Хиджабымыз шариғаттың талабына сай ма?

Хиджабымыз шариғаттың талабына сай ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса Ұлы Алла Тағала әр нәрсені ғажайып даналықпен жаратқан. Әрбір пайдасы зор, дәрумені мол көкөніс, жеміс-жидекті түрлі қабықпен қаптаған. Мысалы, алма, банан қабығынсыз аз уақытта-ақ қарая бастаса, жүзімнің, қызанақтың жұп-жұқа қабығы болмаса, шырыны ағып, құндылығын жоғалтар еді. Сол сияқты, бір қолымен бесік, бір қолымен әлемді тербеткен әйел-ана да хиджаб киюге бұйырылған.

Хиджаб – әйел затының қабығы. Яғни, Алла тіршіліктің негізі болған ұрпақты дүниеге әкелетін әйел-ананы да қабықпен қаптаған. Ұрпақ тәрбиесі аманат етілген әр әйел бір мектеп. Ал, әйел көркем мінез бен адамгершілік нәрін сіңірген болса, оның балалары да сол нәрмен сусындары сөзсіз.

«Хиджаб» сөзі «жабылу», яғни ұятты жерлерін, зейнеттерін бөгде көздерден (ер адамдардан) сақтау, қорғау дегенді білдіріп, әйелдің Жаратушы Раббысына құлшылығының көрінісі, иманының жемісі болып табылады.

Хиджаб – сыртқы зиянды факторлардан сақтайтын қорған. Соның бірі – назар. Алла Елшісі бұл жөнінде: «Қабірдегілердің үштен бірі көз тию себебінен жатыр»,- деген. Өйткені көз тию бар нәрсе, одан қорғанудың бір жолы – шариғатқа сай киіну.

Хиджаб – ибалылық көрінісі. Бүгінгі қазақ қыздарырың бойынан ұяты қашып, ибалылықтың ізі байқалмай барады. Себебі, белдемшесі бір-ақ қарыс болған аруда ол қайдан болсын?

Хиджаб – тыныштық кепілі. Қоғамдағы зина, қыз арының тапталуы, тастанды бала сынды сорақылықтардың жолын кесудің бірден-бір шешімі. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың арасындағы сенім мен тыныштықтың кепілі.

Аллаға шүкір, бүгінде хиджабын киіп, ұятын үйіріп, иманын арттырып жүрген апа-сіңілілеріміз күн санап көбеюде. Алайда, Құран мен Сүннетте бұйырылған киіміміз де «реформаланып» бара жатқандай. Себебі, оның негізгі шарттары ескерілмей, тек сұлбасы сақталуда.

Шындығында, хиджабтың «атына заты сай» болуы үшін, шариғатта бекітілген талаптары бар. Осы шарттар назардан тыс қалған жағдайда оның ақыреттік азық болары неғайбыл. Мысалы, басшы қызметшісіне бір жұмысты тапсырып, оның дұрыс болуы үшін талаптарын ескертеді. Кейін жұмыстың нәтижесін сол шарттар бойынша қабылдайды. Оның ақысы да қаншалықты талапқа сай орындалғандығына байланысты болады. Тіпті, өз деңгейінде атқарылмаған жұмысты қабылдамай тастауы әбден мүмкін. Ал біздің хиджабымыз Құран мен Сүннеттегі талаптарға қаншалықты сай келеді?

Алла Тағала былай дейді:

«Мүмин әйелдерге айт: Бөгде ерлерден көздерін сақтасын. Әрі ұятты жерлерін қорғасын. Сондай-ақ зейнеттерін көрсетпесін. Бірақ, өздігінен көрінгендерден басқа. Және бүркеншектерін омырауларына тастасын» («Нұр» сүресі, 31-аят).

«Әй, Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмин әйелдерге айт: Үстеріне бүркеншектерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Алла аса Жарылқаушы, тым мейірімді» («Ахзап» сүресі, 59-аят).

Осы аяттардың негізінде хиджабқа төмендегідей талаптар қойылады:

- отбасынан тыс жерлерде, махрам (үйленуі харам болған ер кісілер) емес еркектердің алдында әйелдің беті мен қолының басынан басқа дене мүшесін толық жауып тұруы керек;
- хиджаб әшекейленген, өте сәнді болмауы тиіс;
- әйелдің дене бітімін айқындамайтын, тығыз матадан тігілуі қажет
- әйелдің дене бітіміне сай кең болуы керек, дене мүшелерін айқындайтындай тырысып, қынап тұрмауы шарт;
- ерлердің киіміне ұқсамауы тиіс;
- әтірдің иісі шықпауы қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Егер әйел иіс су себініп сыртқа шығып, оның иісін бөгде ерлер сезсе, бұл зинақорлыққа жатады»,- деп, қатаң ескертеді.;
- тәкаппарлық киімі болмауы қажет. Алла Елшісі (с.ғ.с): «Кімнің жүрегінде тозаңның түйіріндей тәкаппарлық болса, жәннаттың иісін де сезбейді»,-деген.;
- хиджаб ұзын болу керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) изар туралы айтып жатқан кезде әйелі Умм Сәләма: «Ал, әйелдер ше?»-деп сұрады. Ол (с.ғ.с) : «одан бір қарыс түсірсін» деді. Умм Сәләма: «киім бәрібір ашылып қалады» дегенде, Нәби (с.ғ.с): «Олай болса, бір қар (шынтақ) түсірсін, бірақ одан асырмасын»,-деп жауап береді.
- Үйден сәнденіп шығуға, моданың (сән қуалау) соңына түсуге болмайды. Құранда: «Үйлеріңде отырыңдар. Кәдімгі надандық дәуірінде зейнеттеріңді көрсеткендей, енді сыртқа ашылмаңдар», -делінген.

Бүгінде, қоғамдық ортадағы мұсылман әйелдердің хиджабының шариғатқа сай талаптарының сақталмауы басты қателік болып отыр. Мәселен, Алла Тағала «зейнеттерін көрсетпесін», «бүркеншектерін омырауына тастасын» деп хиджабтың осы шарттарын парыз кылды. Ал, апа-сіңілілеріміздің барынша сәнді, ашық-жарқын түсті киім киіп, ал орамалдарын түре тартып не омырауының үстінен қайырып, екі ұшын мойнына орап қою сәнге айналып, парыздың шарттары жайына қалды. Орыстың бір жігіті осындай үлгіде киінетін қыздарымыз туралы: «Осы мұсылман қыздар сондай әдемі, түрлі-түсті киінеді. Көз тартатыны соншалық, біз оларға қараймыз»,-депті. Алла кешірсін, көз зинасы осылай қараудан басталмай ма? Шын мәнінде, мұндай күнәға себепші болуды ешбір апа-сіңіліміздің қаламасы сөзсіз. Сондықтан да Ұлы Жаратушымыз Өз сөзінде: «Бүркеншектерін омырауларына түсірсін», «бұл олардың танылуларына және кейітілмеулеріне жақынырақ» демеді ме?

Тіпті, кей бауырларымыз хиджабты сәннің бір элементі қылып алған сияқты. Бір күні мұсылмандық киімде, ертеңіне ашық киімде көресің. Енді бірінің орамалының келтелігінен желкесі көрініп, етегінің қысқалығы мен тарлығынан балтыры жылтырап қалғанның куәсі болғанда ұяттан өртене жаздайсың.

Әлбетте, мұсылмандық әсте-әсте екені даусыз. Бұл жерде Исламға жаңа ғана бет бұрған, иманның кәусәрімен енді ғана сусындап келе жатқан бауырларды емес, ақиқатты естісе де, сәнге ілесіп, өркениеттен қалғысы келмейтін-мыс, бір сөзбен айтқанда тақуалыққа мойны жар бермей жүргендер турасында сөз қозғалып отыр.

Хиджабтың дұрыс болуы да тақуалықтың бір белгісі емес пе? Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы, ұятты жерлеріңді жабу үшін киім және сәнді бұйым түсірдік. Негізінде тақуалық киім жақсы»,-дейді («Ағраф» сүресі, 26-аят).

Сәнді және әдемі киіну мұсылман әйелдің ері алдындағы міндеттеріне жатады. Сондықтан да, әйел көшеге емес, үйінде сәнденгені абзал.

Кез-келген амал қабыл болуы үшін, әуелі ықыластың болуы және Құран мен Сүннетке сай келуі қажет. Алланың әміріне бойұсынып, талай жұртты дүрліктіріп қол жеткізген хиджабымыз, оның сұлбасы емес, нағыз өзі болсын. Сонда ғана хиджаб бізге әрі қорған, әрі қалқан болмақ. 

hibatulla.kz/islam-woman

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: