Исрафил періште

Исрафил періште

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сұрды (сырнай) үрлеуші періште. Исрафил – хадистерде айтылатын төрт үлкен періштенің біреуі. Оның негізгі міндеті қиямет қайым болатын кезде Аллаың әмірімен «Сұр үрлеу». Әрине бұл Исрафил періште бұдан басқа еш нәрсе істемейді деген сөз емес. Ибраһим пайғамбарға Алланың сәби бергенін сүйіншілеп адам бейнесінде келген періштенің, Алла тағаланың аршысын көтерген періштелердің бірі және Бәдір шайқасында мұсылмандарға жәрдем еткен періштелердің арасында осы Исрафил періштенің орын алғандығы айтылады. Сонымен қатар бәлкім біз біле бермейтін өзге де әмірлерді орындауға үнемі дайын тұруы әбден мүмкін.

Пайғамбарымыз бен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Исрафил періштенің арасында да достықтың лебі бар еді. Оны мына оқиғадан анық байқауға болады. Бір күні Жәбірейіл періштемен бірге Сафа төбешігінде отырған сәтінде пайғамбарымыз қанша күннен бері үйінде тіске басар бір уыс ұнның қалмағандығын тілге тиек етті. Осы уақытта көк жүзі гүрілдеп қоя берді. Пайғамбарымыз: «Қияметтің болуына әмір келді ме?», – деді.

Жәбірейіл: «Сенің  әуелгі сөзің көкте естіле салысымен Исрафилдің осы жерге келуі әмір етілді», – деді. Осы уақытта Исрафил періште Алланың сәлемімен келіп, Оған: «Уа, Алланың елшісі! Сенің айтқандарыңды Алла тағала естіді. Сенен: (Сүлеймен (ғ.с.) сияқты) патша пайғамбар болуды қалайсың ба, әлде құл пайғамбар болуды қалайсың ба? – деп сұрап жатыр», – деп сауал тастайды. Жәбірейіл періште осы сәт: «Раббыңа кішіпейілдік таныт!» деп ишара етті. Сонда Алла елшісі: «Бір күн аш қалып жалбарынған, бір күн тоқ болып шүкір еткен құл пайғамбар болуды қалаймын», – деп Исрафилге жауап қайтарған еді.

Тағы бір хадисте пайғамбарымыз Исрафил періштенің өзге періштелерден үстем екендігін көрсету үшін түнде намаз соңында: «Уа, Раббым! Жәбірейіл, Микаил, және Исрафилдің Раббысы. Көк пен жердің жаратушысы...», – деп олардың аттарымен дұға оқығанын көреміз.

Бұл періштенің аты тікелей Құранда аталмағанымен, сұр үрлейтін періштенің аты екені хадистер арқылы келіп жеткен. Қиямет күні бұл періште Алланың әмірімен екі рет сұрды үрлейді. Сұрға (сырнай) байланысты Құранда: «Сырнай үрленді, Алланың қалағандарынан тыс жердегі және көктегі барлығы дереу жансыз жерге құлады. Сосын сырнай тағы бір рет үрленген мезетте адамдар қабірлерінен түрегеліп жан-жағына шошына қарап қалады», – десе, Исрафил періште жайында: «Жақын жерден дауыстап шақыратын (сұр үрленетін) күнге құлақ сал», – дейді.

Сонда адам баласы қабірде үнсіз жатқанда бір дыбыс естиді. Бұл – олардың қайта тірілуіне ишара білдірген Исрафилдің сұр дыбысы.

Құранда: «Ендеше, олардан бет бұр. Әлбетте бір күні шақырушы (Исрафил) барлығын еш көрмеген таңқаларлық ақиқатқа (қабірдегі адамдарды мақшар алаңына жиналуы үшін сұр үрлеп) шақырады. Олар, үрейленіп, айналаны бірден шегіртке қаптап кеткендей қабірлерінен шығады», – дейді. Мына хадисте сұр жайында былай делінеді: Абдуллаһ ибн Әмір ибн әл-Астың риуаяты бойынша, бірде бәдәуидің бірі пайғамбарымызға келіп: «Сұр деген не?», – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Үрленетін сырнай» (біз үшін беймәлім яғни қияметтің хабарын беру үшін үрленген кезде дыбыс шығаратын құрал) – деп жауап берген еді. Басқа бір жерде екі дүние Рақымы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Исрафил сұрды қолына ұстап, үрлеу үшін әмір күтіп тұр», – дейді.

Исрафил періште Алланың рұқсатымен сұрды алғаш рет үрлегенде қиямет қайым орнап, жер мен көктегі бүкіл жанды тіршілік өледі. Екінші рет үрлегенде бүкіл жанды тіршілік қайта тіріледі де ақырет өмірі басталады. Исрафил періштеге сұр үрлегендіктен «Сұр үрлейтін періште» дейді.

Исрафил періштенің алғаш рет сұр үрлегендегі жағдайды Құран: «Сұр үрілген күні Алла қалаған біреулерден басқа көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді. Сондай-ақ барлығы Алланың алдына сүмірейіп келеді»; «Сонда бір рет сұр үрілген сәтте жер мен таулар көтеріліп, соғылып күйреген сәтте. Міне, сол күні қиямет уақиғасы болады. Сол күні көк жарылып, босайды», – деп суреттейді. Екінші үрлеу – қайта тірілудің белгісі. Құранда: «Сұр үрілгенде олар қабірлерінен тұрып, Раббыларының құзырына жүгіреді», – дейді.

Исрафил періштенің сұрға екі рет үрлеуінің арасында қанша уақыт бар екені белгісіз. Хадисте бұл жөнінде былай делінеді: Әбу Һурайраның риуаяты бойынша пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Сұрға екі рет үрлейді. Осы екі рет үрлеудің арасында қырық уақыт бар», – деген. Ол қырық уақыт дегені күн ба, ай ма не бізге беймәлім өзге де өлшем бе, ол жағы бір Аллаға аян.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: