Киіз үй жайында не білеміз?

Киіз үй жайында не білеміз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Ғарышқа ұқсас баспана» деген пікірді   көшпенділердің өзі яки олардың бүгінгі ұрпағы айтпаған. Киіз үй тікпеген, төрт бұрышты тас үйде  өмір сүрген батыс зерттеушілерінің пікірі. Расында, киіз үйден дала тұрғындарының кеңістік дүниетанымын байқамау мүмкін емес. Баспана көкжиекпен астасқан жерді елестетсе, еңселі шаңырағы ай-жұлдыздар қаптаған шексіз көкке ұқсайды. Түндігі жабылған, іргесінен түнгі самал ескен үйде шалқасынан түсіп жатқан кім болса да түпсіз ғарышта жұлдыздармен бірге ұшып бара жатқандай күй кешері сөзсіз.

Күндіз  іргесінен кірген желемік ашық түндіктен айналып шығатын саф ауамен тыныстауға мүмкіндік мол. Көшпенділер әулеті осындай «ғарыштық баспанада» мыңдаған жылдар бойы өмір сүріп, алып  қағанаттар құра білді. Ондағы қаған сарайы да, халқы тіршілік еткен қаласы да осы киіз үйлер болатын. Көшпенділер қауымы киіз үйлерін «хан ордасынан» «қараша үйге» дейін, «ақ ордадан» «қара қосқа» дейін  дәрежесіне және  қажеттілігіне сай  қолданған.

Мысалы, қағандар алып арба үстіне тігілген 40 өгіз сүйреп жүретін «Хан ордасында» дәурен сүрді. Қатардағы кедей-қарашалар бір түйеге артып көше беретін «қараша үйде» яки, күркеде күнелтті. Содан да қазақтың ғасырлар асқан, тозаң жұқпас жауһар жыр-дастандарында: «Еңсесі биік ақ орда...», «Қара күрке өз үйім - кең сарайдай боз үйім» деп суреттегені бекер дейсіз бе? Содан да, көшпенділер ұрпағы біздер бүгін зәулім көпқабатты үйлерде тіршілік ететін заманға жетсек те, елдік рәміздерімізде киіз үйлерімізді ұмытпай қастерлеуіміз - терең тамырымызды ұмытпағанымыздың белгісі.  Мысалы, Қазақстанның елтаңбасында шаңырақ пен уықтың бейнесі, Қырғызстанның елтуында шаңырақтың пішіні, Ресейдегі кейбір түркі тілді федерациялық  республикалардың да елдік рәміздерінде сондай белгілер бар.

Бірақ дүниежүзінде киіз үйді әлі де баспана ретінде там үйлермен қатар қолданатын елдер баршылық. Мысалы, Монғолияның малшы қауымы түгелдей «монғол гэр» деп аталатын шағын, әрі жылы киіз үйде тіршілік етеді. Соның ішінде Монғолиядағы Баян-Өлгей қазақтары жаз күндері жаппай, өте әдемілеп жасаулаған, ақ шағаладай,  еңселі киіз үйлерін жаздық баспана ретінде қолдануда. Киіз үйлер Қырғызстанда, Түркменстанда, Қарақалпақстанда, Ресейдегі тувалар мен алтайлықтарда өз ерекшелігімен өркениеттің «әйнек үйлерінен» қалыспай,  уақытпен жарысып келеді. Ал, Қазақстанда киіз үйлер негізінен той-томалақ пен демалыс орындарында пайдаланылады. Мәселен, 1995 жылы Абайдың 150 жылдық тойында Жидебай даласында 1600 үй тігілді.

Біз осынау тарих көшінен қалмайтын «қарт баспанамыздың» сан-қырының бір шоғырын ғана оқырманға  жеткізуге тырысамыз.

Ақ орда мен қара қос

Жоғарыда аталған көшпенді халықтардың киіз үйлері негізі ұқсас болғанымен өзіне тән ерекше үлгілері бар.

Қазақтар соңғы ғасырда киіз үйлерін жетілдіруде, жабдықтауда шырқау  шыңына  жеткізді деуге негіз бар. Әрі олар қолдану дәрежесіне сай түр-түрін де жасады. Негізінен, киіз үйдің үлкендігі оның керегесінің басының саны мен уығының ұзындығы бойынша өлшенеді. Қазақ үйлері 60-65, 70-75, 80-85, 90-95, 100-120 басқа дейін жетеді. Жүз бастан асатын үйлердің диаметрі шамамен 15-17 метрге таяған. Мұндай үйлерді «ақ орда» деп атаған. Төрт-бес құлашқа дейінгі ұзын уықтарды атпен жүріп шаншып, кең шаңырағын үш-төрт жігіт жабыла көтерген. Ақ ордаларды көбінде дәулетті адамдар мен мансапты ел ағалары тіккен. Одан кейінгілері 75-85 басты үйлер орта дәулетті адамдарға тән. 60 бастан төменгі үйлер «қараша үй» деп аталған. Ол көбінде кедей, малшы-жалшы отбасылардың баспанасы болып саналады. Үйлер жайлау, күзеу, қыстауға тігілгенде де осы дәрежеге сай - ақ ордалар көрікті орынға, оны қоршай орташа үйлер, одан кейін ең шетке қараша үйлер тігілген. Алайда, дәрежеден тыс ата-салтқа байланысты әрбір әулеттің тараған ошағын «қарашаңырақ» деп, олардан бөлініп шыққан жас отбасыларын «үлкен отау», «ортаншы отау», «кіші отау» деп атайтын ізгі дәстүр  қалыптасқан.

Көшпенді тұрмысқа байланысты киіз үйлерді қажетке қарай түрлендіріп те тігіп қолданған. Шаңырақсыз үш-төрт керегемен уықтардың басын буып тіккен үйді «күрке» деп атайды. Оны азық-түлік сақтауға, қолөнер бұйымдарын  жасауға пайдаланған. Күрке - бірнеше кісі тігіп, жығуға оңай, ұядай жылы, қол созым шағын өте қолайлы баспана. Ал көші-қон кезінде тек керегені ғана иіп, не бір-біріне үшбұрыштап тіреп «итарқа», «жапа» деп аталатын уақытша баспана қолданған. Оларды әп-сәтте жасап, аз  уақытта көлікке тиеп, бөгелмей жөнеле беретін нағыз көшпенділік өмірдің іскерлігі десе жарасады. Үнемі мекен ауыстыру көшпенділердің табиғатқа мейіріммен қарайтын мінезін қалыптастырған. Әрдайым көшу - дұшпанынан жедел қорғануға, ұлан-байтақ жерін сақтап қалуға септігі тиген ерекше үрдіс. «Қос»  деп аталатын киіз үйдің бір түрін тек уық пен шаңырақтан тұрғызады. Оны сары жонда жылқы баққан жылқышылар мен алыс отарға мал қыстататын малшылар қасиетті «қара қосым» деп әспеттеген. Иен далада тұрған қосқа ұры да тиіспеген. Көлденең жолаушы  бұрылып барып дәм татып аттанған. Қазақ қауымы «қара қосты» ерекше берекеті бар «киелі баспана» деп құрметтеген.

Киіз үй көшпенді қоғамда жер сілкінісінде қатерсіз, сел-көшкінде шығыны аз, жаугершілікте қашып құтылатын, жұт пен құрғақшылықта ауып көшуге жеңіл әмбебап қасиеттерге толы. Осының әрбірі жеке-жеке, ұзақ та қызықты әңгімелерге созылатындықтан бұл тараудағы сөзді осымен  тәмамдайық.

Үй ағаш жасау

Киіз үйдің бас қаңқасы - шаңырақ. Оны көбінде шала кептірген, жуандығы жеңдібілектей қайың ағаштан жасайды. Көңнен жағылған, морда жібітілген екі-үш қайың кесінділерін доға етіп иіп, дөп-дөңгелек етіп шегелейді. Көтеретін үйдің басына сәйкес уықтың қаламы (ұш жақ басы) қонақтайтын  етіп төртбұрыштау етіп тесіп көздейді. Шаңырақты көтеру үшін әрі түндікті тегіс ұстап тұруға арналған, үш не төрт-төрттен айқасатын берік ағаш шыбықтарды «күлдіреуіш» деп атайды. Келесі кезекте шаңырақты көкке көтеріп тұратын «уық» бар. Ұзындығы 13-20 қарысқа (3,5-5 метр) жетеді. Уықтың ұзындығы үйдің қанаты не басына сәйкестендіріледі. Уықты көбінесе ақ және қара талдардың қабығын аршып, көлеңкеде шалалау кептірген соң, ыстық морда жасаңғыратып, тезге салып бұраңдарын түп-түзу етіп жасайды. Қазақ үйлердің уығында бір кез шамасындай жартылай иілген «қары» болады. Қарының ұшын ала төрт елідей көлемді жұқарта жонып, уық бау өткізетін тесік шығарады. Уықтың ұшар басындағы жарты сүйем, төрт қырлы ұшын «қалам» дейді. Қазақта қары күміспен, сүйекпен күптелген, бояу өрнектермен сәнделген  тамаша уықтар жасалған.  Енді уықты көтеріп тұру үшін кереге дайындалады. Оны да кептіріп, өңдеген «сағанақ» деп аталатын қысқа, орташа, ұзын таяққа ұқсас тал ағаштардан жасайды. Уық байланатын басы 10-16-ға дейін, көгі 9-14-ке дейін көктелетін ағаштар саны 28-38-ге дейінгі бір бөлек керегені «қанат» деп атайды. Түйе  терісінің бір үзігімен өзара ағаштарды көктегендегі төртбұрышталып шығатын кереге көзін «тор көз, орташа көз, жел көз» деп көлеміне байланысты айырады. Тор көзді керегелер жел көзділерден гөрі берік болады. Бір үйде осындай қанаттың саны 4-10-ға дейін жетеді. Есік таңылатын екі қанат басқаларынан ерекшелеу болады. Кереге қанаттарын өзара жымдастырған соң, берік қылдан әшекейлеп жөнделген «құр, терме, ызба» деп аталатын таңғыш баулармен әсемдеп орап бекітеді. Ал, киіз үйдің есігі екі босаға, маңдайша, табалдырық  және  есік қақпақшасынан құралады.

Қазақ бабамыз осы бір «төл құрылысын»  төл руханиятында «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң тең» болсын деп кестелеген.

Үйдің жабдықтары

Киіз үйді тігу мен жығу, оны көшпен алып жүрудің өзі сән-салтанат, мереке  саналған.  Ең әуелі тегістелген таза жұртқа кереге дөңгелене жайылып болған соң, басын қуалай басқұр тартылып, үй қаңқасы отырып қалмайтындай бекітіледі. Ашабақанмен көтерілген шаңыраққа төрт тараптан уық  тіреліп, келесіде екі босағадан қуалай шаншып аяқтайды. Осылайша киіз үйдің қаңқасы бой көтерген соң, алдымен екі босағадан айнала төрге дейін ши ұсталады. Ши - керегенің сәнін келтіретін әрі туырдық киізді толықтырып тұратын әмбебап жабдық. Осыдан кейін екі босағадан бастап екі туырлықты, содан соң төргі екі, не үш туырлықты кезекпен салады. Туырлықтың уыққа шығып тұратын бөлігі ақ- қара киіздермен оюлана ойыстырылған «қара қас» деп аталатын киізбен сәнделеді. Туырлықтарға түгелдей түрлі-түсті жіптерден термелей тоқылған баулар тағылады. Ол баулар уықтың үстінде үшбұрыштала, таңдайлана әдемілеп айқастырылады. Мұндай неше қилы өрнекпен тоқылған баулар шаңырақтан күн түскенде кемпірқосақтай құлпырып, үй ішіне сырлы сән кіргізіп тұрады. Келесі кезекте соңғы елу жылда пайдаға асқан «уық көшкі» деп аталатын оюланған, әшекейленген, берік шүберектен тігілген, шаңырақ пен кереге аралығын қаптап тұратын жабдық салынады. Ол - негізінде киіз үзік уық арасынан көрінбей, үйдің таза, сәулетті болуы үшін ойластырылған дүние. Көшкіден кейін уықты шаңыраққа дейін жауып тұратын алдыңғы және артқы үзіктер бүктеліп, арнайы тәсілмен салынады. Осылайша киіз жабдықтар үйге салынып болған соң, үйдің сыртын керегенің іргесінен бастап, шаңырақтың жиегіне дейін орап тұратын өте берік, аппақ сәлдебоз деген шүберектен тігілген «сыртқы көшкі» деп аталатын бітеу жабдықты желпи көтеріп үйдің сыртын жабады. Ендігі кезекте  қолдан ескен өте берік «белдеу арқанды» есіктің екі босағасынан айналдыра тартып, киіз үйді белін буған адамдай мықтап бекітеді. Үйдің ең соңғы жабдығы - шаңырақты жауып тұратын, ақ киізден жасалған түндік. Оның төрт бұрышындағы төрт бауы белдеуге берік байланады. Күншығыс жақ үшкілі таң ата ашылады, қас қарая жабылады. Түндіктің төргі жақ  тұсынан пештің түтігі өтетіндей темір құрсау тігілген арнайы  дөңгелек тесіледі. Міне, осыдан үй тігіліп болар-болмас, шаңырақ астына қойылған пештің түтігі шығарылып, қазандықта бұрқырап шай қайнап, төрге дастархан жайылып та үлгереді.

Әлі мал тұяғы тимеген, сан түрлі бәйшешек іргеден сығалаған, жұпар аңқыған жайлау төсінде, төрде көсіліп жатып рахаттана шай ішудің ләззатын сезіну де бір ғанибет!

Үйдің ішкі жиһаздары жөніндегі әңгіме бұдан да қызықты, бірақ ол өз алдына бір төбе... 

Мақалаға тұздық

«... Бұлақтың қыр жақ бетіне тіккен бүлдіршіндей ақ отаудың түрулі іргесінен құлын құйрық майда леп соқты. ...Қаба сақал сарбаз бесатарына сүйеніп төрге көп телмірді, сонан соң босағадағы тай сабаға көз қиығын салып тағы тұрды, иіс тартқандай делдиіп қызыл бұжыр танау кетті. Төре бірақ қаба сақалға ыңғай берген жоқ. Шелпек бет сары есікке содан кейін бұрылды. Шаңырағы мен уығына жылан жондап күміс жаққан, сыналап сүйек қаптырған алты қанат ақ үйдің ішін ендігі сәтте ауыр бір үнсіздік басты. Крейгел төре намазға ұйығандай қозғалар емес. Төрде жаңа ғана Төрехан тұрып кеткен құрақ көрпешенің үстінде малдасын нық құрып шаншылып қапты. Екі керегені бір-ақ  қаусырған Бұхара кілемінің қанқоңыр бұйра төсінен ызбар атады. Көк жанары аяз қапты бір ойдан, қиналыс-бұлқыныстан шыныланып алғандай. Үй табанындағы сарыала текеметке қадалып отыр...».

Абай Мауқараұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: