Кісі ақысы желінген жағдайда оның жазалары да қарастырылған. Атап айтқанда, оның қатарына мыналар кіреді:
1. Ақысы желінген адамнан шын ықыласпен кешірім сұрап, ризашылығын алу;
2. Жасаған күнəсі үшін Алладан кешірім сұрап, тəубеге келу;
3. Кісі ақысына келгенде адамдар мүмин-кəпір болып бөлінбейді. Үкім де, жаза да бəріне бірдей ортақ.
4. Егер бір кездері ақысын жеген адамыңыз қайтыс болып кетсе, оның туыстарына сол зат мөлшеріндей садақа беру керек. Жақындарын да таба алмасаңыз, кез келген адамдарға жаңағы заттың мөлшерінен анағұрлым көп садақа тарату;
5. Егер арадағы нəрсе дүниелік зат болса, алынған затты иесіне қаз-қалпында қайтару;
6. Ақысы желінген кісі мен ақының мөлшері жайлы төменде айтылған. Кісі ақысы жайлы сұрақтарға мұсылман ғалымдары былай жауап берген екен:
Кісі ақысына байланысты жасалуы тиіс амалдарды бес топқа бөліп қарастырамыз:
1) Дүниелік заттарға байланысты кісі ақысы;
2) Кісінің өзіне байланысты кісі ақысы;
3) Ар-намысына байланысты кісі ақысы;
4) Жақын туыстар арасындағы жəне некеге байланысты кісі ақысы;
5) Дінмен байланысты кісі ақысы.
1. Дүниелік заттарға байланысты кісі ақысы
Ұрлық, тартып алу, қулық немесе алдау арқылы мал табу, біреудің дүниесіне зиян келтіру, жəне де біздің заманымызда кеңінен етек жайған пара алу сияқты əділетсіздік арқылы табылған дүние кісі ақысына жатады. Алланың əмірлеріне құлақ аспай, осындай күнə жасаған пенде дереу тəубе етіп, біреудің көз жасымен қайғысының үстінен тапқан дүниесін иесіне қайтарып, иесінен кешірім сұрауы керек. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) біреудің ақысын жеу арқылы табылған дүние жəне де тілімен адамдардың намысына тию арқылы біреудің ақысын жеу туралы былай дейді: «Егер біреу бауырының намысына немесе дүниесіне рұқсатсыз тиіссе, алтын мен күміс болмайтын қиямет-қайым келмей тұрып, оның ризашылығын алсын. Олай жасамаған жағдайда, жасаған сауаптары керегінше ақысы желінген адамның амал дəптеріне жазылады. Сауабы аздық еткен жағдайда ақысы желінген адамның күнəлары ақысын жеген адамның амал дəптеріне жазылады».
Біреудің ала жібін аттау арқылы табылған малда береке болмақ түгілі, арам саналады. Соған байланысты Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм): «Кімде-кім өзінің меншігінде емес затты иеленбек болса, ол адам бізден емес. Ол тозақтағы орнына дайындалсын» деп, кісі ақысының қаншалықты маңызды екенін айтып өткен. Біреу арам жолмен тапқан малын заң жүзінде өз атына жаздырса да, шариғат бойынша малдың адал болып саналмайтыны сөзсіз. Шариғат ол адамнан дүниені иесіне қайтарып, кешірімін дер кезінде сұрауды талап етеді. Енді малды иесіне қайтаруға қатысты кейбір жағдайларға тоқталайық.
а. Ақысы желінген кісі белгісіз болса
Ақысы желінген кісі белгісіз болып немесе артында бірде-бір ұрпақ қалмаған жағдайларға кезігіп жатамыз. Бұл жағдай екі түрлі реттеледі.
1) Жеке меншік мал. Иесі белгісіз харам мал сол иесінің атынан кедей-кепшіктерге садақа етіледі. Бұл кезде қолындағы кісі малын садақа еткен адам ешқандай да сауаптан дəметпейді.
2) Ортақ мал. Малдың белгілі бір иесі болмаса, күнəсінен тазарып кешірім алу үшін бұл харам малды барша мұсылмандардың игілігіне жұмсалатын жеріне берілгені дұрыс. Кейде қолдануға харам затты түпкі иесіне немесе мұрагерлеріне апарып беру айтарлықтай қауіп төндіруі де мүмкін. Ақысы кетіп, көп жыл жоқшылық тартқандар ізгі ниетпен тəубе еткен əлгі кісіге ондайда тарпа бас салып, қанауға-тонауға мысал етуге болады. Мұндай жағдайда ол заттың егесін жоққа санап, тыныш жүре берген дұрыс. Ал егер бұлай болмай жатса, зат иесінің де, өзінің де кешірілуін сұрап көбірек дұға еткен дұрыс. Жəне де қолданылған дүние мөлшері шамалас затты сауапты іспен айналысатын мекемелерге бағыштау да Алланың кешіріміне себеп болуы мүмкін. Бұл да мұсылмандарға ұсынылатын шешім.
ә. Ақысы желінген адам белгілі болса
1) Белгілі арам дүние: Ақысы желінген адам мен желінген дүние мөлшері белгілі болған жағдайда алынған зат кері қайтарылып, ақысы желінген адамның кешірімін алу керек. Алынған дүниенің қаз-қалпында қайтарылуы өте маңызды.
2) Кісі ақысын жеу арқылы алынған дүние таусылып, не жоғалып қалған жағдай: Иемденген арам дүние жоғалып, немесе таусылып қалған кезде істеген қателігінің дұрыс еместігіне көзі жетіп, иесіне бəрін қайтарғысы келген жағдайда көңіл бөлуі керек шарттар;
а) Мөлшері белгілі жағдай: Егер алынған дүниенің мөлшері белгілі болса, сол мөлшерде қайтарылады.
ə) Мөлшері белгісіз жағдай: Мөлшері белгісіз болған жағдайда шамамен сол мөлшерде қайтарылып, артынан міндетті түрде ақысы желінген адамның ризашылығы алынады.
2. Дүниелік емес кісі ақылары
Денеге байланысты кісі ақысы. Адам өлтіру немесе бір денесіне жарақат салып, ауыртып қою осыған жатады. Алдымен Аллаға тəубе етіліп, содан кейін жəбірленушіге немесе мұрагерлерінің шешіміне қарай ақы төленеді. Жəбірленуші немесе мұрагерлері қылмыскерді қоя берсе де, ақша талап етіп барып кешірсе де, сотқа шағымданып жазалануын талап етсе де өзі біледі. Бірақ, бұл жерде жанға-жан, қанға-қан деген үрдіске рұқсат етілмейді. Ар-намысына нұқсан келтіру. Яғни ғайбаттау, жала жабу, мазақ ету, балағаттау, тіл тигізу, қорлау əрекеттері. Мұндай кезде Аллаға тəубе етіп, əлгі адамнан барып кешірім сұрау керек.
Туыстарға жəне некеге байланысты ақылар. Өзгелердің əйелдері, бала-шағалары мен басқа да туыстарына жасалған қиянаттар. Бұл жағдайда Алладан кешірім сұрап тəубе ету керек. Діни тұрғыдан кісі ақылары. Адамдардың діни білім алуына немесе ғибадат етуіне кедергі келтіру. Мұсылмандарға кəпір немесе пасық деу. Бұл кезде Аллаға тəубе етіп, сол адамдардан барып кешірім сұраған жан. Хадистерде осы діни ақылар туралы мыналар айтылған. Егер біреу басқаға кəпір, пасық, өтірікші деген сияқты жүйкесі сыр беретін сөздер айтса, егер бұл сипаттар аталған адамда бар болса, айтылған сөз барып иесін табады, ал егер бұл қасиеттер жоқ болса, онда, əлгі сөз айтқан адамның өзіне қайтады. Айтылған сөз ауаға сіңіп жоғалмайды. Кісі əр сөзінен жауап беретінін ұмытпауы керек. Бірнеше жыл бойы арам мен адалды ажыратып жатпай, кісінің көз жасына қалып мал тауып келген адамдар бір-ақ күннің ішінде бүгіннен бастап тəубе еттім деп, құрғақ тəубемен өздерінің ұждандарын да, мойындарындағы ақыны да тазарта алмайды. Айтпағымыз, күнəдан кейін тəубенің болатыны сияқты, кісі ақысын жегеннен кейін де баяғыда алынған болса да, мойынындағы жүктен құтылған дұрыс. Ал, баяғыда ақысын жеген адамның разылығын қалай алады?
Зат иесінен барып кешірімін алу ақыны жеген адам тарапынан қайтарылып немесе зат иесінің дүниеде де, ақыретте де ештеңе талап етпей кешіруі Алланың кешіріміне себеп болатыны белгілі. Өйткені, жақсылық жамандықты жояды («Һуд» сүресі, 115-аят). Зат иесінен жақсылап кешірім сұраған адам мойнындағы ақыдан құтылды деген сөз. Əйтпесе, кешірім сұрау нəтижесінде Алла кешіруге мəжбүр болады деген ой қате. Осы кешірім сұрау нəтижесінде мейірімі шексіз Алла тағала қаласа, өзара кешірім алысқан кісі ақыларын кешірер деген үміт бар. Ал кешірім сұраспаған кісі ақылары турасында Ұлы Алла ақы жеген адам мен ақы иесінің арасында сауап-күнə алмасуы жасайтынын (ақысын жегені үшін сауабын алып ақы иесіне беріп, сауабы жетпесе ақы иесінің күнəларын мұның мойнына ілуі) хадистерде білдірген. Бұл тұтастай Алланың еркінде. Күнə жасап тəубе еткеннен, ақысын иесіне қайырып беріп кешірім сұрағаннан бұрын сол күнəға бармаған дұрыс. Кісі ақысын жегенде жақсылап тəубе етіп, ақысын иесіне қайырып кешірім сұрау мұсылмандардың өзара татулықтарының іргесі сөгілмеуіне сеп болады. Ашу мен кектің сақталуы жеке адам мен қоғамның тыныштығына нұқсан келтірмей қоймайды. Мұсылмандар арасындағы татулыққа сызат түсіреді. Шама келгенше кешірімді болған дұрыс. Өйткені, кешірімді Алла тағала да кешіргендерді жақсы көреді. Бір жағынан адамның кісідегі ақысын кешірер-кешірмесі де өзінің құқы.
Жаназа намазы оқылғанда имамның немесе сол жердегі үлкендердің бірінің жұрттан қайтыс болып жатқан адамда кеткен ақылары болса, кешірілуін сұрау ол адамның ұсақ-түйек əділетсіздіктеріне ғана қатысты. Бұл қайтыс болған адамның мойнынан жеген барлық ақылары түсіп қалды деген сөз емес. Кісі ақысына кешірім сұрау туралы мына тоқтамға келе аламыз. Адамдардың біреулерден жаны шығардай болып кешірім сұрадың ширкке мүлде қатысы жоқ. Бұл бар болғаны иман мен ақиқаттың талабы. Бірақ, ақы иесінің ақысын қайтармастан құрғақ кешірім сұрай салу дұрыс емес. Аллаға тəубе ету керек. Жəне де аталмыш кісі кешірмесе, Алла та кешірмейді деп қайғыға салынып, жаға жырту да орынсыз іс. Себебі, ақыреттегі жай-күйіміз бір Аллаға ғана аян.
«Алла жіпті аттама» кітабынан