ЕЛ БІРЛІГІ – БАРША ТАБЫСТАРЫМЫЗДЫҢ КІЛТІ

ЕЛ БІРЛІГІ – БАРША ТАБЫСТАРЫМЫЗДЫҢ КІЛТІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

18 қазан –Рухани келісім күні 

Бейбіт сүйгіш қазақ халқының сан ғасырлардан бергі тарихында аты аңызға айналған ел бастаған хандар мен билері, батырлары елдің амандығын, тыныштығын сақтауға мол үлесін қосқаны мәлім.

Осы игі үрдіс қазіргі жаңа ғасырда да өз жалғасын тауып, әлем алдында Қазақстан досқа қамқор, дұшпанға кешірімді, көршілерге мейірімді ел екендігін дәлелдеп келеді. Осы аяулы арман, асыл мұраттың аясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарапынан ауқымды саяси қадам-дар жасалып, бейбітшілік пен достықты нығайтудың жарасымды үлгісі қаланып жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев биылғы жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды», – деді.

Бүгінде Қазақстан – бірлігі жарасқан, мейманасы тасқан, атағы әлемге асқан мемлекет. Жүз отыз ұлт баласы қазақ шаңырағының астында жиналып, дүрдараз болмай, дүрлікпей, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Татулық, бірлік, береке, ынтымақ әр елде бола бермейді.

Оны әлемнің әр тарапынан ақпарат жеткізіп отырған көк сандықтан көріп отырмыз. Қазақ елі осындай игіліктерге толы жұрт. Кей кездері бір әулеттің балалары сөзге келіп, біріне-бірі өкпе артып жатады. Діні бөлек, ділі басқа халықтарды бір мемлекетте ұйытып отырудың өзі үлкен күш. Бір-бірімен тіл табыстырып, алакөз қылмай, достықты сақтап қалу үшін қазақ билігі талай ауқымды шараларды, беделді бастамаларды қолға алды. Осынау көп ұлтты тұрғындардың «Қазақстан» атты бір шаңырақ астына топтасуы ұлт Көшбасшысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сұңғыла саясаткерлігі һәм тәуелсіз елімізді әлемдегі дамыған, өркениетті елдердің қатарына қосу жолындағы сындарлы қадамдары жағдайында мүмкін болып отыр

«Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен «Жастар – біздің болашағымыздың тірегі» дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыз-дың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!», – деді Елбасы Жолдауында. Шындығында, бүгінгі күні көпұлтты тәуелсіз Қазақ еліне дүниежүзіндегі көптеген елдер қызыға да қызғана қарауда. Себебі жүзден астам ұлт пен ұлыстардың береке-бірлігі мен ынтымағын жарастыра білген ел әлемде кемде-кем.

Өзара ынтымақ пен татулыққа, сүйіспеншілік пен қолғабыс көрсетуге шақырып, бөлінушілік пен дұшпандықтан сақтандыратын Ислам сияқты дін жоқ. Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері мұның айқын дәлелі. Мәселен, Ұлы Алла Құран Кәрімде бізді бірлік пен ынтымаққа шақыра отырып, былай дейді:

«Барлықтарың Алланың жібіне (дініне) жармасыңдар, сондай-ақ өзара бөлінбеңдер» («Әли Ғимран» сүресі, 103-аят). Ал сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с.): «Мүміндер кірпіштерден қаланған бір ғимарат іспеттес», – дей отырып біздер үшін бірлік пен ынтымақтың қаншалықты маңызды екендігін білдірген.

«Бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. «Қазақстан, тек алға!» атты біздің басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!», – деді Елбасы. Біз мұны терең ұғы-нып, әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетті адал атқарып, Елбасы Жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясына бірігуіміз қажет. Қазіргі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы 470 ұлттық-мәдени орталықты біріктіріп отыр. Бұл – елімізде жүргізіліп отырған сындарлы саясаттың нақты нәтижесі.

Сондай-ақ, Ислам діні әрбір ұлт өкілдеріне құрметпен қарап, ешкімді ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап ажыратып бөлмейді. Алла Тағаланың алдында ешкім ешкімнен артық емес, егер қандайда бір артықшылық болатын болса, ол тек тақуалықпен ғана өлшенеді.

Бұл туралы Құран Кәрімде: «Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-бірлеріңді тану-ларың үшін ұлттар мен ұлыс-тарға бөлдік. Расында, Алла алдында ең абыройлыларың тақуаларың (Алладан шынайы түрде қорыққандарың). Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан хабардар», – деп баяндалады («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Елімізде бірліктің болуы аса маңызды. Бүгінде дініміз Исламның қай мәзһабын ұстанатынымыз бізге анық. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанған, ұлттық құндылықтарымызбен біте қайнасып кеткен Әбу Ханифа мәзһабын ұстануымыз халқымызға тек жақсылық әкеледі. Қазіргі таңда Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы бастаған дін сала-сының білікті қызметкерлері дін мен дәстүр арасындағы сабақтастықтың тереңнен тамыр ала-тындығын ұтымды әрі өте жақсы насихаттауда. Бұл құптарлық әрі қуантарлық іс. Рухани бірлікте болу тәуелсіз еліміздің іргесін ны-ғайта түсетіні сөзсіз.

Біз Елбасы Жолдауындағы биік мақсаттарға қол жеткізу үшін өз-өзімізді ұдайы шыңдап, рухани, адамгершілік қасиеттерімізді жандандыра түсуге міндеттіміз. Бүгінгі таңда қасиетті де хақ дініміз – Исламды уағыздаушы әрбір адам және Тәуелсіз еліміздің қамын ойлаған әрбір ұлтжанды азаматтың басты мақсаты – бірлік, ынтымақ, сүйіспеншілік пен өзара татулықты орнату болуы керек. Бөлінушілік пен кикілжіңге, адамдар арасын бұзатын, ауызбіршілікке нұқсан келтіретін, сыртқы дұшпандық пен ішкі араздыққа алып баратын істердің алдын алуы қажет.

Ауызбіршілік, ынтымақтастық пен рухани сыйластықты сақтаудың қаншалықты маңызды екенін түсіне отырып, алдыңғы буын ұрпақ болашаққа бай да салиқалы мұра қалдыру үшін әркез бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінгі заманымызды сақтап қалуға тырысуға тиіс. Қазақстанның біртұтас халқын құрайтын түрлі ұлт өкілдерінің конфессияаралық және мәдени келісімін, достық қарым-қатынасын нығайтуға ба-ғытталған Елбасының жүйелі саясатын бүкіл халық болып әрқашан ерекше құрметпен жүзеге асыру – біздің парызымыз. Қазақстан халқының бірлігі – еліміздің баға жетпес байлығы екенін ешқашан естен шығаруға болмайды.

Сондықтан да жүрегінде шы-найы иманы бар мұсылман адам іріткі фитнаға алып баратын іс-әрекеттерді жасамауы, ондай істерден әрқашанда алыс тұруы қажет. Бұзақылыққа, бүлікке, ел тыныштығын бұзатын жәйттерге ешқандай да жол бермеуі тиіс. Бір елде тұрып нанын жеп, суын ішіп отырғандықтан, бір-бірімізге әрдайым құрметпен қарап өзара жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек.

Өйткені, Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шын мәнінде, мүміндер бір-бірімен бауыр, сондықтан бір-біріне ренішті болған бауырларыңды татуластырыңдар. Алладан қорқыңдар», – деп бұйыруда. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Сіздер иманға кел-мейінше жұмаққа кіре алмайсыздар. Ал бір-бірлеріңізді жақсы көрмейінше иманға келе алмайсыздар», – делінген.

Жақсы көру дегеніміз – өзің үшін пайдалы болғанды өзгелерге де қалап, өзің үшін зиянды болғанды өзгелерге де қаламау, тіпті, өз мүддеңнен өзге бауырларыңның мүддесін үнемі жоғары ұстау екенін әрбір мұсылман адам жақсы түсінеді.

Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын, халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері дүрдараз болмай, бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқан бүгінгі берекелі тіршілігін Жаратушы Иеміз мәңгілікке сүйіндіруді нәсіп етсін. Әумин.

Нариман ИСЕНОВ,

ҚМДБ-ның Павлодар облысы  бойынша өкіл имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: