Үй ішіндегі қызметтерді атқару мәселесі

Үй ішіндегі қызметтерді атқару мәселесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам ғұламалары Ислам дінінде нəзік жандыларға отбасындағы шаруаны атқару міндеті жүктелмейтінін айтады. Бірақ кейбір ғалымдар үй ішіндегі шаруалардың төмен етектілердің еншісінде екенін айтқан. Фиқһ бойынша (Ислам құқығы) үй шаруасына əйел заты міндетті емес.

Ал ахлақтық тұрғыдан келгенде бұл Хауа ананың қыздарының мойнында екенін көреміз. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) жоғарыда мəлімдегеніндей əйелдің күйеуі, отбасы үшін істегені садақа саналады. Уəжіп болмағанымен, бұл шаруа Алла тағаланың разылығына жетелейтін іс- əрекеттердің бірі. Сондықтан болар, Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қызы Фатиманы (р.а.) ұзатқан кезде отбасындағы міндеттерді қалыңдық пен күйеуге бөліп берген.

Үй ішіндегі қызметтерді қызына тапсырса, түздегі істерді күйеу баласы хазірет Алидің (р.а.) атқарар шаруасы деп белгілеген. Үй ішіндегі шаруаларды əйел заты істесін деп шешкен. Басынан кешкен бір оқиғаны хазірет Али (р.а.) былай баяндайды: «Диірменнің тасын айналдыра-айналдыра жұбайым Фатиманың қолын күс басты, қос бақырды иығына асып су тасып, иығы жара болды, үй шаруасынан құл сүлдесі ғана қалды. Бір күні соғыстан түскен олжа ішінде күңдер де бар екен. Əйелім Фатима қызметші сұрамаққа Пайғамбарымызға (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) кеткен. Баруына барғанмен тілегін айтуға ыңғайсызданған екен. Қызының бір бұйымтаймен келгенін сезген Алла елшісі ертесіне үйге өзі келді. Фатима өтінішін жеткізуге қысылды.

Сонда мен: «Уа, Алланың елшісі, рұқсат берсеңіз мен жеткізейін, Фатима диірмен тартып, қолы күс болды. Су тасып, иықтары жара болды. Сізге олжа ретінде қызметшілер əкелінгенде, Фатимаға үй шаруасына көмектесу үшін сізден қызметші сұрауына кеңес берген едім», – дедім. Сонда Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм):

 «Фатима, Алла тағаладан қорық, қарсы келуші болма! Раббыңның алдындағы парызыңды өте. Отбасыңа қызмет ет. Төсегіңе жатар алдында отыз үш мəрте «Субханаллаһ», отыз үш мəрте «Əлхамду лиллəһ», отыз төрт мəрте «Аллаһу əкбар» деп айт. Бұлардың бəрін қосқанда жүз болады. Осы сөздер сен үшін қызметшіден де артық», – деді.

 «Алла тағала мен Оның елшісінің үкімдеріне ризамын», – деді Фатима (р.а.). Əбу Бəкірдің қызы Əсма ханым да үй шаруасы жайлы былай дейді: «Үйдегі істердің бəрі өзімнің мойынымда еді. Күйеуім Зубəйрдың мал атаулыдан еншісіндегі жалғыз атын да суғарып, шөбі мен суын да беретін өзім.

 Қамыр илеп, суды да құдықтан өзім тартамын. Алыс жерден үлкен табақты төбеме қойып құрманың сүйегін таситынбыз». Алғашқы мұсылмандардың өмірінен көргеніміздей, сахаба əйелдер күйеулеріне ешқандай қиындық тудырмай-ақ, үй ішіндегі шаруаларды өздері атқара беретін. Өзіміздің əжелеріміз де күні кеше шай қайнату үшін отын тасып, оны жарып қаншама машақат көретін. Бірақ бірі де бұл істен бас тартқан емес. Ал қазір бір түймені басып шай қайнатып, бір түймені басып кір жууға болады. Бірақ бұл өмір адамзаттың еріншектігін көбейтпесе, азайтқан емес.

Мұрын қанайтындай жұмысы жоқ мына заманның қыз-келіншектері үй іші шаруаларында осы сахаба əйелдерді үлгі тұтып, мұнысын Алла тағаланың алдындағы құлшылықтарының бір бөлшегі ретінде қараса құба-құп болар еді. Отбасындағы жауапты істің бірі – бала тəрбиесі.

 «Бір əйел бала тəрбиесімен айналысу үшін үйінде отырса, жəннатта маған жақын болады» деген Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бала тəрбиесіне үлкен көңіл бөлген. Бала тəрбиесімен айналысу терең төзімді қажет ететін қиын шаруа. Ал жəннаттық атану, оның үстіне Пайғамбарымызбен (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) көрші болу да екінің бірі жете беретін дəреже емес.

Сондықтан, алтынқұрсақ аналарымыз Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) сүйінші хабарын назарда ұстап, бала тəрбиесіне көп көңіл бөлсе, бұл іс əйел үшін зіл батпан жүк емес, Алла тағаланың разылығына бөлейтін бақыт болмақ. Егер əйелі үй шаруасына үлгермей жатса, күйеуінің көмектесуі ешқандай да əбестік емес. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) кейде əйелдеріне айтпай киімдерінің жыртылған жерін өзі тігіп ала беретін. Үй ішіндегі жұмыстарға қолының ұшын тигізуді ар көріп, шөптің басын сындырғысы келмейтін ер кісілер Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұл əрекеттерін өздеріне үлгі тұтса бір ғанибет емес пе?!

Бұл үшін мұсылман əйел əрдайым өзін жетілдіріп отырғаны жөн. Білмеген жерін басқалардан сұрап-біліп, тамақ пісіру, тігін тігу, үйді безендіру, қонақ күту əдебі сияқты т.б. істерде əрдайым ептілікке талпынғаны жақсы. Үйдің тазалығы отанасына жүктелгенімен, отбасының басқа мүшелері де қарап жатпай оған көмектесуі тиіс.

«Тазалық – иманның жартысы» деген. Жұпар аңқыған мұнтаздай таза үй мұсылманның ойына жұмақты түсіреді. Жанын жадыратып, құлшылыққа құлшындыра түседі. Мұндай үйдің дастарханы береке мен жақсылыққа жайылады.

 Үй лас болса адамның көңіл-күйі түсіп, денсаулығы да нашарлайды. Мұндай жерде ауру да тез тарайды. Заттары əр жерде шашылып жатқан, ыдыс-аяғы жуылмаған үйдің де берекесі қашады. Сондықтан, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) мұсылмандарға «Үйлеріңді таза ұстаңдар» деп өсиет айтқан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: