Намазды бұзатын нәрселер

Намазды бұзатын нәрселер

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Намаздың сыртқы немесе ішкі парыздарының біріне қандай да бір нұқсандық келсе, намаз бұзылады. Намазды бұзатын нәрселер:

1. Намазда сөйлесу. Намазда мейлі әдейі, мейлі жаңылысып сөйлесе, намазы бұзылады. Намазда біреудің түшкіргеніне «ярхамукаллаһ» (Алла саған рақым етсін) деген бір сахабаға Алла Елшісі намаздан кейін былай дейді: «Намазда адамдық (қарым-қатынас) сөздерді сөйлеу дұрыс емес. Намаз – тәсбих, тәкбір және Құран оқудан тұратын ғибадат». Бірақ адамның өз-өзіне «Ярхамукаллаһ» деуі намазды бұзбайды.

Адамның науқастығынан немесе бір затынан, бір досынан айрылу секілді қайғылардан әріптер белгілі болатындай дауыспен жыласа, немесе «аһ, уһ» секілді дыбыс шығарып жыласа, намазы бұзылады. Бірақ адам өз-өзіне ие бола алмай жыласа, еріксіз есінегендей намазы бұзылмайды. Алладан қорыққанынан немесе жәннат пен жаһаннамды ойлап жылауы, есінеуі намазды бұзбайды. Құран немесе хадистегі дұғаларды намазда оқу намазды бұзбайды. Себепсіз екі әріп белгілі болатындай түшкірсе, намазы бұзылады. Бірақ еріксіз табиғи түрде түшкіру – бұдан тыс нәрсе. Намазда біреудің сәлеміне тілмен жауап қайтару немесе қол алысып, құшақтасып амандасу намазды бұзады. Намазда тұрған адамға «Алға жылжы», «сап түзе» секілді сөз айтылып, ол да осыны іске асырса, намазы бұзылады. Бұл – намазда Алладан басқасының бұйрығына бағыну. Бірақ өздігінен аздап жанына жылжып орын беруі намазды бұзбайды.

Имам Ағзам бойынша, Құранға қарап намаз оқу – намазды бұзады. Намазда имамның қырағатын жамағаты түзесе, намаз бұзылмайды. Намазда бір аятты оқымағанын намаздан кейін хабар берген сахабаға Алла Елшісі (с.а.у.): «Маған ескерткеніңде ғой», – дейді. Егер имам сол аятты оқи алмай басқа аятқа өткеннен кейін, түзеткен адамның намазы бұзылады. Сол секілді қырағатын сырттан түзеткен адамға ұйып, қырағатын түзеткен имамның намазы бұзылады.

2. Ішіп-жеу. Намазда мейлі әдейі, мейлі білмей бір нәрсе жеу, ішу намазды бұзады. Үлкен болсын, кіші болсын бәрібір. Тістің арасында қалған ноқат дәнінен үлкен нәрсені намазда жұтса, намаз бұзылады. Одан кіші болса, намаз бұзылмайды. Өйткені мұндай нәрседен сақ болу өте қиын. Ауызда еріген қант, шекер, т.б. нәрселерді жұту да намазды бұзады.

3. Қатарынан бірнеше іс-әрекет жасау. Намазда жасалған көп қимыл намазды бұзады. Аз іс-қимыл намазды бұзбайды. Намаз оқып тұрған адамның намаз оқып, оқымағаны жайлы сырттан қараған адамға қүмән келтіретіндей жасаған іс-әрекеті – көп іс-қимыл болып саналады. Олар мыналар: Бір адам денесін бір рет немесе екі рет немесе әрбір рәкаттарда бір рет, екі реттен қасыса, намазы бұзылмайды. Бірақ бір рәкатта қатар-қатар үш рет қасыса, бұзылады. Бір саусағымен қолын қимылдатпай бірнеше рет қасыса, бір рет қасығанға жатады. Намазда себепсіз қатарынан тоқтамай үш қадам басу – намазды бұзады. Намазда бір қолымен басынан сәлде немесе тақиясын алып жерге қоюы немесе бұларды жерден алып басына киюі намазды бұзбайды. Бірақ бұл іс-әрекет – көп іс-қимылды білдірсе, намазды бұзады.

4. Құбыладан бұрылу. Себепсіз намазда кеудесімен құбыладан басқа жаққа бұрылса, намазы бұзылады.

5. Намазда әурет жерінің ашылуы намазды бұзады. Ханафи мәзһабында әурет жері болған мүшенің төрттен бірінің ашылуы намаздың бұзылуына жетіп жатыр.

6. Намаз оқыған адамның дәретінің бұзылуы. Намазда адамның мұрны қанаса немесе аузына құсық келу секілді себептерге байланысты еркінен тыс дәреті бұзылса, мұндай жағдайда адамның дәреті бұзылса да, намазы бұзылмайды. Ол сөйлеместен және басқа бір әрекет етпей тек дәретін қайта алып келген жағдайда, намазын келген жерден жалғастыра алады. Бірақ намазын қайта басынан оқыса – абзал.

7. Дауыстап күлу. Намазда жанындағы адам еститіндей етіп күлу – намазды бұзады. Мұндай жағдайда адамның намазы да, дәреті де бұзылады. Егер сәл күлімсіресе намазы бұзылмайды. Бірақ күлімсіреген уақытта өзі еститіндей дыбыс шығарса, намазы бұзылады, бірақ дәреті бұзылмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім дауыстап күлсе, намазы мен дәретін қайталасын», – дейді.

8. Талып қалу, ес-түстен айрылу. Мұндай жағдайларда адамның намазы бұзылады.

9. Намаз ниетін ауыстыру. Оқып жатқан намазынан басқа намазға ниет етсе, намазы бұзылады.

10. Намаздың бір парызын тастау. Намаздың ішіндегі бір парызын сол намазда қаза етпестен тәрк ету намазды бұзады. Намаздың бір рәкатының сәждесін тәрк етіп, мұны сол намазда қаза етпей сәлем беру секілді.

11. Намаз оқыған ер адамның арасында бір адам сыятындай орын болмай немесе перде, дуал, т.б. бөлінбей әйелмен бір сапта намаз оқуы – намазды бұзатын нәрсе. Ханафи мәзһабында әйел адам ер кісілердің арасында бір сапта намаз оқыса, әйелдің екі жанындағы екі еркектің және дәл артындағы бір еркектің намазы бұзылады. Намаздың бұзылуы намаздағы парыз саналған сап ретінің тәрк етілуіне байланысты.

12. Тәйәммүммен намаз оқыған адамның су көруі. Тәйәммүммен намаз оқыған адам, пайдалануға шамасы келетін суды көрсе, намазы бұзылады. Мысалы, намазда тоқтап қалған судың келуі секілді. Бірақ Ханафида, тәшәһһүдта отырғаннан кейін судың табылуы намазды бұзбайды. Өйткені, бұл кезде намаз аяқталған.

13. Намаз бітпей жатып сәлем беру. Төрт рәкаттан тұратын намазды ұмытып, екі рәкат санап, бірінші отырыстың соңында сәлем берген адамның намазы бұзылады. Бірақ төрт рәкат екенін біліп, қателесіп бірінші отырыстан кейін сәлем берсе, намазы бұзылмайды. Сәлемнен кейін көп іс-қимыл жасамаса немесе сөйлемесе, қайтадан тұрып намазының қалған бөлімін орындайды. Кешіктіргені үшін сәһу сәждесі жасалады.

14. Парыз, уәжіп намаздарының уақытышыққанда.

15. Мәсіге тартылған мәсіх уақытының аяқталуы.

"Ислам ғылымхалы" кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: