Ғамус анты
Жалған ант. Бір нәрсені біле тұра әдейі жалған ант ету. Мысалы, біреудің қарызын бермегенін біле тұра, «Алла атымен ант етейін, уаллаһи, биллаһи қарызын өтегенмін» деуі секілді. Мұндай ант – үлкен күнә. Мұндай антқа Ханафи мәзһабында кәффарат керек емес. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бес нәрсеге кәффарат керек емес деп санаған нәрселердің арасында осы ғамус түрі де бар.
Лағу анты
Қателесіп немесе айтқаным дұрыс деп ойлап, ант ету түрі. Мысалы, бермеген қарызын бердім деп ойлап, «уаллаһи, биллаһи бердім» деу секілді. Сол секілді ант етуді ниет етпестен ант сөзін айтуды әдетке айналдырғандықтан, сөзін қуаттау үшін «уаллаһи, биллаһи» деуі. Бұндай антқа кәффарат керек емес.
Мун’ақид анты
Іске асу мүмкіндігі бар және жалпы болашаққа байланысты бір нәрсе жайлы ант ету: «уаллаһи, биллаһи, Алла атымен ант етейін, ертең қарызыңды өтеймін» деуі. Мұндай антын орындамаса, кәффарат керек. Құранда: «Алла біле тұра істеген анттарыңа жауапты қылады», – дейді. Мұсылман адам қолынан келетін бір нәрсеге ант берсе, орындауы керек. Мұсылман өзіне берген сөзі мен уәдесінде тұрғаны дұрыс. Құранда Алла: «Анттарыңды сақтаңдар»358, «Аллаға берген серттеріңді орындаңдар», – дейді.
Атау (нәзір)
Атау, нәзір – Аллаға ғибадат мақсатымен өзіне тікелей міндет жүктелмесе де мүбаһ (адал) бір істі жасауға шешім қабылдап, осындай бір істі өзіне уәжіп ету және Аллаға сөз беруі. Алла үшін ғибадат саналған кейбір нәрселерді атау – сауап алуға арқау нәрсе. Мысалы, «Алла үшін ертең ораза ұстауды атадым» немесе «Жоқ-жітікке осынша ақша берейін» деу іспетті. Немесе «Осы қиыншылықтан аман-есен өтсем, Алла үшін құрбан шаламын» дегендей. Негізінде мұндай атау иләһи діндерде де кездескен ғибадат түрі.
Құран Кәрімде Хазіреті Мәриям туралы атауды баяндаған: «Сол кезде Имранның әйелі: «Раббым, ішімдегіні азат етіп, Саған арнадым, менен қабыл ет!». Және Мәриямға Жебірейіл (а.с.): «Рақымды Алла үшін ораза ұстадым. Сондықтан бүгін ешкіммен сөйлеспеймін» деп айт», – дейді. Алла мұсылмандарға «Айтқан нәзірлерін орындап, Қағбаны тауап етсін», – дейді. Әлбетте, мұндай атау тек шариғат шеңберінен шықпауы керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім Аллаға бойұсынуды білдіретін нәрсені атаса, орындасын, егер де кімде-кім Аллаға қарсы келетін нәрсе атаса, Аллаға қарсы келмесін».
Атаудың шарттары
1. Аталған нәрсенің парыз немесе уәжіп түрінен болуы шарт. Мысалы; «Бір апта ораза ұстайын», «Жүз рәкат намаз оқиын» немесе «Бір құрбан сояйын» деп атаса, бұларды орындау уәжіп. Себебі, мұнда парыз бен уәжіп ғибадат түрлері бар. Ал «Науқастың көңілін сұрайын», т.б. сияқты атаулар іске аспайды. Өйткені, мұнда парыз яки уәжіп жоқ.
2. Атаушының ақылы бүтін және балиғат жасына толуы керек.
3. Аталған нәрсе парыз яки уәжіп түрінен болса, мұндай парыз яки уәжіптер басқаға тәуелді болмай өз алдына жеке ғибадат болуы керек. Мысалы, «Төрт рәкат оқиын» деуі атауға жатса да, «Жақсылап дәрет алайын» немесе «Тиләуәт сәждесін жасайын» деу атауға жатпайды. Өйткені дәрет пен тиләуәт сәждесі жеке өз алдына ғибадат емес. Керісінше, негізгі ғибадатқа арқау ғана.
4. Аталған нәрсе сол кезде немесе келешекте атамаса да, жасалатын парыз яки уәжіп болмауы керек. Мысалы, «Бүгін бесін намазын оқиын» яки Рамазан айында «Ертең ораза тұтайын» деуі атауға жатпайды.
5. Аталған нәрсе Алла пен Оның Елшісіне қарсы келетін нәрсе болмауы керек. «Мына ісім оңға басса, өзімді Алла жолында құрбан етейін» деген атаулар жарамсыз.
6. Аталған нәрсенің іске асуы – шарасыз болмауы керек. «Кеше ораза ұстайын» деген сияқты оны істеу мүмкін емес, түсінуге де тиянақсыз болмағаны дұрыс.
7. Аталған малы немесе мүлкі бөгденікі яки өз иелігіндегі мүлкінен көп болмауы керек. Себебі, адам жасай алатын нәрсесін атау керек.
Кейбір нәрселердің іске асуына байланысты атаулар. Мысалы, «Осы дерттен бір құтылсам, ораза ұстайын» деуі – шартты атау. Атаған адам науқасынан айыққан жағдайда атауды іске асыру – уәжіп. Шартты атаулар іс жүзеге аспай тұрып орындалса, жарамсыз саналады. Мысалы, науқастан айықпай тұрып, ораза ұстау.
Ханафи мәзһабында атаудың орындалуы үшін нақты белгіленген күні емес, басқа күні ораза ұстауға болатыны сияқты нәзірді аталған адамға яки аталған жерге емес, басқа адамға, басқа жерге де бере алады. Яғни, белгілеген күні емес, басқа күні ораза ұстауына, сол адамға емес, басқа адамға беруіне, т.б. болады.
Екінші – шартсыз атаулар. Екіге бөлінеді:
1. Белгіленген атау. Ешқандай шартқа қатыссыз белгілі бір уақытта іске асатын атаулар: «Осы аптаның жұма түні жүз рәкат намаз оқиын» деп атағанындай. Орындай алмаса, қазасын өтейді.
2. Белгіленбеген атау. Қандай да бір шартқа немесе заманға қатыссыз жалпы атаулар. «Бір апта ораза ұстайын» деуі осыған жатады. Ал «Бірақ пәленшенің келуі үшін құрбан шаламын» деу – дұрыс емес, үлкен күнә. Аллаға серік қосу. Бір адам Алла үшін құрбан атаса, оны өзінің отбасы, ата-анасы жемейді. Жей қалған күнде құнын садақа етіп тарату керек.
"Ислам ғылымхалы" кітабынан