АЛЛА УӘДЕ ЕТКЕН АРШЫНЫҢ САЯСЫНДА БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?

АЛЛА УӘДЕ ЕТКЕН АРШЫНЫҢ САЯСЫНДА БОЛҒЫҢЫЗ КЕЛЕ МЕ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әбу Һурайра (р.ғ.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) : «Жеті түрлі адамға Алла тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар: әділ имам (басшы); Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; мешітке жүрегі байланған кісі; бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам», – деп баян етілген. (Бұхари,Мүслім, Тирмизи, Нәсәи, Мәлік, Хиббан, Бәйһақи, Табарани)

Бұл риуаятта Қиямет күні Алла Тағаланың ерекше болған, имандарына өте берік болған құлдары жайында сөз етілуде.

Хадистегі "Алла Тағаланың көлеңкесі" деген сөзге ғұламаларымыз бірнеше түсініктемелер берген.

1. Аршының көлеңкесі (саясы).

2. Жәннаттың көлеңкесі (саясы).

3. Тубаның саясы.

4. Алланың рақымы,қорғаны, панасы т.б.

Соңғы келтірілген мағына басымырақ болып саналады. Бізде де, арабтарда да "Пәленшенің көлекесінде" деген сөздің "қорғанында, панасында" деген мағынада түсінеміз.

Ақырет күні Алла Тағала барлық адамдарды Өзінің құзырына шақырады. Күн оларға жақын келіп, өзінің өте қатты ыстығын жіберіп ыси бастайды. Сол кезде әрбір адам көлеңке, әрі салқын жер іздеумен болады. Сол кезде хадистегі келтірілген адамдар Алла Тағаланың панасында, яғни Аршысының көлеңкесінде болады.

Риуаяттағы "жеті түрлі топты" тек осы топтағы адамдар ғана қияметте Аршының көлеңкесінде болады, ал басқалар бұндай игіліктерге ие бола алмайды деген түсініктерден аулақ болуымыз керек. Жеті санын бекіту үшін, жеті хадис тізбегіне ендіруде.

Имам Мүсілім мен Имам Дәрими Әбул Ясардан келтірген хадисте, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): "Кімде-кім өзіне қарыздар адамға жеңілдік (өз мүмкіндігін жасаса, кешіп жіберсе, уақытын ұзартса т.б.) туындатса, Алла Тағала ол пендені Өзінің көлеңкесінен басқа еш көлеңке болмайтын күні Өз панасына алады",-дейді.

Бұдан басқа да осыған ұқсас көптеген хадис мәтіндері келтірілген. Мысалы, адал саудагерлер, әлсізге жәрдем бергендер жайлы да хадистерді жатқызуымызға болады.

Қорыта айтқанда, жеті түрлі топтан да көп салих пенделер жайындағы қуандыру жайлы хадистерді кездестірулерімізге болады. Бұл жердегі келтірілген сипаттар еркекке де әйелге де бірдей айтылуда. Өйткені, ерлерге бұйырылған үкімдер әйелдерге де тиесілі. Қала берсе, салихалы ізгі амалдар жағынан ерлер мен әйелдер құқығы тең болып саналады. Кейбір амалдарында ғана олардың арасында аздап ерекшеліктер бар. Осы қосымша түсінік беріп өтелік, мысалы, "жүрегі мешітпен байланыста болған тақуа ер" деген жерден басқа сипаттар әйелдерге де тиесілі. Өйткені, әйелдер парыз және нәпіл намаздарды үйлерінде оқығандары абзал. Әйелдердің мешітке баруларына бастапқыда рұқсат берілгенімен, кейінірек фитнә, азғындық көбейе бастағаны үшін әйелдерге намаздарын мешітте емес, үйлеріне қалып оқығандары абзал амал болып саналды.

Енді бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған хадистегі ізгі тақуа адамдардың қадір-қасиеттеріне жекелей тоқталып өтелік;

  1. Қиямет күні Алла Тағаланың рақымына лайықты болатын кісілердің ең біріншісі – әділ Имам.

Саид ибн Мансұр Сәлманнан хасан тізбек жолымен риуаят еткен хадисте: "Алла жеті түрлі адамды Өзінің Аршысының көлеңкесінде саялатады" - делінген. "Әділ Имам" дегенде бұл тақырыпқа әділ имам қарамағындағы адамдарға қандай да әділдік жолын таңдаған басшыны да айтуға болады. Хадисте: "Отбасы мен қол астындағыларға өзінің әділ үкімін жүргізген адамдарды Алла Тағала қиямет Өзінің оң жағындағы нұрдан болған мінбарына отырғызады" - деп айтылады.(Мүслім). Имам Тирмизи Әбу Сәидтан риуаят еткен хадисте: "Ақырет күні адамдардың ішінде Алла үшін ең сүйкімді әрі Раббысына жақын болатын адам ол - әділетті имамдар", - деп келтіріледі.

 

  1. Жастық шақтағы ғұмырын Аллаға ғибадатпен өткізген жас жігіт.

 

Жігіттік дәуірінде білегі күшке оранған шағында түрлі шәһуат жолдардан өз нәпсісін тиып, Алла Тағала бұйырған жолда жүру әрбір жас адам үшін қиынға соғады. Мұндай кезеңде айналасын түрлі шаттықтар, түрлі қызықты думанның лебі есіп тұрады. Тойымсыз нәпсі пендені түрлі күнә істерге қызықтырып тұрады. Осындай өткінші сезімдерден өзін тиып, Аллаға жалбарынып құлшылық еткен жастың әрбір сауапты амалы Жаратушының алдында үлкен дәрежелерге ие болары сөзсіз. Жас адам тек ғибадат етумен айналысатын болса, Алла Тағала мұндай пендені де өз панасына алады.

  1. Жүрегі мешітке байланған тақуа адам.

Бұл мәтін де көптеген мағыналарды түсіндіреді.

  • Мешітті, жамағат намазын өте жақсы көреді;
  • Өзі мешітте болмаса да, әркез мешітке қарай асығып тұрады.
  • Намаздан кейін келесі намазды күтуге әрекет жасайды.

Ғұламалар бұл жерде мешітте күні бойы отыру деп емес, мешітті жақсы көру деп түсіндіреді. Өйткені пенде ризық талап қылу (еңбек ету) жолын да ұмытпағаны абзал. Тек намаз уақыттарын өз қаперінен шығарып алмауды айтады.

 

  1. Бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам.

 

Бұл жерде екі адам дүние үшін, қандай да бір пайда үшін емес, тек Алланың разылығы үшін дін мұсылмандық қарым-қатынас үшін жақсы көруді айтады. Ол екеуінің арасын тек Аллаға деген махаббат сақтап тұрады. Жалпы бұл қасиеттер дінімізде үлкен роль атқарады. Әсіресе, өзге дін өкілдеріне де үлген ғибрат пен өрнек қалдыратын әсерлі амал болып саналады. Бұл пенделер де сол үшін Алланың Аршыдағы көлеңкесіне лайықты болып саналады.

 

  1. Мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «Мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі.

 

Әйел фитнасына душар болу өте жаман нәрсе. Пенде осындай жаман істен өзін тоқтатқаны үшін Алла Тағала ол пендені Өзінің панасында сақтайды. Және мұндай иманды пенделерін ардақтап, қиямет нұрымен қуандырып, сүйіншілеуде. Бұған дәлел ретінде «Назиғат» сүресінің 40-41 аятында былай дейді: "Кімде-кім Раббының алдында тұрудан қорқып, нәпсісі соққан нәрседен тежеген болса, негізінде оның барар жері – жұмақ". Жалпы дінімізде зина немесе түрлі жаман жолдардың тоқтауына өз нәпсілерін тия білген ер адамдардың ізгі ниеттері мен Раббысы үшін жасалған құлшылықтарының әсері өте көп етеді.

 

  1. Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі.

Бұл жерде жомарттықтың қасиетін бағалай келе, әрі егер ол жасырын болатын болса, одан да артық сауаптар болатындығын айтуда. Кейбір амалдарымыздың рия болып жасалып жатқандығын кейде өзіміз де байқамауларымыз мүмкін. Ал енді жасырын болған садақа амалдарымыз рия амалынан аулақ етеді. Кейбір деректерде Имам Науаий "Тек парыз болған зекетті ғана әшкере беру-рияға жатпайды, өйткені бұл амал өзгелер үшін (байлар) өнегелі іс болып саналады" деп түсіндіреді.

 

  1. Жалғыз қалғанда Алла тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам.

 

Бұл амал – тақуалардың күнделікті әдеттеріне айналған, үлкен дәрежелі әрі өте сауапты амалдары болып саналады. Бұл дегеніміз, жүректегі қорқыныш көзден жас шығып, шынайы тәубенің әсерінен болады. Алладан қорқып жылаған көздің жасы үшін пенде ақыретте Аршының көлеңкесінде болады. Пенде ықыласты болса, көзден жас шығады. Пенде өз иманын еш әлсіретпеген болса, көзден жас шығады. Пенденің Аллаға деген махаббаты басым болатын болса, көзден жас шығады.

Пенде екі түрлі себеппен жылайды: Алланың ұлықтығын (құдыретін) шынайы білген кезде және Алланың рахматын (мейірімін) шынайы таныған кезде.

Алла Тағала баршамызды Өзінің тура жолына бастасын! Қиямет күні Өзінің саясына лайықты болатындай амалдар жасауымызды нәсіп етсін!

Ү.Сабырханов

"Әл-Хақ"мешітінің имамы

Луговой ауылы

Т.Рысқұлов ауданы

Жамбыл облысы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: