Отанды сүю – иманнан

Отанды сүю – иманнан

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қай елде болмасын әрбір мұсылман баласы өзіне міндеттелген діни парыздарды барынша ықыласпен орындауға тырысатыны мәлім. Қасиетті Құранда: «Алланың қастерлі ұғымдарына құрмет қөрсету – жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят) делінген. Ал,имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, Отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу мұсылман баласы үшін қастерлі парыз.

   Отан деген не? Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттармен, ақ жаулықты әжелеріміз, тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Міне,осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни де, әрі азаматтық та борышы.

  Халық даналығы «Отан үшін отқа түс күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл отанды қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Адамға алуан түрлі қасиет, дарын туған ортадан дариды. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

 Исламда бес нәрсені: Отаныңды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді қызғыштай қорғау міндеттеледі. Осы құндылықтарды қорғау жолында қаза болғандар шейіт саналады. Ал шейіттердің ақиретте есепсіз жәннатқа барары мәлім. Құранда бұл жөнінде: «Шейіттерді өлдіге санамаңдар. Олар тірі Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара», 154-аят) делінген. Сондықтан Отанды қорғау жолында, ұлтымыздың жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккендерді шейттер қатарына қосып, Жаратушы Иемізден жәннаттан жай бұйыртуын тілейміз.

 Халқымызда: «Отан отбасынан басталады» деген аталы сөз бар. Отанды сүюге, туған елге деген құрмет сезімі отбасынан бастау алады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Барлығың жауаптысыңдар. Елбасы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады»,- деген. Олай болса, балаға жастайынан жақсы тәрбие берумен туған елді құметтеуді, жанын қорғағандай дінін, отанын қорғауды үйретуге де отағасы жауапты. Бұл жөнінде Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бала нені білсе жастан, ұядан – өле-өлгенше соны таныр қиядан» деген. Туған елге деген құрметті, патриоттық рухты өз ата-анасына көре алмаған бала болашақта өзіне бала кезден таныс емес сезімді жатсынады.

   Отанға деген сүйіспеншілік – халық игілігіндегі мүлікті көздің қарашығындай көру, талан-таражға салмау, кісі ақысына көңіл бөлу, ел мүддесіне жұмыла жұмыс істей білуді қажет етеді. Хазырет Омар (р.а) бірде сырттан бір кісі келгенде, дереу алдында тұрған май шамды ауыстырған екен. Әлгі кісі оның мәнін сұрағанда: «Мен бағана мемлекет ісін қарап отыр едім, енді жеке ісімді қарайтын болғаннан кейін өз май шамымды жақтым» деп жауап бергені тарихта мәлім. Бұл хазреті Омардың (р.а.) ел басқарып тұрған халифа кезінде мемлекет меншігіндегі затқа қаншалықты  жауапкершілікпен қарағандығын көрсетеді. Сахабалардың қай қайсысы да адалдығын осылай дәлелдей білген. Өйткені олар ақиретте осы дүниеден істеген істерінің бәрі үшін сұрақ барына нық сенген. Ол сұрақтың оңай болмасын да терең сезінген. Сондықтан да Алланың алдында ешкімнің ақысын жеместен жүзі жарқырап баруын қалаған. Бұл бүгін біз үшін ой салуы тиіс. Сол себепті қандай да бір ел мемлекет өз мүддесінен жоғары қоя білетін, арды ақшадан биік санайтын ерлер көбейгенде ғана гүлденетінін белгілі. Бұл біз үшін қазіргі таңда ауадай қажет қасиет екені баршаға аян.

   Туған жердің көркейгенін қалаған әрбір азамат өз ісін жақсы меңгеруге талпынуы тиіс.Кәсібилігін арттырып, өз мамандығының шыңында шығуы қажет. Құранда: «Еңбек етіңдер! Себебі, істеріңді Алла Тағала, елшісі және жалпы мұсылмандар көреді» («Тәубе» сүресі, 105 -аят) делінген. Демек, мұсылман адам өз жауапкершілігіне алған міндетіне немқұрайлы қарамауы керек. Немқұрайлы қарау басқа адамдардың да жұмысына кері әсерін тигізетінін ескерген жөн.

   Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: « Ең  жақсы адам –басқаға пайдасы тиген адам» дейді. Осы себепті туған елін сүйетін әрбір азамат мұнысын нақты ісімен дәлелдеуі керек.

 Отанды, елді құрметтегенде, атақ алу, абыройға кенелу үшін емес, «ұрпағым, елім болашақта жетім болмасын, отансыздықтың азабын тартпасын» деген қағиданы берік  ұстанған жөн. Жер бетінде отансыз ұлттар  қаншама?! Оларды жер-жерде дәл біздің еліміздегідей бауырына басып, жақсылық жасап отыр тағы айта алмаймыз. Жергілікті ұлтпен алауыздықта қырын қарап отырғаны қаншама?! Біздің де ұрпағымыз біреудің қас-қабағына қарап жәутеңдемесін, біреудің қолына қарап дәметпесін десек, атадан қалған асыл мұраны сақтап,ақылды ұрпақ тәрбиелеу- қасиетті парызымыз. Туған ел, туған жер үшін жасалатын жақсылықтардың барлығы ізгі ниеттен, иманнан туатыны даусыз. Сол себепті «Отанды сүю – иманнан » деп хадисте бекер айтылмаса керек.

    ҚМДБ Жамбыл облысы Қордай ауданы

    Қордай «Құран» қарилар дайындау орталығының

    Директоры Шерниязов Ғалымжан Сайлауұлы  

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active