1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар». Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», – дейді.
Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта», – деген.
2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу – мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.
3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет: }أللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ رَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اخَرَّتْ{ُ
Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту». «Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді.
5. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифастан тазалану: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.
6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаға қажет емес. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы бол- майды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды». Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін.
7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын».
8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын.
Аузы берік кісіге мәкрүһ және мәкрүһ емес нәрселер
1. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.
2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.
3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.
4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.
5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.
6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.
7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.
8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады.
9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.
10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.
Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар
Емдік мақсатта денеге бір нәрсе кірсе, ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек. Қателесіп, бір нәрсе ішіп-жеу оразаны бұзады. Яғни бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсе ішіп-жесе, оразасы бұзылады. Мысалы, дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, қарды аузына салып, ол да тамағынан өтсе, оразасы бұзылады. Қазасы өтеледі. Егер де ораза екенін ұмытып істесе, ораза бұзылмайды. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды. Өйткені, көлемі аз қаннан сақтану қиын.
Ұмытып бір нәрсе ішіп-жеу немесе ұмытып ерлі-зайыптылардың бір-біріне жақындауымен ораза бұзылмайды. Өзінің ораза екенін білмей бір нәрсе жеген адамның есіне ораза екендігін салмау – мәкрүһ. Егер әлсіз, кәрі біреу болса, есіне салмау абзал. Сол секілді өздігінен іштен келген ауыз толмаған құсық өздігінен қайта кері қайтса, ораза бұзылмайды. Бірақ адамның өзі жұтса, ораза бұзылады. Және аузы берік адам өз қалауымен ауыз толтырып құсса, ораза бұзылады. Өйткені, бұл дәретті бұзумен қатар, аз немесе көбі ішке қайта кетеді. Бұның қазасы керек. Яғни, мейлі аз, мейлі көп, әдейі ішке құсық жұтылған кезде ораза бұзылады. Ауыз толы құсық қақырық болса, Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша, оразаға ешқандай зиян тигізбейді. Жоғарыдағы мәселеге мына хадис дәлел: «Аузы берік адам құсқысы келіп, өзіне ие бола алмаса оған қазасын өтеу міндетті емес. Өз қалауымен құсатын болса, оразасын қаза етсін».
Жеуге жарамайтын әрі ұзақ тұру мүмкіндігі жоқ нәрселердің тамақтан өтуі оразаны бұзбайды. Мысалы, ауаға жайылған түтін, шаң оразаны бұзбайды. Көз бен құлаққа сұйық дәрі тамызса, ораза бұзылмайды. Ал, мұрынға тамызылса, бұзылады. Қазасы өтеледі.