Қордай ауданы бойынша әділет басқармасында «Ақ неке» атты семинар жиналыс өтті. Жиналысқа Әділет басқармасының басшысы Талғат Абдрахимұлы, АХАЖ бөлімінің қызметкерлері, мектеп және колледж мұғалімдері, директорлардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық «Қордай» мешітінің баспасөз хатшысы Д.Жандосұлы қатысты.
Жиналыста көтерілген басты мәселе жастар арасында неке жайлы түсінікті кеңейту, неке құрған кездегі қиыншылықтар мен ауыртпашылықтар және ерлі-зайыптылардың бір-бірі алдындағы міндетерді түсіндіру жолдарының жобасын құру болып табылды. Жиналысты жүргізген Едігеев Талғат мырза жастардың неке құрып алып, кейіннен бір кішкентай мәселе туындаса, оған шыдамай ажырасуға барып жататындықтарын айтып, жалғыз басты аналардың көбейі мемлекеттік билік органдарын қатты алаңдататынын жеткізді.Аталмыш жиында сөйлеген мешіттің баспасөз хатшысы Д.Жандосұлы шариғат бойынша неке қиюдың шарттары мен оның талаптарын түсіндіріп өтіп, ажырасулардың және жалғыз басты аналардың көбеюі, әке-шешесіз тәрбиеленіп жетімдер үйінде балалардың санының күрт өсуі де мұсылман дін өкілдерінің де қабырғасын қайыстыратынын жеткізді.
Аталмыш мәселелер жастардың ислам талаптарын жете түсінбегендіктен, ерлі-зайыптылардың бір-бірінің алдындағы міндеттерін орындамағандықтан, тіпті кейде адалдықтың жоқтығынан екенін айтып, жастар арасында «азаматтық неке» атты ұлтымызға жат, дінімізде үлкен күнә болатын келеңсіз жайттың орын алып жатқандығын айтып, оның бір шешімі тек қана білім беру-ағарту жұмыстары арқылы жастардағы иман деңгейін көтеру арқылы шешімін табатынын жеткізді. Осы мәселелерді шешу мақсатында Бас муфти бастаған ҚМДБ ұйымдары, яғни мешітерде «зинақорлық турасында», «Ақ неке. Неке қию мәселесі» атты уағыздар жүргізіліп, діни мақалалардың жарық көретіндігін Д.Жандосұлы жиналған қауымға жеткізді. Жиналыста көтерілген мәселелер бойынша «Жас Отау» клубын құруға шешім қабылданып, оның құрамына әртүрлі мемлекеттік органдар мен мешіт қызметкерлері кіргізілді.
Осы клуб аясында жастар арасында неке құндылықтарын насихатау көзделуде. Бәріміз білетіндей қоғам жанұялардан құралады, сол жанұялармыздың шаңырағы мықты болса, қоғам да түрлі қиындықтарға оңайлықпен бой бермесі анық. Құрылған клубтың жұмысымен иншаАллаһ болашақта тағы да хабардар ету ниетіндеміз.
Аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз қызметі