Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Сендер адам баласы үшін игілікті әмір етіп, жамандықтан тыятын, сондай-ақ  Аллаға сенетін қайырлы үммет болып шығарылдыңдар. Ал кітап иелері иман келтіргендер, әлбетте олар үшін жақсы болар еді. Олардың ішінде иман келтіргендер де бар. Олардың көбірегі бұзақылар», - дейді («Әли Имран» сүресі, 110-аят). Атақты тәпсірші Әбул-Нәзир Мұхаммад әл-Кәләби осы аят туралы:

-Бұл аят – ізгілік тұрғысынан алғанда, Мұхаммед (с.ғ.с) үмметтерінің орыны айрықша екенін баяндайды. Өйткені аятта, бұл үмметтің еш шүбәсіз басқа үмметтерден қайырлырақ екенін білдіретін айқын дәлел бар , - деген.

Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыя білетін жандар қайырлы үммет боларын Алла бізге баян етуде. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірінде, сөздерінен және амалдарынан бұл нәрсе қаншалықты маңызды екенін көре аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құтба оқып тұрған кезде мешітке бір адам кіріп: «Адамдардың ең жақсысы кім?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Ол жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйған, көп оқыған, әрі оны көңіліне тоқыған, Алладан қорқатын және туыстық қатынастарын үзбеген кісі», - деп жауап берген екен.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Мен тарыдай жақсылық қылсам, таудай зұлымдығымды жасырғалы қылам. Сөйтіп жүріп, адам атануға ұялмаймын»,- деген екен.

Қазақ халқында «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі»  деген қанатты сөз бар. Сондықтан біз әр жақсылыққа жақсылық жасаумен қатар, жамандықты кешіре біліп, жақсылықпен жауап қайтаруымыз керек. Нағыз мұсылманның сипаты осыдан көрініс табады.

Мұсылман адам жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыймаса, мойнындағы осы міндетін тиісінше атқармаса, жамандықтар мен әділетсіздіктер жер бетінде тарала береді. Мұның ақыры қиын болары анық. Шариғаттың заңына қайшы келген істер орындала берсе, алдын өткен кей қауымдар ұқсап  Алланың қаһарына ұшырау бек мүмкін. Сол себептен «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген бабаларымыздың өсиетін ұстанып, үнемі жақсылық жасаудан кенде болмайық!

Сәбит АРМАНҰЛЫ

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: