Адам баласы қоршаған ортадағы көптеген жағдайларға көзі үйреніп, қалыпты нәрсе сияқты қабылдап, баршасы бізге түсінікті сияқты көрінеді. Бірақ қалыпты өмірлік жағдайлардан тыс әртүрлі шытырман оқиғалар, йә болмаса біз үйреніп қалған тәртіптен тыс тылсым дүниелер әрбір адамның өмірінде орын алатыны хақ.
«Барлық мақтау бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға тән» ( Фатиха сүресі, 2 аят), осылай басталатын алғашқы сүренің аятынан бізден басқа әртүрлі әлемдердің барлығын түсінеміз. Бұған біз жындар әлемінде қоса аламыз. Жындар біздің көзімізден бойтаса болғандықтан, олардың болмысын – нақты яки ғылыми тұрғыдан саралап түсіндіруге келмейді. Десек те, негізгі салмақты дәлелдер мен нақты мәліметтерді Құран аяттары мен сахих хадистерден аламыз. Ал, аят пен хадис олардың нақты бар екендігін растайды. Тіпті Құран Кәрімде өз алдына «Жын» сүресінің бар екендігі баршамызға мәлім.
Жындар да адамдар секілді мұсылман, кәпір, жақсы, жаман болып бөлінеді. Аятта бұл жайында былай дейді: «Біздің арамызда мұсылмандар да, туралықтан адасқандар да бар. Сонда кім мұсылман болса, ал міне солар туралықты іздейді» (Жын сүресі, 14 аят). Жындардың түрлі бейнелер мен пішіндерде көріне алатын қасиеті бар. Олар аса ауыр істерді де істеуге қабілетті. Алла Тағала жындарды Сүлеймен пайғамбардың құзырына бергенде, Сүлеймен пайғамбар оларды адамның шамасы келмейтін алуан түрлі ауыр жұмыстарға жұмсаған болатын.
Құран Кәрімде бұл мәселе жөнінде: «Олар, Сүлейменнің (Ғ.С.) қалауынша, құрылыстар, мүсіндер, көлдей ыдыстар және орнатылған қазандар жасайтын еді...» («Сәбә» сүресі-13 аят) деген жолдар бар.
Ежелде жыннан қорқып, олар жайлы шындыққа жанаспайтын түрлі әпсана-ертегілер шығарылған. Асылында, тарихы терең ауыз әдебиетіміздегі дию, пері деген атаулар парсы тіліндегі «жын» сөзінің баламасы. Сондықтан жын, дию, пері деген сөздер көбіне бір мағынада қолданыла беретіндігін айта кеткен орынды.
Құран Кәрімде: «Адамдардың ішіндегі кейбір кісілер жындардың ішіндегі кейбір еркек жындардан пана сұрап, олардың менменсіп, басынуларын арттыратын еді»,- («Жын» сүресі, 6-аят)деген аят бар.
Оның мәнісі, арабтар жазық далаға келіп, түнемек болады да, сол маңайдағы жындардың үлкенінен пана сұрайды. Есірген жындар оларды ақылдан адастырады. Иә, жын адамға зиян тигізуі мүмкін. Жындар көбінесе, лас және таза емес орындарда, айдала мен шөл далада жүреді. Күн батқанда жер бетіне тарала бастайды. Алла Тағала қалауымен, олардан қорғану үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен таңғы және кешкі сүннет дұғаларды оқып жүру қажет.
Құран Кәрімде: «Ақиқатында, оның (шайтанның) билігі оны өзіне дос, қамқоршы тұтатындарға және онымен серік қосатындарға ғана жүреді», («Нахл» сүресі, 100-аят) дегендей жын өзін мазалаған адамға жамандық етеді.
Мәселен, кірдің суын немесе ыстық суды есік алдына немесе көшеге төге салу, айдалада ұйықтап қалу, күл-қоқысты басу, елсіз жерде түнделетіп жүру, малдың сүйегін тебу, үнемі күнә жасап жүру және сиқырланып қалу сияқты себептермен жын тиюі мүмкін. Қазақтың «күл баспа», «кірдің суын жолға төкпе», «түнде жүргенде «бисмилла» айтып жүр», «шошынып қалсаң «бисмилла» де» деген сияқты сөздер айтуының сыры да осында жатыр.
Ал енді, осы жындардың адам баласына зиянын тигізе алмас үшін әрине қуатты иман керек екені айтпаса да түсінікті, әуелі сенімімізді нықтап, құлшылығымызды құлшынып қылған жөн. Яғни, құдіретті Алла Тағалаға сөзсіз иланбақ міндет. Бүкіл әлемді кемелдікпен жаратқа Алла, өзінің сүйіп жаратқан құлдарын адамзат баласында жындардың кесірінен сақтану жолын да паш еткен. Жындардан сақтанудың жолдары тек Алланы үнемі еске алып, қасиетті Құраннан сүрелер оқу, намаз оқу, халал ас ішіп, жамандықтан аулақ болуды қажет етеді.
Жындардан сақтану жолдарының біразын тізбектей кетсек:
1. Таң намазынан кейін 100 мәрте «Лә иләһа иллә-Ллаһ, уахдаһу лә шәрика ләһ, ләһул-мулку уа ләһул-хамд, уа һууа ‘алә кулли шәй-ин қадир».
(Жалғыз, серігі жоқ Алладан басқа құлшылыққа лайықты ешбір құдай жоқ! Бүкіл билік және мақтау Оған тән, әрі Ол бүкіл болмыс үстінен құдіретті), - деп айтыңыз, өйткені Алла елшімі (с.ғ.с): «Осы дұғаны айтқан адам он құлды азат етіп, амал кітәбіна он жақсылық жазылып, он жамандығы өшіріліп, шайтанның кесірінен кешке шейін қорғауда болады. Осы дұғаны көбірек айтқан адамға ғана оны ізгілікте озады» деген.
2.Дәретті болу.
Дәретпен жүрген адамға сиқырдың әсері болмайды. Өйткені, оны Рақымды Алла жіберген періште қорғап тұрады. Ибн Аббас, (Алла оған разы болсын) риауят еткен: «Пайғамбарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деді: «Денелеріңді жуыңдар, сонда Алла сендерді тазартады. Дәретпен жатқан құлды періште қорғап тұрады; ол төсегінде жатып қимылдаған кезде сол періште: «Я, Алла! Осы пендеңді кешіре гөр. Себебі, ол пәк халде жатты», - дейді. ( Әт-Тарғиб: 2/13).
3. Ықылас, фәләқ және нас сүрелерін оқу.
Бұл туралы Айша анамыз (р.а.) былай дейді: «Пайғамбар (с.а.с.) әрбір түні төсекке жатарда екі алақанын қосып, оларға оларға үрлеп, «Қул һуаллаһу әхәд», «Қул әъузу бираббил-фалақ» және «Қул әъузу бираббин-насты» оқып, басы мен жүзінен бастап денесінің алдыңғы бөлігінің қолы жеткен жерін сипайтын. Солай үш рет жасайтын». (Бұхари риуаят еткен).
Алланың елшісі (с.а.с.) Абдулла ибн Хубейбке (р.а.): «Қул һуаллаһу ахад» пен екі сақтану сүресін (Фалақ, Нас сүрелерін) кешке және таңертең үш рет оқуың барлық қажетіңе жеткілікті», – деген (Әбу Дәуіт, Термизи және Нәсәи риуаят еткен хадис).
4.Аятул-Курсиді оқу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бақара сүресінде Құран аяттарының төресі бар, оны қайсыбір үйде оқыса, ол жерден шайтан қашып шығады, ол – Аятул-Курси», – деген (Хаким мен Бәйһақи риуаят еткен хадис).
5. Бақара сүресін оқу.
Пайғамбар (с.ғ.с.) былай деген: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар! Шындығында «Бақара» сүресі оқылған үйге шайтан кірмейді» (Мүслім, Ахмет).
Сәһл ибн Сағыдтан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Әрбір нәрсенің шоқтығы болады. Құранның шоқтығы – «Бақара» сүресі. Кім оны түн мезгілінде үйінде оқыса үш түнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды. Ал кім оны күндіз оқыса үш күнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды», – деген. (Ибн Хиббан, Табарани, Байһақи). Ал Бақара сүресінің соңғы аяттары туралы былай дейді: Алланың елшісі (с.ғ.с.) былай деген: «Шындығында Алла Тағала көктер мен жерді жаратпастан екі мың жыл бұрын бір кітап жазды. Ол аршының қасында. Сосын Ол сол кітаптан екі аят түсіріп, олармен Бақара сүресін тәмамдады. Қандай да бір үйде сол екі аят үш күн бойы оқылса, ол үйге шайтан жақындамайды». (Хадисті Термизи, Нәсәи)
6. Алла Тағаланы көп есіне алып, зікір етіп жүру.
Пайғамбар (с.ғ.с.) басқа бір хадисінде былай дейді: «Расында пенде даңқты һәм ұлық Алланы зікір етсе шайтаннан ең мықты қорғаныста болады». (Ахмет риуаяты).
7.Істі Алланың атымен бастау.
Жәбір ибн Абдулла (р.а.) Алланың елшісінен (с.ғ.с.) мынадай хадис естігендігін жеткізген: «Бір кісі үйіне кірерде, тамақ ішерді Алла Тағаланы есіне алып, зікір етсе, шайтан жолдастарына: «Бүгін сендерге түнемелік те, кешкі ас та жоқ», – дейді. Ал кісі үйіне кірерде Алла Тағаланы есіне алмаса, шайтан жолдастарына: «Түнемелікке үлгердіңдер», – дейді. Ол кісі тамақ ішерде де Алла Тағаланы зікір етпесе, шайтан: «Түнемелікке де, кешкі асқа да үлгердіңдер», – дейді». (Мүслим).
8.Әжетханаға кірерде дұға ету.
Әжетханаға кіретін кезде Алладан пана сұрау. Мұсылман адам әжетханаға кірерде Алладан пана тілеуі тиіс. Жоғарыда айтқанымыздай жындардың мекендейтін жерлер ол лас жерлер. Сондық әжетхнаға кірер уақытта Пайғамбардың (с.ғ.с) әжетханаға кірерде мына дұғаны айтқаны сенімді тізбекпен жеткізілген: «Аллахумма инни а'узу бика миналь-хубси уаль-хабаиси (Йә, Алла, ер және әйел жын-шайтандардан өзіңе сыйынамын)» (Бұхари және Муслим).
9.Әжуа құрмасын жеу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Күн сайын таңертең тамақтың алдында жеті әжуа құрма жейтін адамға удың да, сиқырдың да зарары тимейді!» (Бұхари).
10. Ерлі-зайыптылыар қосылар алдында дұға жасауы.
Ибн Аббас, Алла оған разы болсын, риуаят еткен: «Пайғамбар (с.ғ.с) былай деді: «Егер жақындаспас бұрын мына дұғаны оқып, сол жақындықтан бала дүниеге келетін болса, шайтан ол балаға ешқашан зиянын тигізе алмайды: «Аллахумма джаннибна ашшайтана уа джанниб аш-шайтана ма разактана» (Йә, Алла, бізден шайтанды аулақ ет, әрі бізге нәсіп ететін (перзенттен де) шайтанды аулақ ет). (Бұхари) және Муслим)
11. Үйден шығатын кезде.
Үйден шығатын кезде: «Бисмилляһи тауаккалту ғаля Аллаһ лә хаулә уалә қууата иллә билләһи» деңіз. Осы дұғаны айтқанда, сізге былай делінеді: «Мен сені қорғап, сақтадым». Шайтан сіздің қасыңыздан кетіп: «Қорғалған және сақтанған адамға не істей аламын», - дейді. (Әбу Дауд және Тирмизи)
Жындар Алланың тек бір жаратылысы ғана, бейне адам сияқты бір жаратылыс, алайда адамдардың жын жәйлі түсінігі ислам діні (ақиқат) тұрғысынан төмен болғандықтан, оларды сезініп жындардан құдайдан қорыққан бетер қорқып күнәһар болып жүр. Жын жайлы ислам діні тұрғысынан жақсы білсе оны тануды және одан сақтануды да жақсы білер еді. Осындай ғайып дүниедегі кейбір азғын жын-шайтандардың зиянынан сақтану үшін адамдар оларды түсінуі және одан сақтану жолдарын білуі керек.
Шайтаннан сақтанудың жолдарын Алла құранын түсіріп, пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с). дей елшіні жіберіп үйретіп кеткен. Сол бойынша шайтан-жынның зянынан сақтануға болады. Дұғаларды жаттап, күнделікті атқарып жүрсеңіз аса пайдалы болмақ. Осыларды атқарғанда жын-шайтан тиісе алмайды, намазды тастамай уақытында оқушы, дұғаны айтып жүруші адамға жын-шайтан жолай алмайды, сиқыр жүрмейді.
Одан тыс арам, күнәһар істерден аулақ болуы, бейәдеп сөзден аулақ жүргені дұрыс, осы тақуалық істер жын-шайтанның адамға әсерін жояды немесе әлсіретеді. Олар тек зиян тигізе алады. Міне, бәлкім адамдардың қорқынышы осы тұрғыдан ғана. Бірақ белгілі болғандай егер бүкіл адамдар мен жындар бірігіп зиян тигізуге тырысса, тек Алланың қалауымен ғана болатынын ақиқат.
Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ,
Қордай ауданының бас имамы