Теңіздердің бір-біріне араласпауы
Зерттеушілердің теңіздердің ерекше қасиетіне байланысты соңғы ғасырда ашқан жаңалықтарының бірі Құранның «Рахман» сүресінде былайша баяндалады: ﴿مَرَجَ الْبَحْرَيْنِ يَلْتَقِيَانِ بَيْنَهُمَا بَرْزَخٌ يَبْغِيَانِ﴾ «Алла Тағала екі теңізді ағызды, олар бір-бірімен қабысады, бірақ араларында перде болғандықтан бір бірімен араласпайды». Иә, бір-бірімен қабысып жатса да сулары араласпайтын теңіздердің жоғарғы аятта айтылған ерекшелігі жақында ғана мұхит зерттеушілері тарапынан Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының қабысқан жерінен табылды. Ғасырлар бойы бір-бірімен түйісіп тұрған теңіз суларының тығыздықтарының әр түрлі болуы – екі теңіздің суларын бір-біріне араластырмай ортада көрінбейтін бір қабырға бардай боп тұрады.
Шынымен-ақ, физика ғылымы, су асты зерттеулері, тығыздық өлшемі сияқты нәрселер әлі адамның үш ұйықтаса түсіне кірмейтін дәуірде Құранның бұл ғылыми ақиқатты дөп басып баяндауы ойланған адамға көп нәрсенің бетін ашары сөзсіз…
Таулардың қозғалуы
Құранның бір аятында табиғаттың әсем де асқақ ажырамас бөлігі – таулардың әрдайым қозғалыста болатыны турасында былай делінген: ﴿وَتَرَى الْجِبَالَ تَحْسَبُهَا جَامِدَةً وَهِيَ تَمُرُّ مَرَّ السَّحَابِ﴾ «Тауларды көріп, оларды тапжылмай тұр деп ойлап қаласың. Ал олар болса, бұлттардың көшуі тәріздес жылжуда». Таулардың бұл қозғалысы жер қабығының қозғалысына байланысты. Жер қабығы болса, мантияның үстінде үнемі қалқып жүреді. Ең алғаш ХХ ғасырдың басында неміс ғалымы Алфред Вегенер жер бетіндегі құрлықтардың бастапқыда біртұтас болғаны, кейіннен түрлі бағыттарда жылжып, бір-бірінен бөлінгені туралы тұжырымды ортаға салған еді.
Алайда, геологтар Вегенердің айтқандарының тек тұжырым ғана емес, ғылыми ақиқат екендігіне оның өлімінен 50 жылдан кейін ғана, яғни 1980 жылдары ғана көз жеткізді. Ал, бұл ақиқат Вегенерден де пәленбай ғасыр бұрын бүкіл ғылымдардың қайнар бұлағы – Құранда айтылып кеткен еді…
Вегенердің 1915 ж. жарияланған мақаласында мына деректер келтірілген: жер бетіндегі құрлықтар шамамен 500 миллион жыл бұрын біртұтас болған, Пангаэя атты бұл үлкен құрлық оңтүстік полюсте орналасқан. Шамамен 180 миллион жыл бұрын Пангаэя екіге бөлінеді. Екі бағытқа қарай жылжып отырған бұл екі құрлықтың бірі – Африка, Австралия, Антарктика және Үндістанды қамтыған Гондвана, ал, екіншісі – Еуропа, Солтүстік Америка және Үндістансыз Азиядан тұратын Лавразия болатын.
Осылайша, Пангаэяның бөлінуі нәтижесінде пайда болған бұл құрлықтар үздіксіз түрде жылда бірнеше сантиметрлік жылдамдықпен жылжып отырады. Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды нәрсе – Құран аятында таулардың қозғалысына байланысты «жылжу» сөзінің қолданылуы. Қазіргі ғалымдардың бүгінгі таңда осы таулардың қозғалысы туралы пайдаланып жүрген термині ағылшын тілінде «continental drift», яғни «құрлықтық жылжу».