорғап, сөзін сөйлеу таассубқа жатпайды. Сонымен қатар ақылмен шешілген, дәлелдерге сүйенген мәселелерде жанашырлық таныту, ислам ғалымдары тарапынан дәлелденген діни мәсеелелерде ешқандай күмән келтірмей, күдіктенбей, байсалдылықпен орындау, таласпау таассуб емес. Алайда қолында ешбір дәләлі немесе қабыл ететіндей негізі болмастан қайсыбір мәселеде жарыққа ұшқан көзсіз көбелектей сеніп, сенімінде табандылық танытса, онда ол таассуб.

Ілімсіздік негізінде өрбіген және шексіз нәпсіқұмарлыққа берілуден туындаған таассуб қоғамның әлеуметтік мәдени және экономикалық дамуына бірден бір кедергі болмақ. Мысалы, тарихқа көз жүгіртсек, исламда кері ағым болып саналған топтар негізінен осындай кемшіліктен туындаған еді. Яғни, Құран тілімен айтқанда, көзі бар ақиқатты көрмейді, құлағы бар ақиқатты естімейді, тілі бар ақиқатты айтып мойындамайды. Тарихта харижит атымен шыққан ағымның ең басты кемшілігі Құран оқып, жатқа білгенімен, күндіз ораза ұстап, түнде нәпіл намаз оқығанымен, білімсіздігі мен таассубы шектен шығуға себеп болды.

Мұсылмандар тарапынан сайланған халифа Хз. Әлиге және оның сапында жүргендерге қарсы шықты. Уәждері адамның емес, Алланың үкімімен жүру деп өз пәтуаларында табандылық танытты. Яғни, 657 жылы Хз. Әли мен Хз. Муғауия арасында соғыс болады.

Соғыстың ақыры екі жақтың келісімімен аяқталады. Міне, осы келісімге келісіп, төрешілердің әділ төрелігін қабыл етуге көнген Хз.Әлиді күпірлікте айыптайды. Сөйтіп, Хз. Әлиден бөлініп шыққандықтан «бөлініп шыққандар» мағынасын білдіретін «харижит» атауын алады. Харижиттер негізінен бәдәуилерден құралып, Хз.Пайғамбарымыздың айтқанындай, Құран оқиды, бірақ оқыған Құрандары көмейлерінен ары кетпейтін надан сауатсыз жандар еді. Өз нәпсілеріне беріліп, тек өздерінің жолын дұрыс, өзгенікін бұрыс деп санады.

Ақырында, тыныш жатқан елді кәпірлер деп айыптап, елді мекендерді шапты. Мұсылманның жанын адал, малын олжа, бала-шағасын құл деп санап, таассубқа берілді. Міне ілімсіздіктен туындаған таассубтың ақыры тыныш жатқан қоғамға өз залалын тигізді. Алайда азғындаған, шектен шыққан мұндайлар мұсылман халықтың ашу-ызасын тудырып, ақырында Хз. Әлидің өзі бастап харижиттерге күйрете соққы берді.

Ілімсіздіктің ақыры мынадай себеп-салдар нәтижесінде таассубқа ұласатындығын ұмытпайық:

 1. Имандай сену: яғни қоғамда абыройлы кейбір кісілердің пікірлерін ешқандай талқыламастан қабыл етіп, оларға имандай сену. Асылында, бұлай әрекет ету Исламға қайшы, өйткені ислам ақли, нали дәлелдерге сүйенеді. Олай болса, айтылған мәселенің дәлелдерін және шындыққа қаншалықты жанасатынын ізденіп барып, қабыл ету керек. Егер ол кісіге сенгендігі үшін қабыл етсе, онда таассубқа түседі.

2. Ілімсіздік: Исламның негізгі мәселелері болған ақида, ғибадат және ахлаққа байланысты ережелерді білмеген, Хз. Мұхаммед пайғамбарға үммет болудың не екендігін толық түсінбеген, білмесе де білетін адамдай өз білгендерін діни үкім деп санап, дәлелдеуге тырысу – адасушылық.

 3. Білетін кісіден сұрамау: Бір кісі өзі білмейтін мәселені маманынан сұрамастан басқа біреуден сұрап, соны дәлелдеуге тырысу адасушылыққа жетелейді. Ал Құранда былай дейді: «Егер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар». Сол себепті білмеген діни мәселені білетін маманынан сұрау қажет.

 Нәпсіге беріліп, пәлен айтты деу дұрыс емес. Бірде яхудидің бірі имамды сынамақшы болып, көпшіліктің алдында: «Осы сендердің Құрандарыңда барлық нәрсе жайында айтылыпты ғой. Сол рас па?», - дейді. Имам: «Иә, Құранда барлық нәрсе жайында айтылған»,- дейді. Сонда яхуди: «Олай болса, қазір бір сұрақ сұрайын. Құран не дейді екен?»- деп, анадай жерде бір қап нан арқалаған наубайшыны нұсқап: «Анау наубайшының қабында қанша нан бар? Құранда не айтады екен?»- деп, жерден жеті қоян тапқандай сұрақ қояды. Құранда ол жайында ештеңе жоқ екендігіне сенімді болып тұрады.

Имам болса әлгі наубайшыны шақырып, қабында қанша нан бар екендігін сұрап, яхудиге тиісті жауабын бергенде, яхуди: «Мен сізден наубайшыдан сұраңыз дегенім жоқ. Құранды ашып, бұл жайында не айтылғанын сұрадым»,- дейді.

Сонда имам: «Құранда Алла Тағала: «Білмесеңдер білгендерден сұраңдар»- деп бұйырған. Сол себепті наубайшының қабында қанша нан бар екендігін біл- мегендіктен наубайшыдан сұрадым»- деп жауап береді. Яхуди айтарға сөз таппайды.

4. Адам өзін үлгі етіп көрсетуі: Бір кісі тек өзінің болмы- сына, жаратылысына, мінезіне сай келген пікірді, яки мазхабты дұрыс, өзгелерін бұрыс деп, өзін үлгі етіп, нәпсісіне берілуі таассубқа жетелейтін себеп. Яғни, ақиқатты көрмейтін ілім мен даналықтан мақрұм пенделер қоғамда іріткі салудан басқа пайдалары болмайды.

 5. Жеңіл жағын алу: Діни аңыз-әңгімелерге, наным- сенімге сеніп, ақиқатты іздемей, білгенін исламның негізі деп қабылдаушылар да адасушылыққа түседі. Сол секілді өзінің ыңғайына келген әр мазһаптың пәтуасын теріп амал ету. Айталық, қыс мезгілі болса, ислам жеңілдік діні деп дәрет кезінде аяқ жумастан жұқа шұлыққа мәсх тарта салу.

6. Жеке пікірге сену: Діни мәселелерді шешу үшін исламның негіздеріне сүйенбестен, жүгінбестен бір адамның айтқан пәтуасын негізге алып, ұстану да таассуб. Себебі, ислам қияметке дейінгі соңғы дін болғандықтан заман талабына сай мәселеге пәтуа шығару ғалымдардың ғылыми мәжілістерінде шешіледі. Сол секілді күн сайын өзгеріп отырған қоғам тіршілігінде кейбір мәселелер адамдардың түсінетін әдісімен көркем түрде жеткізілуі тиіс. Ислам діні – ақылды дұрыс қолдануды талап ететін дін. Құран ақли және нақли дәлелдер арқылы адамдарға жол көрсетеді.

 Құран ілім иелері мен көзі ашық, ақылын әдемі қолдана білген пендені мақтайды. Қате сенім, пікір мен нәпсіге ергендердің ақыры жаман болатындығын мына бір аятта баян етеді: َМенің тура жолым осы. Сол жолмен жүріңдер, бұрыс жолға түспеңдер. Олар сендерді құдай жолынан тайдырады. Тозақтан сақтануларың үшін Аллаһ осы істерді өсиет етеді де». Өкінішке орай, кейбір пенделер ілімсіздіктен нәпсіге еріп, яки біреудің сойылын соғып, өзгелерге зиянын тигізіп жүргенінен хабарсыз. Пайғамбарымыз бұл жайында былай деді: «Ойыңыз бен нәпсіңізге берілуден сақ болыңдар. Өйткені бұл құлақты керең, көзді соқыр етеді». «Ең азғын дұшпаның екі жаның арасындағы нәпсің».

 Аятта мұндай адасушылықты былай деп баяндайды: «Өз қалауы бойынша қолдан тәңір жасап алғандарды сен көрдің бе? Ал соларға сен кепіл бола алар ма едің?». «Кім шектен шығып кетсе, пәни дүниені артық санаса, оның мекені сөзсіз тозақ болады. Ал тәңірі алдында сұраққа тартылудан қорыққандарға пәни дүниенің нәпсісіне еруден өзін тыя білгендерге келсек, олардың орны жәннат болатыны анық».

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: