Құранның бірегейлігіне логикалық дәлелдер

Құранның бірегейлігіне логикалық дәлелдер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

«Расында біз мұны Арапша Құран түрінде түсірдік, әрине түсінерсіңдер». («Юсуф» сүресі, 2-аят).

Құран жер бетіне түскелі он бес ғасыр өтті. Сол уақыттан бері Ислам ғұламалары Құранның аяттарына қатысты қаншама еңбектер жазса да оның мағынасы толық баяндалып бітті дей алмаймыз. Себебі, Құранның мағынасы шексіз, түпсіз терең. Оның үстіне уақыт өткен сайын Құран аяттарының мәні жаңара түсуде. «Фуссилат» сүресінің 53 аятында: «Болашақта дәлелдерімізді ғаламзат және өз жаратылыстарында көрсетеміз. Сол кезде Құранның ақиқат екендігіне олардың анық көздері жетеді» делінген. Демек, уақыт озып, адам баласының ілімі артқан сайын аяттардың мәнін тереңірек ұғыну мүмкіндігі арта түседі деген сөз.

Қасиетті Құран аяттары түскен уақыттан бастап Құранның авторы,  дұрыстығы,  түсу әдісі туралы көптеген талас-тартыстар мен даулар туындады. Бұл талас-тартысқа түрлі деңгейдегі түрлі маман иелері де қосылып жатты.  Бірақ, көптеген Батыс және Шығыс зерттеушілерінің ойлары бір жерге түйісті. Ол Құранның адам баласымен жазылмағандығы және қайталанбас бірегейлігі еді.  Зерттеушілер мен ғалымдар мұндай шешім шығару үшін нақты дәлелдерді алға тартты.  

Құранды арабтардың жазуы мүмкін  емес еді. Себебі, арабтар сол кезеңде өздерінің «лингвистикалық таланттары»  арқылы барлық мәселені дәл осы  Құранда баяндалғандай жазып бере алмас еді. Бұл сәтсіздікті олар өздері мойындады. Құранды арабтардан да  басқа ұлттың жазуы да  мүмкін емес. Өйткені,  Құран тілі – араб тілі. Құрандағы барлық аяттар қате-кемшіліксіз, еш өзгеріссіз жазылу үшін араб тілін жетік меңгеру шарт болады. Құранды  Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбардың  жазуы да мүмкін емес. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у.) араб ұлтынан шықса да,  Құранды жазуға сол кездегі таланты мен білімі жеткіліксіз еді. Араб лингвистерінің өзі  Құранды Пайғамбарымыз (с.а.у.) жазды дегенге еш келіспейді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басынан  көптеген қиындықтар өтті: балалары, әйелі мен туыстары, сахабалары дүниеден өтті, мүшріктер сахабаларын қинады, туған жерлерінен қуды, кінәлады. Осы қиындықтың, ауыртпалықтың әсері  Құранның бір жерінде жазылмаған. Егер, Құранды Пайғамбарымыз (с.а.у.) жазған болса, осыншама көрген қиындығының әсерін өзі жазған кітапта баяндамауы мүмкін емес.

Бірде аса бай, араб әдебиетін терең білетін Утбә ибн Рәбиға Аллаһ Елшісін әкелген дінінен бас тарқызбақ болып, оны әңгімеге тартып, әкесінің пұттарға табынғанын айтып, пұтқа табынушылықтың дұрыстығын дәлелдемек болады. Әз Пайғамбар оны тыңдап болады да: «Айтып біттің бе?» – дейді. Ол: «Иә», – деп жауап қатқанда ақиық Елші тізе бүгіп отырып, «Фуссилат» сүресін оқи бастайды: «Олар бет бұрса: «Сендерге Ғад, Сәмүд елінің басына келген нажағайдай апатты ескертемін» аятына келгенде денесі қалтырап, қолымен Аллаһ Елшісінің аузын басып: «Тоқтат, Мұхаммед! Иланған Аллаһың үшін тоқтат!» – деп орнынан тұрып кетіп қалады. Артынша Әбу Жәһилмен кездескен ол: «Мұхаммедтің оқығаны маған қатты әсер етті. Өйткені, оқығаны өлеңге мүлдем ұқсамайды. Ол сөзсіз өлең емес. Сиқыршының сөзіне де келмейді. Не дерімді білмей тұрмын. Ол һәм тура сөзді адам ғой. Оның оқығандарын тыңдап отырып, Ғад, Сәмүд халқының басына келгендері біздің де басымызға келе ме деп қатты қорықтым», – дейді.

Құранның жетілдіру, даналық, адалдық және тақырыптық әртүрлілігі, тіпті мәтінінде де алғашқы аятынан бастап  соңғы аятына дейін өзінің күшін сақтаған. Құран –  сан ғасыр өтсе де редакциялауды,  қайта басып шығаруды  қажет етпейтін әдеби шедевр.

Құранның әр аяты белгілі бір оқиғаға, сұраққа, мәселеге байланысты түскен. Алайда, сол әр аяттың ешқайсысы ешқашан өзгеріске ұшырап, өңделген емес.  Құранға бұл өңдеу қажет те емес, себебі  Құран ешбір теңдесі болмаған, барлық кемшілік атаулыдан пәк Ұлы Алладан келген. Хадистердің мәтіні мен  Құран аяттарының мәтіні арасында  өте үлкен айырмашылық бар. Егер, Құранды Пайғамбарымыз (с.а.у.) жазған болса,  пайғамбарлық міндетін атқарған 23 жыл бойы  екі түрлі  стильді қалай алып жүре алар еді?  Қазіргі зерттеу нәтижелері көрсеткендей бұл психологиялық және физиологиялық тұрғыдан да  мүмкін емес.  Құран сөзі басқа, әз Пайғамбардың (с.а.у.) сөз стилі мүлдем басқа. Сөз өнерін жақсы білетін адамға екі ақынның өлеңін яки екі жазушының сөйлемін араластырып оқысаңыз, әрбірі бөлек-бөлек туынды екенін дереу байқайды. Өйткені, әрбірінің өзіндік стилі бар. Құран мен хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) сөзінің стилі де дәл осындай бөлекше. Араб тілін терең білген ғалымды былай қойғанда, араб тілін білетін жай кісінің өзі аят пен хадисті ажырата алады. Арабтар хазіреті Елшінің (с.а.с.) сөздерін жай өздерінің сөздері секілді айқын айыра білетін.

Сонымен қатар, Құранды жындардың  жазуы да мүмкін емес. Олардың бұл өмірде бар екендігі Құранның өзінде жазылған. Егер кімде-кім, Құран өзге жаратылыстармен (періште, шайтан, жын) жазылған дейтін болса, онда ең бірінші сол өзге жаратылыстардың бар екенін дәлелдеп, содан кейін Құранның ақиқаттығын дәлелдеу керек болады. Осы тұста дедукция (ойлаудың жалпыдан жалқыға, бүтіннен бөлшекке көшіп нәтиже шығару) әдісі жоққа шығады. Себебі, періште, шайтан, жындардың бар екеніне дін негіз бола алады. Ал дінімізде  кітаптарға иман келтіру  иманның алты шартының біріне кіреді. «Әрине пайғамбарлардың қиссаларында ақыл иелері үшін өнеге бар. Құран бір жасама сөз емес. Бірақ өзінен бұрынғы кітаптарды растайды. Сондай-ақ иман келтірген ел үшін әр нәрсені ашықтайтын тура жол және игілік». («Юсуф» сүресі, 111-аят).  

Жоғарыда айтылған логикалық дәлелдерді жинай келе бір нәрсені ұғамыз, Құран – Алланың  сөзі  және  «Ол (Құран Кәрім), бүкіл әлемге насихаттан басқа еш нәрсе емес». («Тәкуир» сүресі, 27-аят).

Алла қасиетті Құранды баршамыздың  жүрегіміздің нұры, көңіліміздің көктемі етсін!   

 Лаура ҚАНАТҚЫЗЫ 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: