Жаман әдет жақсы ат әпермейді!

Жаман әдет жақсы ат әпермейді!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бірде ақылы жұрттан асқан Платон көшеде жүріп бұзақылық жасап тұрған бір баланы ұстап алып ұрсыпты. «Мені болар-болмас нәрсе үшін сонша жазғырғаныңыз қалай?» – деп томсырайған баланың иығына қолын қойып тұрып данышпан: «Жаман дағдыға ешқашан елеусіз қарауға болмайды», – деп ескерткен екен

Жай уақытта көпшілік аса мән бере бермейтін дағдының адам өмірінде алар орны ерекше. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» демекші, адам – өз ортасына тез бейімделгіш, көрген жағымды-жағымсыз қасиеттерді бойына тез жұқтырып алатын болмыс. Осы орайда әсіресе жағымсыз әдеттің адамға кері әсері мен одан қалай арылудың жолдарын сөз ету әңгіме етуге тұрарлық мәселе.  

Жаман әдет деген не?

Жаман әдет дегеніміз – сырт көзге ұнамсыз, моральдық этика нормаларына сай келмейтін, адамның жеке басына (денсаулығына, беделіне т.б.) кері әсерін тигізетін, жиі қайталанатын, соңы көп жағдайда зор өкінішке ұласатын аса жағымсыз қылықтар. Айталық, темекі, арақ, есірткіге құмартушылық, өтірік айту, жамандау, өз ісінің емес, өзгелердің қателігін қазбалау, ауызды балағат сөзге үйрету, екі кісіні шағыстыру, қызғаныш, қолын сұғанақтықтан тыймау, сұраншақтық, ең аяғы түкіре беру т.б.

«Жаман әдет – жұқпалы»

Нашар әдет қайдан жұғады? Нашар әдет күнделікті араласқан адамдардан, дос-жарандардан, қоршаған ортадан, көрген бейәдеп бейнефильмдерден т.б. жұғады. «Әр сәби өмірге күнәдан таза болмыспен келеді» деп хадисте айтылғандай, адамның сәби шақтағы пәк болмысы есейе бастаған шағында жақсы-жаман орталарға тап болуына байланысты өзгереді. Әсіресе жасөспірімдік әрі жастық шақта еліктеушілік қасиеті басым тұрады. Бұл уақытта «Бір рет сынап көргенде тұрған не бар?», «Мен одан қалаған уақытымда бас тарта алам» деген жеңсік ой көп адамның алдануына әкеліп соғады. Шын мәнінде «Бір еткеніңді екі етерсің. Екі еткеніңді үш етерсің. Үш еткеніңді әдет етпей не етерсің?!» демекші, екі-үш рет қайталанған істің әдетке айналғанын адам сезбей қалады. Бастапқыда ескермегендіктен, одан құтылу барған сайын қиындай түседі. Бұл турасында мына бір ғибратты әңгіменің мазмұны адамға ой саларлық:

Бір жас жігіт жаман әдеттерінен арылудың жолын сұрап бір данышпанға барыпты. Данышпан кісі оған: «Сен ана бір жас шыбықты суыршы», – депті. Ол қиналмай-ақ суырып алыпты. Енді одан жуанын суыруын тапсырыпты. Ол досын көмекке шақырыпты. Ал одан да жуан ағашты көрсеткен екен, көп адам жиналып ырғаса да, оны орнынан қозғалта алмапты. Сонда данышпан: «Көрдің бе? – депті, – жаман дағдыдан бастапқы кезде құтылу жеңіл. Ол кезде оған өзіңнің де шамаң жетеді. Кейіннен достарыңды көмекке шақырасың. Ал нашар қылықты көп уақыт қайталап, ол қанға әбден сіңгенде, көмекке қанша адамды шақырсаң да, бәрі кеш болады», – деген екен.

Жаудың ұсағы да – жау

Кей жағдайда өмірде ұсақ нәрселердің еленбеуі, кейін уақыт өте келе адамға опық жегізіп, сан соқтыртып жатады. Асылында алғашында аса көзге ілінбейтін нәрселерге де мән беріп қарап жүрген дұрыс. Алаштың ардақты азаматы Ахмет Байтұрсынұлының ұлағатты сөзі бар:  «Кiшкене кiлттің үлкен сарайға жол ашатыны сияқты, үлкен iске көбiне жай iстерден бастау алады, кiп-кiшкене ұшқыннан үп-үлкен өрт шығады». Расында, сарай қаншалықты зәулім болса да, оған кіп-кішкене ғана кілт жол ашады емес пе? Тұтас ормандарды алып кететін үлкен өрт те, қып-қызыл шоқтың майда ұшқындарынан пайда болмай ма? Олай болса, кілтке де, ұшқынға да көңіл бөлмеуге бола ма?

Бұған мысалдар жетерлік.

Бір патша: «Кімде-кім ормандарымнан бір бұтақ кесетін болса, мен оның басын кесемін!» – деп жар салыпты. Неге? Өйткені, бүгін бұтақты кескен адамның ертең ағашты да кесуден тайынбайтынын жақсы білген. Былайша айтқанда, бүгін түйме ұрлатқан жаман дағды ертең түйе де ұрлатуы мүмкін деген сөз.

Шынында да өмірде ұсақ нәрселердің маңызын ешкім жоққа шығара қоймас. Айталық, көз кіп-кішкене болғанымен, адам үшін қандай орасан зор қызмет атқарып тұр? Керек десеңіз, бармақтай көзге тау да, тас та, аспан да, қара жер де – бәрі сыйып тұр емес пе?

Кіп-кішкене тас үлкен әйнекті күл-парша етеді...

Кішкене у қосылған суды іше алмайсыз...

Меңдей ғана дәрі меңдеген дертіңізге шипа болады...

Тышқан қазған інге ат сүрініп кетуі мүмкін...

Кішкене ғана тесігі бар қайық суға батады...

Мылтықтың кішкене ғана шүріппесін ойланбай басып қалу...

Демек, «Зор дұспаннан қандай сақтансаң, ұсақ жаудан да сондай сақтан» деген Шәкәрім бабамыздың сөзімен еріксіз келісесіз.

Нашар әдеттің нашарлығы неде?

Нашар дағды – тәрбиесіздік пен мәдениетсіздіктің көрінісі. Ол – адамның абыройын төгіп, көп жерде ұятқа қалдырады. Басқалардың өзінен бойды аулақ салып, жиіркене қарауына себеп. Айталық, үнемі өтірік айтатын адамның шын сөзіне де халық күмәнмен қарап, сенбейтін болады. Аузы балағат сөзге үйренген адам да сыртқа өз тәрбиесіздігін байқатады. Жиі түкіріне беру де өзгелердің жиіркенішін тудыратын жаман әдеттердің бірі. Хадисте қарғысқа ұшырайтындардың қатарында қоғамдық орындарды былғайтындардың айтылғанын әрі жөнсіз түкіріктің де күнәға жататыны ескертілгенін назарға алсақ, ел жүретін жолға қалай болса солай былш-былш түкіріп кете баратындардың қаншалықты нашар қылыққа бой алдырғанын шамалауға болады. Ғылымдағы мәліметтер бойынша, бір грамм түкірікте 100 млн бактерия кездесетіні белгілі. Олай болса, түкіріне беретіндер ортаны ластап, қаншама ауру да таратуда. Міне, көрдіңіз бе, бір ғана жаман әдеттің зияндығы қандай?! Бұл тұста көрші Қытай елінде арнайы қоқыс жәшігіне емес, ел жүретін көшеге, жерге түкіретіндерге мың юань айыппұл салынатындығы үлгі аларлық.

Статистика не дейді?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйғарымы бойынша жылына сегiз литр алкоголь пайдаланған жан дені сау адам деп есептелмейді. 2005 жылы әлем бойынша үздіксіз есірткі пайдаланатын 52 миллион адам тіркелген. Бұл ғаламшар тұрғындарының бір пайызын құрайды. Ал 2008 жылғы мәліметке сүйенсек, олардың саны жүз миллионға жетіп үлгеріпті. Ғалымдар ұл балалардың 55 пайызының, қыздардың 82 пайызының ағзасы героинды алғаш қолданғаннан кейін-ақ оған тәуелді болып қалатынын айтуда.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптамасы бойынша жол апаты жағдайларының басым бөлігі ішімдіктің кесірінен көрінеді. Орыстың әйгілі физиологы И.П.Павлов 20-30 г. арақ немесе бір саптыаяқ сыра 10-40 минут ішінде адамның ойлау қабілетін 17 пайызға төмендетінін дәлелдеген. Маскүнемдікке шалдыққандардың 60-70 пайызының балалары да алкогольге бейім келетін болса, маскүнем аналардан туған нәрестелердің 12 пайызының миы дамымай, жарымес болып қалады.

Бүгінде жер шарында 1,2 млрд. адам темекі шегетін көрінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) дерегі бойынша, 1997 жылы темекіден 3 млн. адам қайтыс болған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 33 пайызға өсіп отырған. Ғалымдардың айтуынша, өкпе рагы ауруларының 90 пайызы шылым шегетіндердің үлесінде.

Бүгінгі күні қоғамдық індет болып отырған бұндай кеселдердің бәрі де о баста жаман әдетті жұқтырудың салдары екені белгілі. Өйткені, жаман әдетке бір берілген адам маңдайы тасқа тиіп, аяғымен шоқ баспай ештеңені бажайлай алмайды. Бұл тұста «Жаман дағдыдан құтылу қиын. Қанша қиғаштық болса да жалғаса береді. Жақтырмау, ұнатпау, қаламау, ашулану – бәрі жиылса да оған ешкім ештеңе істей алмайды. Ол тіпті қорлық пен жек көруге де шыдайды» деген Гетенің сөзінде шындық бар дейсіз.

Жаман дағдыға берілмеу үшін не істеу керек?

Исламдық тұрғыдан кеңес берер болсақ, бірінші кезекте

 «Адам баласы осал жаратылды»[1], – деп Құранда айтылғандай, әр адам өзінің осал тұстарын жақсы білуі тиіс. Яғни, «мен қателеспеймін» деген ойдан барынша аулақ болуы керек.

Мұқағали ақынның:

Сүрініп кетпе!

Сүрініп кетсең болғаны,

Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.

Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы.

Аңдамай басып,

Сүрініп кетсе болғаны, – деп жырлағанындай, өмірде сүрініп кетудің аяқ асты екенін үнемі қаперде ұстап, иманын күшейтіп, өзіне үнемі құдіреті шексіз Аллаһтан медет, жәрдем тілеп жүруі қажет.

Бұған қоса, «Бойыңда бір жаман дағды пайда болғанда, онымен бүгін күреспесең, ертең күреспейтін боласың. Сөйтіп ертеңнен-ертеңге қалдырып жүргенде, тіпті оның нашар екенін сезінуден де қаласың. Күнә істеп тұрғаныңды да байқамайтын күйге түсесің» деп батыстық ойшыл Эпиктет айтқандай, жаман әдеттің жолына тосқауыл қоярда  уақыт оздырмау қажет.

Жаман әдеттің соңы неге ұрындыратынын байыптап, тигізер зардабын жақсы білу керек.

Өзіне сын көзбен қарауды күшейтіп, рухани ілімін молайтып, шайтанның азғыруына жол бермеудің амалдарын жасау да маңызды. «Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» демекші (Абай), ол үшін жұмыссыз бос отырмау қажет.

Жақсылардан үлгі алып, ұнамды әдеттерге ғана еліктеуге дағдыланған жөн. Жаман әдетті бастапқыда оңай бастағанмен, соңында одан оңай құтыла алмайтынын ескеру керек.

Жаман достардан алыс жүру де жаман әдеттен бойды аулақ ұстауға жатады.

«Қателескендердің ең жақсысы – дереу тәубе еткендер»[2], «Мінез-құлықтарыңызды түзеңіздер»[3] деген хадистерді басшылыққа алу, салиқалы ғұмыр кешу жолында қиғаш тартқан қиялдардың жетегінде кетпеуіңізге септігін тигізеді.

Сөзіміздің тобықтай түйіні – «жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену». Өйткені дағды – адам баласына жақсы қасиеттерді үлгі етіп, бойына сіңіру үшін берілген қасиет. Нашар қылықтарға үйір болғандар өмір бойы орны толмас өкініштерге ұрынып жатса, ал жақсы қасиеттерді үлгі еткендер екі дүниеде де сый-құрметке бөленбек.

Құдайберді БАҒАШАР, дінтанушы

 

 

[1] «Ниса»  сүресі, 28-аят.

 

[2] Тирмизи, Сыфатүл-қиямет, 49.

 

[3] Ғазали, Ихияу-улумуддин, 4/74.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: