Ежелден қолданылып келе жатқан араб әріптері әуелде харекетсіз, нүктесіз, тәнуинсіз, шәддәсіз еді. Жаһилия дәуіріндегі араб әліпбиі мен кейінгі араб әліпбиінің арасындағы айырмашылықты мұсылмандар заманның талабына сай өзгертуге мәжбүр болды.
Жаһилия дәуірінде болсын, Пайғамбар дәуірінде болсын, төрт халифа тұсында болсын арабша оқып жазу мұсылмандар үшін аса қиын шаруа емес болатын. Себебі, арабтар жазылған әріптерге қарап жеңіл түрде ажыратып оқи беруші еді. Сондықтан алғашқы Құран аяттары жазылған парақтар мен кітаптар да осы іспетті үйреншікті әріптерден тұратын. Мұндай жазу әлбетте, сауаты бар, көзі ашық араб үшін ешбір қиындық тудырмайтын. Ал уақыт өте келе, Ислам дінінің шеңбері кеңейіп, арабтардан да өзге ұлт өкілдері мұсылмандықты қабылдағаннан кейін араб тілінің грамматикалық ерекшеліктері бұзыла бастайды. Сөйтіп, әсіресе, тегі араб емес мұсылмандар күн өткен сайын Құран аяттарын оқу мәселесінде едәуір қиындықтарға тап болады.
Қиындықтар былай тұрсын, бірте‑бірте аяттар жекелеген сөздер қате оқылып жатты. Осыдан келіп, Құран тілін шұбарлауға жол бермей сақтап қалудың жолдары қарастырыла бастады. Араб тілінің синтаксисін алғаш бірізге келтіріп, реттеуші Хазіреті Әли болып саналады. Хазіреті Әлиден Әбул Әсуәд әд-Дуали есімді (өл.69/688) кісі грамматикалық заңдылықтарды үйреніп, біліктілігімен көпке танылды.
Кейінірек ол кісіден де көптеген шәкірттер дәріс алып, Құранның қырағаты мен әдеби жағын зерттеуде ілкі қадамдар жасалды. Әбул Әсуәд өз заманындағы танымал лингвист маман болғандықтан оған тіл саласын ретке келтіретін жаңа бір әдістеме енгізу жөніндегі ұсыныстар түсе бастайды. Осындай ұсыныстың алғашқысын Басра әкімі Зияд ибн Сумәйя143 (өл.53/673) жасайды. Ғалым бұл ұсынысты орындаудан алғашқыда бас тартады. Ал Зияд ибн Сумәйя болса, уақыт өткен сайын араб тіліне байланысты түсініспеушіліктің арта түсетінін алдын ала пайымдап, бірде бір кісіге Әбул Әсуәд әд-Дуәлидің өтетін жолына отырып бір аятты әдейі қате оқуды бұйырады. Сөйтіп, уағда бойынша әлгі кісі Әбул Әсуәдтің өтіп бара жатқанын көріп, «Тәубе» сүресінің үшінші аятындағы («Әннәллаһә бәриюн минәл-мүшрикина уә расулуһу») «расулуһу» сөзін, әдейі бұрмалап «расулиһи» деп оқиды.
Ал бұлай оқылғанда аяттың мағынасы мүлдем өзгеріп шыға келеді. Яғни, аяттың негізгі мағынасы «Расында Алла және Елшісі мүшріктерден безеді», деген болса, «Расулиһи» деп оқығанда: «Алла мүшріктерден және елшісінен безеді», деген ұғымды білдіреді. Мұны құлағы шалған, қырағы Әбул Әсуәд: «Адамдардың жағдайы мұншалықты болады деп ойламадым», - деп, Әкім Зиядқа өзі барып, оның ұсынысын орындайтындығын білдіріп, өзіне көмек беретін хатшы (катиб) сұрайды. Зияд ғалымға арнайы көмек беретін хатшы ретінде 30 кісі жіберді.
Әбул Әсуәд 30 хатшының ішінен зерек бірін таңдайды да, бір қолына Құранды, бір қолына қаламсапты беріп: «Мен оқығанда аузымнан шыққан бір сөз фәтха (ә) болып оқылса, әріптің үстіне бір нүкте қой, егер кәсра (и) болып оқылса әріптің астына бір нүкте қой. Ал егер дамма (у) етіп оқысам, әріптің алдына бір нүкте қой, тәнуин оқысам екі нүкте қой», - деп үйретеді. Әбул Әсуәд Құранды жайлап, асықпай, ежелеп оқиды. Хатшы айтылған белгілерді қойып, бет біткен сайын Әбул Әсуадқа беріп отырады. Ол да харекеттерін тексеріп барып, ары қарай жалғастырып, Құранға бастан аяқ нүкте қойып шығады.
Құран біраз уақытқа дейін осы әдіс бойынша оқылды. Дегенмен, арабша білмейтін мұсылмандар үшін бұл да ауыр болды. Кейінірек араб филологиясында танымал Халил ибн Ахмед (өл.175/791) Құранды оқуда жаңаша әдіс қолданады. Оған дейін Құран әріптерінде тек харакелерді білдіретін нүктелер ғана болып, әріптерді бір-бірінен ажырататын қазіргідей астында, үстінде нүктелер болмады. Яғни, бә, тә, сә, нун, секілді әріптердегі нүкте кейіннен қойылды. Осындай ұқсас әріптердегі қиыншылықты шешу үшін Халил ибн Ахмед әріптерді ажырату мақсатында нүктелер қойып шықты. Алдыңғы Әбул Әсуәдтың үлгісімен қойылған нүктелермен араластырмау үшін ол нүктелерді бөлек түсті сиямен белгіледі. Сонымен харакеттегі нүктенің орнына фатха (ә), кәсра (и), дамма (у), тәшдид, тәнуиндер өз орнын тапты.
Құранның осы оқу жүйесін Ислам әлемінің бәрі дерлік толықтай қабыл етіп, мұнан былай аяттарды осы әдіспен осылай оқуға көшті. Алайда, әрбір жаңа іске азды‑көпті сын болмай тұрмайтыны да белгілі. Құран әріптеріне грамматикалық өзгешеліктер енгізуге қарсы болғандар да аз болмады. Мысал ретінде айтар болсақ, олардың санатында Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды белгілі сахабалар да болды. Аталмыш кісілер Құранға ешқандай өзгеріс енгізуге болмайды деген пікірді басшылыққа алып, бұл іске аса оң баға бере қоймады. Бірақ, қалай дегенде де Құран әріптеріне қатысты грамматикалық өзгерістер енгізу шын мәніндегі қажеттіліктен туындағаны белгілі жайт.
Құран Кәрімнің өзге иләһи кітаптардан айырмашылығы
Жер бетіне жіберілген пайғамбарлардың соңғысы, екі дүниенің шамшырағына айналған Хазіреті Мұхаммедке (с.а.у.) Алла Тағала соңғы иләһи кітап Құранды түсірді. Сол себепті де, Құранның алдыңғы иләһи кітаптарға қарағанда бірқатар ерекшеліктері бар:
1. Құран – Хазіреті Пайғамбарымызға алдыңғы иләһи кітап секілді бірден толық бір кітап ретінде түспеген. Керісінше 23 жыл ішінде түрлі оқиғалар мен сұрақтарға жауап ретінде және қажеттіліктерге байланысты аят-аят болып, яки сүре ретінде түсті. Бұл оның дер кезінде жатталуына себеп болды. Ал өзге кітаптар бірден кітап ретінде түскен болатын.
2. Құран ең соңғы иләһи кітап. Құраннан кейін қияметке дейін басқа кітап түспейді. Алдыңғы кітаптар тек өз заманы мен сол ғасырдың қажеттілігіне жауап берсе, Құранның үкімдері қияметке дейін күшін жоймайды.
3. Құран бізге дейін ешбір өзгеріске түспей жеткен қасиетті кітап және қияметке дейін өзгеріске ұшырамайды. Себебі, Алла өзге иләһи кітаптарға бермеген кепілдікті Құранға берген: «Әлбетте, Құранды біз түсірдік, қорғаушысы да әрине бізбіз!» (15.Хижр – 9).
4. Құран Хазіреті Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) ең үлкен әрі мәңгілік мұғжизасы (кереметі). Сөздері мен мағынасы да өз алдына теңдессіз мұғжиза (Бұл мәселе
жоғарыдағы арнайы тақырыпта қозғалған болатын).
5. Құранның және бір басты ерекшелігі, ол әрбір заманның талабына жауап бере отырып, сонымен бірге ғылым дамыған сайын жасара түсетіні. 14 ғасыр бұрынғы Құран ақиқаттарын адам баласы ешуақытта жоққа шығара алмайды және бұл шындық күні бүгінге дейін дәлелденіп келеді.
Сондай-ақ Құран бізге ғылымның көптеген салаларынан хабар беруде. Ал Құраннан бұрынғы иләһи кітаптарды ашып қарасаңыз ешбір жерінде медицинамен, астрономиямен т.б. ғылым саласымен байланысты айтқан жаңалықтарды яки кеңестерді табу мүмкін емес.
Жаратушының соңғы хақ кітабы Құрандағы ақиқаттар болса, рет‑ретімен адамзат игілігі үшін толассыз ашыла бермек: «Құранның шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41.Фуссилат – 53).