Бір жас жігіт Қағбада «Ей, дұрыстардың көмекшісі болған Аллам! Ей, харамдардан сақтанғандардың көмекшісі болған Аллам! Саған шүкір етемін» – деп қайталай береді. Біреу келіп:
– Неге қайта-қайта бір дұғаны қайталай бересің, одан басқа ешнәрсе білмеймісің? – деп сұрайды. Оған былай деп түсіндіреді:
– Осыдан 7-8 жыл бұрын Қағбада жүргенде ішінде мың алтыны бар қалташық тауып алдым. Ішімнен бір дауыс бұл алтындармен мына нәрселерді жасайсың!» деп құтыртып жатқан еді. Өзіме-өзім жоқ, бұл менікі емес, біреудің затын қолдануым харам болады дедім. Осы кезде біреу «Мынадай қалташық тауып алған адам бар ма?» деп айғайлап жүр еді. Оны шақырдым. Қалташықтың қандай екенін суреттеді және ішінде 1000 алтын бар деп айтты. Қалташығын бердім. Ол да маған қалташықтан шығарып 30 алтын берді.
Базарға бардым. Таза реңді бір жас тұтқын баланы мақтап сатып жатқан еді. Ол жас баланың тазалығы менің назарымды тартты. «Бұл тұтқын үшін қанша сұрайсың?» дедім. «30 алтын» – деп жауап берді. Алтындарды беріп, ол жас баланы сатып алдым. Арада бір-екі жыл өтті. Жас бала өте еңбекқор және әдепті еді.
Бір күні онымен кетіп бара жатқанда алдымыздан үш кісі келе жатқанын көрдік. Жас жігіт маған «Мырзам, мен Фас әміршісінің баласымын. Мына келе жатқандар әкемнің адамдары. Мені іздеп жүргендер. Сеннен мені сатуыңды сұрайды. Сен жақсы адамсың, 30 мың алтыннан төмен сатпа!» деді. Үш кісі қасымызға келіп: «–Бұл тұтқынды бізге сатасың ба?» деді.
– Сатамын. Бірақ 30 000 алтыннан кем болмайды, – дедім. Біраз саудаласып, амалсыз қабыл етті. Алтындарды беріп, жас жігітті алып кетті. Мен бұл алтындармен жұмыс орындарын ашып, сауда-саттықпен айналысып, одан да байып кеттім. Бір күні туыстарым: «Өте бір бай отбасының қызы бар. Әкесі жақында қайтыс болды. Онымен сені үйлендірейік, – деді. Мен де болады деп жауап бердім.
Неке қиылды. Түйеге артып, қыздың жасауын алып келді. Жасаудың арасынан бір қалташық менің назарымды тартты. Жұбайымнан оның не екенін сұрадым. «Ішінде 970 алтын бар. Әкем бір кездері Қағбада жоғалтқан екен. Тапқан адамға 30 алтынын беріпті. Қалғанын маған сыйлады, жасауыңа қосарсың деді,» – деп жауап берді.
Демек, бұл алтындар менің ризығым екен. Қайтарып бермегенімде харам жолмен келер еді. Қазір болса, халал жолдан қайта өзіме келді. Маған көмектесіп, харамдардан қорғаған, көптеген нығметтер сыйлаған Раббыма шүкір етемін. Ащы да болса шындықты айтыңдар. Бәрі-бір тағдырға жазғанын көресің. Несібеңнен артығын көрмейсің...