Құранды арапша оқып үйренудің маңызы

Құранды арапша оқып үйренудің маңызы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құран Кәрім – Алла елшісіне (с.а.с) уахи ретінде түсіп, әлі күнге түпнұсқа күйінде сақталған бірден-бір кітап. Әрбір мұсылман үшін және жалпы мұсылман үмбеті үшін маңызды. 

Осы ретте Құранды оқудың, жаттаудың, ұстанудың, зерттеудің, оған деген үнемі сүйіспеншіліктің, оның аяттарының мағыналары мен құпияларына ой жүгіртудің артықшылығы біз ойлағаннан да көп. 

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді» – деген. (Муслим)

Және бір сөзінде: «Сендердің жақсыларың – Құранды үйреніп оны үйреткендерің». (Бухари, Әбу Дәуіт және Тирмизи)

Пайғамбарымыздың (с.а.с) көзін көрген сахабалардың Алла Тағаланың сөзі болған Құран Кәрімге деген махаббаттары ерекше болған. Мысалы, Омар (р.а.) және Осман (р.а.) таңертең тұрып, дәрет алып болғаннан кейін, қолдарына ең бірінші Құран кітабын алатын болған. Османның (р.а.) Құранды көп оқығаны соншалық, кейбір деректерге сүйенсек, Құранның екі қолжазба көшірмесі ескіріп қалған. Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) болса күнде таңертең қолына Құран алып, сүйіп: «Бұл – менің Раббымның өсиеті, Оның анық жарлығы»,- деп айтқан. 

Біздің де Құранға деген сүйіспеншілігіміз осындай болу керек. Күніне еш болмағанда бір мәрте Құранды қолға алып, Раббым маған не айтып жатыр деп Құранға үңілуіміз керек.

Құранды арнайы ережелерді сақтай отырып оқу − Аллаһ Тағала бекіткен, Пайғамбарымызға әмір еткен іс. Бұған Құрандағы мына аят дәлел: «...Құранды тәртіппен (өлшеммен) оқы». (Музәммил 4)

Әнас ибн Мәлик былай деген: Одан «Пайғамбарымыздың Құран оқуы қандай еді?», − деп сұрағанда: «Ол созып оқитын деп Бисмилләәһир-рамәәнир-рахиимді созып оқыды. Бисмилләәһи – деп созды, Аррахмәәнды созды және Аррахиимды созды». (Бухари)

Осы айтылған аят және хадистерге зер салсақ, Құран Кәрімді тәжуидпен ережеге салып оқудың маңыздылығын көреміз.

Енді намаз бастап келе жатқан бауырларымызға айтарымыз Алла Тағаланың сөзі болған Құран Кәрімді жүзінен арапша оқуға бар мүмкіншілігіңізді, жігеріңізді салыңыз. Өйткені, Құранды қазақша транскрипциясынан оқу мәселесіне келсек, араб тілінің әліппесіндегі бірқатар әріптер біздің қазақ (кириллица) әріптерінде жоқ. Мысалы, араб тілінде с-ның үш түрі, з-ның үш түрі, х-ның екі түрі, д-ның екі түрі, т-ның екі түрі бар. Осы әріптерді дұрыс шығармаса, дұрыс оқылмаса сөздің мағынасы өзгеріп кету қауіпі бар. Ал Құран Кәрімнің оқылу ережесі сан алуан қағидаларды қамтитын өзінше бір ілім. Ол тәжуид ілімі деп аталады. Сондықтан сізге Құранды арапшадан оқып үйренгеніңіз, транскрипциясынан оқығаннан артығырақ сауап болады. Құранды тәжуид ережесіне салып оқу уәжіп (міндет) болады.

Мәзхаб ғалымдары намазда Құран Кәрімнің қате оқылуына қатысты былай деген:

1)  Ханафи мазхабы

«Фатауа әл-Хиндия» кітабының 1-ші томында Құран оқудағы қателіктер бабында: Егер намазда Құран оқу барысында бір-біріне мүлдем ұқсамайтын екі әріптің орнын ауыстырып оқып қойса және сол сөздің мағынасы өзгеріп кетсе, онда ол намаз жарамсыз саналады делінген.

2) Шафиғи мазхабы

Имам Науауи «әл-Минхаж» атты кітабында «Намаздың орындалуы» бабында: Егер адам намазда «Дод» әріпінің орнына «Зо» әріпін оқып қойса, ең сенімді көзқарас бойынша ол адамның намазы жарамсыз болады делінген. Ал, Ибн Хажар егер намаз оқушы әдейі ол екі әріптің орнын ауыстырмаса, білімсіздігінен солай істесе намазы жарамды деген.

3) Малики мазхабы

Шейх Әбу әл-Барака Сиди Ахмад ад-Дардир өзінің «Шарх әл-Кабир» атты еңбегінде «Намазды жамағатпен оқу барысы» бабында: Егер намаз оқушы өзінің білімсіздігінің кесірінен не әдейі істемесе онда оның намазы жарамды деген. Бірақ мазхаб ғұламалары бұл нәрсеге бірауыздан келіспеген деген.

4)                Ханбали мазхабы

Иқна еңбегінің «Жамағатпен намаз атқару» бабында: Егер намаз оқушы «әл-Фатиха» сүресінде «Ро» әріпінің орнына «Ғойн» әріпін не басқада әріптерді өзгертіп айтып қоятын болса, сөздің мағынасы өзгеретін болса, онда ол адамға Құранды оқи алатын адамдарға имамдық ете алмайды делінген.

Осы айтылғандарға мән беріп Құран Кәрімді дұрыс оқуға тырысуымыз керек.

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Кім Құраннан бір әріп оқыса оған бір жақсы амал жазылады, ал әр бір жақсы амал үшін он сауап жазылады. Мен: Алиф, Ләм, Мим - бір әріп деп айтпаймын. Жоқ, Алиф бір әріп, Ләм бір әріп және Мим бір әріп», - деген. (ат-Тирмизи)

 Және де: «Екі түрлі қасиеті бар адамнан басқа ешкімге қызығуға болмайды, олар: Аллаһ оған Құран білімін нәсіп етіп, оны күндіз-түні оқыған адам және Аллаһ оған байлық нәсіп етіп, ал ол оны күндіз-түні игілікке жұмсаған адам», - деген. (әл-Бухари, Муслим)

Абдуллаһ ибн Масғуд (р.а): «Кімде – кім Құранды сүйсе (жақсы көрсе), Аллаһ пен елшісі де ол адамды сүйеді. Кімде – кім Аллаһ пен елшісінің сүйіктісі болуды қаласа, онда өзінің Құранды қаншалықты сүйгендігіне қарасын», - деген. (Хайсәми және ат – Табарани)

Алла Тағалаға деген тағатымызды, махаббатымызды осы Құранға деген махаббатымызбен көрсетуіміз керек екен.

Алла Тағала зейінімізді арттырсын, Құранды дұрыс оқып, толық жаттаған қарилардың қатарынан қылсын!

Есбол  Алпысбаев 

Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің ұстазы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: