Әңгіме төркінін осы тақырыпқа байланысты хадистерден бастасақ. Алла тағала Жәбірейіл періштеге былай деді: «Құлым Тайфта қатты қиналып жараланса да Мені ұмытпады. Оның жолында жүргендерге дайындалған жұмақты және қарсы болғандарға дайындалған тозақты көру үшін оны алып кел», – деп бұйырды. Жәбірейіл періште қырық жыл бойы жұмақта күткен пырақты алып пайғамбарымызға келді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейіл періштенің жол бастауымен пыраққа мініп көк жүзіне көтеріліп, теңдессіз құрметке – яғни, Алла тағаланың құдіретіне тікелей куә болды. Жәбірейіл періште мен пайғамбарымыз миғражға шыққанда, көк жүзінің бірінші қабатында хазірет Адамды көреді және қиямда (тіке тұрған бойда) «Сүббуһун Қуддусүн раббил мәлаикәти уәр-рух» (Алла пәк және Ұлы, Ол Жәбірейіл мен періштелердің Раббысы) деп Алла тағаланы ұлықтап тұрған періштелерді көреді. Пайғамбарымыз Жәбірейілден: «Олар осылай құлшылық жасай ма?», – деп сұрайды. Жәбірейіл (ғ.с.) «Иә, бұл періштелер әу бастан осылай құлшылық етеді.
Алла тағаладан өзіңнің үмбетіңнің де осылай құлшылық етуін тіле», – деп жауап береді. Сөйтіп адам баласына да періштелер сияқты қиямда құлшылық ету осылай нәсіп болады. Сонымен қатар бірінші қабатта жазасын тартып жатқан кейбір адамдарды көрді. «Мыналар кімдер?» – деді пайғамбарымыз. Жәбірейіл: «Намазда рүкүғ пен сәждесін толық орындамағандар, жұма намазы мен жамағатпен оқылған намазға қосылмағандар, зекет бермегендер, пақырларға жаны ашымағандар, харам жеп ішімдік ішкендер, жалған куә болғандар, зина жасағандар, әкесіне қарсы келгендер», – дейді.
Келесі қабатта бір топ періштелер рүкүғде құлшылық жасап тұрған еді. Жәбірейіл Мұхаммед пайғамбарға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) періштелерді меңзеп «Бұлар осылай құлшылық жасайды. Алла тағаладан өз үмбетіңнің де осылай құлшылық жасауын тіле», – деді. Соңынан адам баласына да рүкүғ жасау нәсіп болды. Үшінші қабатта сәжде жасаған періштелер бар еді. Жәбірейіл: «Үмбетің үшін де осылай құлшылық жасауын тілеуді
ұмытпа», – деді. Пайғамбарымыз дұға етті. Осылайша адам баласына Алла5а сәжде ету де нәсіп болды. Осы жерде пайғамбарымыз Әзірейіл періштені көреді. Ол пайғамбарға: «Ей, әлемдердің Сардары! Саған Алланың сәлемі болсын. Шүбәсіз сенің үмбетің де сен сияқты таңдаулылардан. Сенің құрметің үшін оларға өз әке-шешелерінен де мейірімді болуға тырысамын», – дейді.
Пайғамбарымыз оған: «Иә, мен де соны сенен тілер едім. Үмбетім әлсіз. Оларға жылы жүзбен көрініп, жанын оңай алғаныңды қалар едім», – деді. Хазірет Мұхаммед (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Жәбірейілмен Бәйтул Мамур деген қызыл жақұттан жасалған үйге келді. Жәбірейілдің ұсынысымен пайғамбарымыз періштелерге имам болып намаз оқыды. Пайғамбарымыз: «Менің де үмбетім осындай жамағатпен намаз оқыса екен» деп қалаған еді. Сөйтіп, көпшілікпен жұма намазын оқу адам баласына нәсіп болды. Жәбірейіл періште Сидратул Мунтәһаға (жұмақ бұлағының түбінен өсіп шыққан ағаш) келгенде «Менің барар жерім осы жерге дейін. Ары қарай бара алмаймын. Егер бір қадам бассам жанып күлге айналам» деді. Пайғамбарымыз, Ұлы Алла тағала белгілеген мақамға жеткенде «Әт-тахияту лиллаһи уас-салауату уа-таййбату » (Барлық дұғалар, мадақтар, тәндік, дүниелік ғибадаттар Аллаға лайық) деп сәлем берді. Барлық мадаққа лайық табылатын Алла тағала былай жауап берді: «әс-Сәләәму ‘аләйка әйюһән-нәбию уә рахмәтуллаһи уә бәрәкатуһ» (Уа, Пайғамбар! Саған сәлем. Әрі саған Алланың рақымы мен берекеті жаусын!). Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «әс-Сәләәму ‘аләйна уә ‘ала ‘ибәдиллаһис-саалихиин» ((Уа, Раббымыз!) Сәлем бізге және Алланың салихалы құлдарына болсын) деді. Осы кезде жеті қабаттағы періштелер «Әшһаду әл-ләә иләһә илләаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән ‘абдуһу уә расуулуһ» (Алладан өзге ешқандай құдай жоқ екеніне және хазірет Мұхаммедтің Алланың Құлы мен пайғамбары екеніне куәлік етеміз) деді. Осылайша мүміндер намазда «әт-тәһият» дұғасын оқу бақытына бөленген еді. Сонымен қатар Жәбірейіл періштемен пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғражға шыққанда, пайғамбарымыздың оң жағында сексен мың, сол жағында сексен мың періште қаумалаған күйде көкке көтерілгендігі де айтылады.
Хазірет Әлидің (р.а.) риуаяты бойынша жеткен мына хадисте бірде пайғамбарымыз сахабаларына: «Кімде-кім ауру адамның жағдайын сұрап барса, жетпіс мың періште таң атқанша ол адам үшін салауат айтады. Ал таңертең барып көңілін сұраса, періштелер күн батқанша салауат айтып тұрады. Ол үшін жұмақта орын дайындалады»,– дейді. Яғни адам баласының Алла разылығы үшін жасалған кез келген амалы ескерусіз қалмақ емес. Әрбір тамшы судан миллиондаған тірі жанды жаратқан, бір миллиметр квадрат қанда төрт-бес миллион эритроциттерді (қызыл түйіршіктерді) тіршілік еткізген, теңіздегі балықпен топырақ астындағы жәндікке өмір берген Алла тағаланың, бүріккен судай сіркіреген ақ жауын тамшыларындай жаратқан көп періштелері бар. Сонымен қатар көк пен жерде жұмақ пен тозақта белгілі бір қызметпен міндеттелген періштелер, әр адамға жүктелген үш жүз алпыс періште,89 амалдарымызды жазатын екі періште, әр дәннің өсіп өнуіне жауапты періштелер бар.
Періштелер мен жындардың саны тек Алла тағала ғана мәлім. Құран мен хадистерде періштелердің саны туралы нақты мағлұмат жоқ. Құранда да айтылғандай: «Раббың жасақтарының санын Өзі ғана біледі». Періштелер де өз араларында бір-бірінен ерекшеленеді. Мысалы, Жәбірейіл, Әзірейіл, Микаил, Исрафилдер ең үлкен періштелерге жатады. Олардан кейін ретімен Хамәлат-ул Арш, Мәла-и әғла, Нәди-ия әғла, Рафиқ-и әғла секілді т.б. періштелер келеді. Тіпті ең ұсақ әрбір атомнан ең алып галактикаларға дейін жауапты періштелер бар деуге болады. Әлбетте, бұлардың әрбірінің дәрежесі әрқилы болуы заңды. Сондықтан біз кейбір періштелерді олардың есімдерін, іс-әрекеттері мен атқаратын міндеттері арқылы танимыз.
Қалмахан СЕЙТҰЛЫ