Илəһи діндер мен қолданыстағы құқық жүйесі адамның жеке басына зиянын тигізетін, сондай-ақ қоғам өмірінде келеңсіздік тудыратын кез келген іс-əрекетті айыптайды. Сондай жағымсыз құлықтың бірі адамдардың таза ауа жұтуына, еркін тыныс алуына ерік бермейтін темекі шегу мəселесі.
Темекі шегетіндердің өз денсаулығын бұзып қана қоймай, айналасындағылардың, отбасы мүшелерінің де ағзасын улайтыны ғылыми тұрғыдан жан-жақты дəлелденген. Темекі тек жекелеген адамдардың ғана емес бүкіл халықтың денсаулығына кесірін тигізеді, онымен күресу көп қажыр-қайрат пен еңбекті талап етеді. Қоғамдық көпшілік орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Ысырапты дінімізде харам деп түсіндірсе, темекіге жұмсалған ақшаның ысырап екені айдан анық. Темекінің шеккен адамға да, шеккеннің қасында тұрып түтінге қақталған адамға да зиян екенін ескерсек, шылымға үйір болудың Алла ақысына да, кісі ақысына да нұқсан келтіру екенін білеміз.
Қоғамның, əлеуметтің биік мүддесін жеке адамның мүддесіне жыға алмаймыз. Сол секілді қоғамдық көпшілік орындарды, демалыс аймағын, жолдарды толықтай немесе ішінара заңсыз иемденуге тыйым салынған. Мұндайда жер үлесін заңдастыру, жалға беру сервитут секілді шектеулер қойыла отырып жүргізілуі мүмкін.
Сервитут – бөтеннің мүлкін белгілі бір шекте пайдалану құқығы, сондай-ақ жер телімін иеленушінің құқығын заң жүзінде шектеу. Жеке басының қамын күйттеп айналаға бей-берекет қалдықтар тастаған, қилы жолдармен қоршаған ортаны былғаған, қысқаша айтқанда, көпшіліктің ақысын аяққа басқан адамдар үлкен қателікке ұрынуда. Себебі, бірлі-жарым адамның емес, қалың көпшіліктің құқығын таптаудың зауалы оңай болмаса керек.
«Алла жіпті аттама» кітабынан