ҚМДБ: төралқада талқыланған 17 мәселе.

ҚМДБ: төралқада талқыланған 17 мәселе.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазреттің, ҚМДБ Орталық аппарат қызметкерлерінің, өкіл имамдардың қатысуымен төралқа мәжілісі өтті. Бас мүфти жүргізген басқосуда 17 мәселе талқыланып, дауысқа салынып, пысықталды, арнайы тапсырмалар берілді.

 

Рамазанға дайындық шаралары пысықталды


Биыл діни басқарма мұсылмандардың ұлық айы - Рамазанды жоғары деңгейде өткізу мақсатында тың бастамалар мен іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлады. Төралқа мәжілісінде Бас мүфти жергілікті құзырлы мекеме басшыларымен келісе отырып, көпшілік, қоғамдық орындарға, көшелерге, мешіт аулаларына, автобустарға «Ораза қабыл болсын!» деген атаумен бірегей баннерлер, билбордтар, плакаттар ілуге, халықтың ораза ұстауға деген қызығушылығын, ықылас-ниетін оятатын кітапшалар, бүктемелер (буклет), парақшалар (брошюра), оразаға қатысты жиі қойылатын сұрақ-жауап кітапшаларды, т.б. тегін таратуға тапсырма берді. Халқымыз Рамазан - мұсылмандардың ұлы мейрамы екенін сезіну үшін мешіт аулалары, ғимарат маңдайшалары мерекелік әшекейлермен, нақыштармен және электрлік шамдармен безендіріледі. Мешіт жамағатына, түрлі сала мамандарына, зиялы қауым өкілдері - ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, журналистер қауымы, өнер адамдары, дәрігерлер, мұғалімдер, кәсіпкерлер, т.б. мемлекеттік қызметкерлерге ауызашарлар жүйелі түрде ұйымдастырылатын болады. Түрмелерде, жетімдер, қарттар үйінде қайырымдылық шаралары өткізілмек.

 

Ержан қажы Малғажыұлы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасындағы балаларды назардан тыс қалдырмай, оларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен мүмкіндігінше толық қамтамасыз етуге пәрмен берді.

 


Әлеуметтік желілерде әлеуетіміз артпақ


ХХІ ғасыр - технологияның, ақпараттың дамыған заманы. Талқылауда ҚМДБ Уағыз-насихат және интернетпен жұмыс істеу бөлімінің меңгерушісі Ершат Оңғаров имамдарды фэйсбук (facebook), туиттер (twitter) сынды әлеуметтік желілерде белсенділік танытуға шақырды. Өйткені, ақпарат кеңістігін ғибратты насихаттармен, көркем уағыздармен толтырмасақ, сананы улайтын, адамды надандыққа итермелейтін материалдар жарияланып қалуда. Осы олқылықтың орнын толтыру бағытында әлеуметтік желілерді ел игілігі, ізгі мақсаттар мен ұлы мұраттарға пайдалану көзделіп отыр. Имамдардың интернетті пайдалануы - уақыт талабы. Бас мүфти барлық мешіттерді компьютермен, интернетпен қамтамасыз ету қажеттігін қаперге салды. Сонымен қатар өңірлерде ашылған сайттардың жұмыс істеу қарқынын арттыру мәселесі де дөңгелек үстелде сөз болды. Өйткені, жастардың басым бөлігі сайттардан мәлімет алады. Тіпті сайт арқылы сабақ алып, иман жолына түсіп жатқандар да көп. Керісінше, сайтани сайттардан санасы уланып, дін мен дәстүрді қарсы қойып, ел ішіне іріткі салып жүргендер де аз емес. Бас мүфти Исламға қайшы, діни басқарманың ұстанымына сай келмейтін жаңалықтардың мазмұнына мән беруді тілге тиек етті.

 

Республикалық Құран жарысы өтеді


Биыл діни басқарма қарилардың республикалық Құран жарысын өткізеді. «Бұл - үлкен игілікті шара», - деді Бас мүфти. Аймақтан іріктелген қарилар республикалық жарыстан бақ сынайды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар қомақты қаржылай сыйлықтарға ие болмақ.

 


Шәкірттердің саны мен сапасы артады


Жастармыздың дін атын жамылған керітартпа ағымдардың арбауына кетіп қалмауын қамтамасыз етудің негізгі жолы - шәкірт тәрбиелеу, діни ағарту, түсіндіру жұмыстарын жандандыру. Осы бағытта медреселер мен «Нұр Мүбәрак» университетінде тәрбиеленіп жатқан шәкірттердің саны мен сапасын арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылды. Сонымен қатар Бас мүфти мешіт жамағатына да жүйелі дәріс беруді тапсырды. «Егер біз өз шәкірттерімізбен шектелмей, мешіт жамағатына да жүйелі сабақ беретін болсақ, мұсылман қауымын діни басқарма, мешіт төңірегіне топтастыруға, мұсылмандардың ауызбірлігін нығайтуға мүмкіндік аламыз», - деді Ержан қажы Малғажыұлы.

 


Уағыз-насихат күшейтілмек


Елімізде жат ағымдардың алдын алу мақсатында уағыз-насихат тобы құрылды. Бұл насихат тобы өңірлеріміздегі уағыз айтып, діни ахуалды көзбен көретін болады. Оның құрамында елімізге белгілі дінтанушылар, ғалымдар, имамдар бар. «Уағыз-насихатты күшейту - маңызды жұмыстарымыздың бірі. Осы мәселеге де жіті назар аударуларыңыз қажет», - деп қадап айтты Бас мүфти.

 


Түйін


Төралқада бұдан бөлек қажылық сапарын ұйымдастыру, зекет қорының жұмысын жандандыру, медресе мен университет түлектерін жұмысқа орналастыру, жаңа ашылған мешіттерге ат қою, мешіт жамағаттарын арнайы діни курстан өткізу, сауапты істерді ұйымдастыру жұмыстары пысықталып, арнайы тапсырмалар берілді.

 

http://muftyat.kz/uploads/2013/01/4054.jpg

 

http://muftyat.kz/uploads/2013/01/4056.jpg

 

http://muftyat.kz/uploads/2013/01/4051.jpg

 

http://muftyat.kz/uploads/2013/01/4052.jpg

 

http://muftyat.kz/uploads/2013/01/4053.jpg

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: