Мәрия – Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) бала туып берген екінші әйел

Мәрия – Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) бала туып берген екінші әйел

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мәрия (р.а.) Исламды қабылдаған күң болатын... Оны Мысыр билеушісі Мукаукис Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) сыйға тартқан... Ол Хадишадан (р.а.) кейінгі Мұхаммед Пайғамбарға бала туып берген екінші әйел болған... Ол дүниеге Ибраһимді әкеліп, өзі мүміндердің анасы атану бақытына ие болған...

Ол мысырлық болатын. Ол Копттық Мәрия деген атпен таныс болған. Оның шын аты Мәрия бинт Шам’ун. Ол Мысырдағы Ніл өзенінің шығысындағы Саид провинциясының Хафн деген ауылынан шыққан. Ол туралы жеткен мәліметтерде оның әкесінің копт, ал анасының христиан дінідегі кісі болғандықтары және оны жастайынан Мукауис сарайына бергендігі айтылады.

Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) Худайбиде меккелік пұтқа табынушылармен алдағы он жыл ішінде өздеріне соғыс ашпайтыны туралы мәміле жасағаны белгілі. Осыдан кейін ол көрші мемлекеттерге өз өкілдерін жібере бастайды. Өкілдер Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Исламға шақырған хаттарын жеткізетін болған. Мысыр билеушісі Мукаукиске Хатиб ибн Әбу Балта (р.а.) жіберіледі.

Мукаукис Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) өкілін жоғары деңгейде қабылдап алады. Ол әдепті сақтап сыпайыгершілікпен хатты қабылдап мұқият оқып шығады. Оның жүрегі Ақиқатпен нұрланады. Алайда ол биліктен айырылып қалудан қорыққандықтан Исламды қабылдай алмайды. Ол патшаға тән кеңпейілділік танытып, өкілге Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үшін қымбат сыйлықтар мен жауап хатты жібереді.

Ол Пайғамбарға (с.ғ.с.) Мәрия және Сирин есімді екі күң, маталар мен жақсы араб сәйгүліктерін сыйға тартады. Осы шағын керуен Мәдинаға хижраның жетінші жылы жетеді.

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) билеушінің сыйлықтарынан бас тарта алмайды. Ол оларды қабылдап, Мәрияны өзіне қалдырады да, Сиринді Хасан ибн Сәбитке береді. Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әңгімелері Мәрияға қатты ұнайды. Ол Пайғамбардың өзіне қалай қарым-қатынас жасайтынына және оның тұрмыстағы қарапайымдылығына риза болады. Оның әйелдеріне үй шаруасына көмектескені Мәрияға қатты әсер етеді. Мукаукистің сарайында өзі үйренген әдеттегі даңғазалық пен маңыздылықтың орнына мұндағы жылы шырай, адамгершілік пен ықыластылық оның Исламға тез жақындауына әсер етеді. Ақырында ол өзі қалағандай өмір сүруге және өзі дұрыс деген нәрсесіне сенуге мүмкіндік алады. Осы таңдау еркіндігі оның Ақиқат жолуына түсуіне мүмкіндік береді.

Ол мұсылман болу арқылы биік деңгейге көтеріледі. Ол Хадишадан (р.а.) кейінгі Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с.) бала сыйлаған екінші әйел болды. Ол күллі мүміндердің анасы болу арқылы азаттық алады, бұдан кейін оған ешкім де күң ретінде қарамайтын болады. Оның ұлы Ибраһимді Мәдинаның сыртындағы Авали ауылында тұратын сүт анаға береді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) ұлын көруге жиі келіп тұрады. Ол Алланың берген сыйына бақытты болады. Ұлының қалай өсіп жатқанына оның қуанышы қойнына сыймайды. Ибраһим анасы Мәрия (р.а.) үшін де қуаныш пен жұбанышқа айналады. Алайда өкінішке орай, кішкентай Ибраһим ауырып қалады. Ол ата-анасының көз алдында сола бастайды. Оның кішкентай денесінен жаны шығып бара жатқан кезде, оны Мәрияның қолынан Алланың Елшісі (с.ғ.с.) алып, кеудесіне басып үлгереді. Ол оның басынан сипат тұрып былай дейді: «Ұлым менің! Біз Алладан келген нәрсеге қарсы тұра аламаймыз. Ибраһим! Егер бізге өзіміздің алдымыздан кеткендермен тағы кездесу жазылмаса, онда мен қайғыдан не істерімді білмес едім. Сенің бізді тастап бара жатқаныңа біз қатты қайғырамыз. Көзден жас еріксіз ағады, жүректен маза кетеді. Осының бәрі үшін біз өзіміздің Құдайымызды жазғыра аламаймыз». Осыдан кейін ол Мәрияға осы оқиғаға қатысты дұрыс көзқарасты түсіндіріп, оны жұбатуға тырысады.

Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) рақымды жаны сезімге толып, көз жасын ұстауға шамасы жетпей қалады. Сол жерде тұрған Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) таңқалып былай дейді: «О, Алланың Елшісі! Сіз расымен де жылып тұрсыз ба?»

Бұған Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп жауап береді: «Мен сендердің жылауларыңа тыйым салмаймын. Жүрегім қайғы мен мұңға толуда, ал көздерім жасқа толуда. Бұл адамның еркіндегі нәрсе емес. Мен сендердің боздап жылауларыңа әрі жоқтау айтуға және бұрынғы кездегі адамдардай жаман әдеттерді ұстануға тыйым саламын».

Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үшін Ибраһимнің туылуы қандай қуаныш болса, оның өлімі де ол үшін сондай қайғы болды. Ол сәбиін сол күні жерлеп, жаназа-намазын шығарып, өз қолымен топырақ салады. Содан кейін ұлының моласының топырағына су құяды да, бас жағына шағын тас қояды. Ибраһим әл-Бақи зиратына жерленеді.

Осы күні күн тұтылады. Кейбіреулер мұны Ибраһимнің өлімімен байланыстырып былай дейді: «Ибарһимнің өліміне байланысты күн тұтылды». Мұндай пайымдамаларды естіген Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Күн мен ай – бұл Алла тағаланың нышандарынан. Олардың тұтылуының қарапайым ажалды адамдардың ешбірінің өліміне де, туылуына да қатысы жоқ».

Ұлы өлгеннен кейін Мәрия жұрттың алдына шықпайтын болады. Ол баласының қазасына қатты қайғырады және оның моласына жиі барып тұрады. Алайда көп уақыт өтпей дүниеден Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) өзі де өтеді. Осыдан кейін Мәрия пендешілік өмірден мүлдем алыстап кетеді.

Ол өте тыңыш, оңашаланған қалыпта өмір сүреді. Үндемейтін, ешкімнің шаруасына араласпайтын болады. Осы себептен де ол бірде-бір хадис жеткізбеген. Мәрия (р.а.) хиджраның 16 жылы Умар (р.а.) халиф болып тұрған тұста қайтыс болады. Оның жаназа-намазын халифтің өзі шығарды. Ол да әл-Бақи зиратына жерленеді. Алла оны бізге араша ете көрсін. Әумин.

hibatulla.kz/islam-woman

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: