Күйеуінің айыбын жасырған әйел

Күйеуінің айыбын жасырған әйел

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ертерек заманда Құдайға құлшылық қылған, тақуа бір жігіт өмір сүріпті. Жігіт ер жетеді. Әкесі үйлену туралы сөз көтерсе, ол қашқалақтай береді екен. Себебі, ол еркектік қуаттан мақұрым, белсіз еді. Бұдан мүлде хабары жоқ әкесі баласының қарсылығына көнбей, бір қызды тауып, некелестіріп, үйлендіреді.

Той өтіп, екі жас жеке қалғанда жігіт қалыңдығына "Сен мені кешір, мен сені бақытты ете алмаймын, саған тең жар емеспін" деп, ағынан жарылып, мінін айтады. Қаласа, ертең-ақ кетуге рұқсат береді. Себебін ата-анасына өзі түсіндіретінін айтады. Сонда келіншек "Ортамызда неке оқылды, мен сіздің шариғи әйеліңіз болдым, енді арамызда бір-бірімізден жасыратын ешқандай сыр болмауы тиіс. Сіздің сырыңыз-менің сырым, күйеуінің сырын әшкере еткен әйелдің екі дүниесі де қараң болады, ол әр түрлі азап - қиыншылыққа душар болады. Мен ондай әйелдерден емеспін, сіздің сырыңызды ашып, еш пенденің алдында масқара етпеймін" деп, сол үйде қызметін істеп қала береді. Арада жеті жыл өтеді. "Бедеу" деген жаман атқа қалса да, келіншек күйеуінің сырын ашпайды. Барлық қиындыққа сабыр етіп, күйеуімен өмір сүре береді. Бір күні жігітті әкесі шақырып алып: "Қашанғы бұл тумас келінмен өмір сүріп, жастық шағыңды өткізе бересің? Сен әке, мен ата болуым керек емес пе? Жетер енді, бұл келіннің рұқсатын беріп жібер, мен саған басқа әйел алып беремін" дейді. Жігіт өте қиын жағдайда қалады. Өзін жанындай жақсы көрген, кемшілігіне көз жұма қараған әйеліне қалайша кет деп айтпақ? Сондай әрі-сәрі болып жүрген күндердің бірінде әйелі "Бекзадым, соңғы күндері жүріс-тұрысыңыз өзгеріп, қиналып жүрген сияқтысыз, менен бірдеңені жасыратын сияқтысыз. Айтыңыз, сізді қинап жүрген мәселені бірге шешеміз" деп, айтпасына қоймапты. Жігіт ақыры әйеліне әкесінің сөзін айтуға мәжбүр болады. Келіншек өзіне қатысты ащы сөздерді есіткенде көздеріне жас толып, бірақ сонда да күйеуіне ашуланбай бәсең дауыспен "Жарайды, мен разымын! Бірақ бір өтінішім бар-мен кеткеннен кейін қырық күн қткізіп барып үйленіңіз" дейді де, ата-анасының үйіне жол тартады.

Өз үйіне келген соң әке-шешесіне "Мен қырық күн бойы өз бөлмемде қтырып, Аллаға ғибадат-құлшылық жасаймын, маған ешкім кедергі жасамасын" дейді. Келіншек қырық күн бойы Аллаға жалынып, жалбарынып, күйеуінің ақысына дұға етіп, оның айыбы ашылудан, масқара болудан сақтауды сұрайды. Сол аралықта жігіт үйленіп, басқа әйелімен некесі қиылады. Екі оттың арасында қалған жігіт қатты қайғырады. Бір жағынан, халал пәк болған бірінші әйелін ойласа, екінші жағынан, айыбының баршаға аян болатынын ойлап күйінеді. Содан ол өлімді абзал көріп, у ішіп өлмек болады. Жаңадан келген жас келіншек бөлмесіне кіргенді, жігіт есінен танып қалады. Сонда Алланың кереметімен қырық күннен бері күйеуінің тілеуін тілеген бірінші жұбайының дұғасы қабыл болып, жігіт ішкен у шипаға айналады. Көп жылдан бері еркектік қуатсыз болған жігітке Алла тағала еркектік қуат беріп, масқаралықтан сақтайды. Ертеңгі күні жаңа келін күйеуінің бір топ туыстарымен төркініне бара жатып, жолда кенеттен дүние салады. Марқұм болған келіннің жаназасы шығарылып, жерленгеннен екі-үш күн өткеннен соң, жігітті әкесі шақырып алып, "Балам бұлда маңдайына жазылған екен, көп қайғырма, біраз уақыт өтсін, тағы да үйлендіреміз" дейді. Сонда жігіт әкесіне көптен бері жасырып жүрген дертін айтып, одан қалай айыққаны туралы баяндайды. Әкесі оның сөзін соңына дейін тыңдауға шыдамай, бұрынғы келінінің маңдайынан сүйіп, үйіне ертіп келеді. 

Сол әйел сүйген күйеуімен иманды ұрпақ тәрбиелеп, бақытты да баянды құмыр кешіпті.

Бұл оқиғадан сабырлы да салиқалы, мұсылман әйеліне тән күйеуіне бағынған, сырын сыртқа шашпаған, әр ісінде Аллаға дұға етуші тақуа әйелді көреміз. Міне, мұндай әйелі бар отбасының ері бақытты, ұрпағы ата-анаға адал, иманды болары анық. 

hibatulla.kz/islam-woman

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: