Араның Аллаға адалдығы

Араның Аллаға адалдығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Құранда былай дейді: 

وَأَوْحَى رَبُّكَ إِلَى النَّحْلِ أَنِ اتَّخِذِي مِنَ الْجِبَالِ بُيُوتًا وَمِنَ الشَّجَرِ وَمِمَّا يَعْرِشُونَ (68) ثُمَّ كُلِي مِنْ كُلِّ الثَّمَرَاتِ فَاسْلُكِي سُبُلَ رَبِّكِ ذُلُلًا يَخْرُجُ مِنْ بُطُونِهَا شَرَابٌ مُخْتَلِفٌ أَلْوَانُهُ فِيهِ شِفَاءٌ لِلنَّاسِ إِنَّ فِي ذَلِكَ لَآيَةً لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ (69)

Мұхаммед (с.ғ.с.), Раббың, араға: «Тауларға, ағаштарға және адамдар жасаған күркелермен омарталарға  ұялар жасап ал!», - деп нұсқады. (Жаратылыс қабілет берді.) (68) «Содан кейін түрлі жемістермен қоректеніп (жиған қоректерімен) Раббыңның сен үшін  қолайластырған (яғни жеңілдетіп қойған ұяңа жеткізетін) жолына түс!” Араның қарындарынан түрлі-түсті бал шығады. Онда адам баласы үшін шипа бар. Шынында мұнда да терең әрі жүйелі түрде  ойланатын қауым үшін анық белгі ғибрат бар. (69)

Құран сананы сілкіп үнемі зерделеуді талап етеді. Ақылы бүтін ойлауды әуес көретін адамзатқа Құран адалдықтың нұсқасы ретінде қарапайым араны нұсқап отыр. Араның Аллаға деген адалдығын зерделей білсек, таңдай қақтырады. Асыл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) Ибн Хиббаннан келген риуаятта: «Мұсылман,(яғни Аллаға адалдық танытып жүрген жан) араға ұқсайды, ол тек таза нәрсемен қоректенеді, тек соңынан таза нәресені қалдырады деуі де, бекер болмаса керек.

Ара аятта айтылғандай, тек уахимен ғана өмір сүреді. Оның тыныс тіршілігі тек Алланың разылығын іздеу үшін жұмсалған. Алланы таныған мұсылман баласының өмірі де осы ұстынға негізделгендіктен, ара тәрізді Аллаға адалдық танытуға әрекет жасап бағуымыз керек екен. «Ұғынғанға жапырақта ұстаз» дегендей адалдықтың таразысы ретінде қарапайым араны өзімізге ұстаз тұтып көрейік.

Ара өзі табиғаты жұмбақ жаратылыс. Оның көп ісін адамзат ұғына бермейді. Адамзат тарихында өткен қанша Алланың Елшілерін, не солардың соңынан ілескен әулие ізгі пенделердің іс-әрекеттерін тірі кезінде бағамына жетіп түсіне алмағаны сияқты.

Ара тек таза ризықпен ғана қоректенеді. Ол лас, улы пайдасыз өсімдіктерге қонбайды. Өйткені, ол Аллаға құлшылығын осылай кемел атқарады. Алла адамға да Құранда уахи етілгендей адал әрі таза нәрселерді жеуге бұйырады. Әлбетте жер бетіндегі барлық ризықты емес, улы,зиянды қоректерді харам етеді. Харамның аз ғана санын түстеп санап береді. Ар жағын ақылымызға қойып, аятта «Тооиб», яғни таза деген сөзді қолданып ақылына салып зиянды болса ішпе, жеме деп тиым салады. Ал адам керісінше ара құрлы адалдық қыла алмайды. Өміріне зиянды арақ, есірткі, темекі, наша т.б осыған ұқсас залалды есін кетіретін асқа әуес болады.

Ара өсімдік тозаңын ішеді, жейді, бірақ шашып төкпейді. Ал адам алдындағы адал асын шашып жейді. Араға берілген уахи адамға да берілген. Құранда  «Ішіндер, жеңдер ысырап етпеңдер» деген бұйрығы бар. Онымен қалтқысыз жүрген  адам сирек кездеседі. Абай тілімен айтқанда, иттікпен мал тауып, иттікпен жұмсайды. Бос мақтан, арсыз атақ үшін малын шашады. Бірақ жоқ жітік жетім жесірдің жағдайына қараспайды. Әлбетте Алла Құранда осындай кісілерге сөгіс берген.

  Ара гүл тозаңымен қоректенеді. Гүлдің шырының сорып алып жатса да оған зиянын тигізбейді. Яғни гүлге ол толық салмағымен отырмайды.Ол қанатын қағып ұшып тұрған күйі гүлдің шырынын сорады. Әйтпесе оның салмағы гүлдің жапырағынан ауыр болғандықтан сабағын сындырып жарамсыз ғылып тастар еді. Ал адам Алланың сый беріп қадірлеген жаратылысы бола тұрып, аманатқа көпе-көрнеу қиянаттар жасайды. Жер жүзін әртүрлі лас нәрселермен былғап, табиғаттың түбіне жетуде.

Ара еш уақытта біреудің нәсібесін жемейді. Яғни, басқа ара қонғысы келген гүлге қонбайды. Бұл іс те адамзатқа уахи етілген. Ардақты Пайғамбарымыздың бұл тақырыпта қаншалықты хадистері бар. Мысалыға, сауда үстіне сауда жасамау, біреу айттырып жүрген қызға құда түспеу т.б. осы сияқты істер. Адамзат керісінше ара құрлы бірін-бірі қадірлей алмайды. Дау-дамай, талас- тартыс бәсекеге түсу, бірінің асын бірі тартып жеу әдетті іске айналған.

   Ара өзіне қалаған жақсылықты өзгеге қалайды. Араның өзінің билейтін биі болады. Ол биі арқылы білетін шырынды жемістердің кординаттарымен бағытын белгілейді. Яғни, өзімшіл тіршілік етпейді, өзіме болған игілік өзгеге де болса екен дейді. Қалған аралар осы кординаттар арқылы бал жиып еңбегі өніп жатады. Ал адамзат керісінше Алланың ардақтаған пендесі бола тұрса да, ара құрлы ауызбіршілік таныта алмай жатады.

  Арадан тек жақсылық ғана шығады. Адамдар тек араның балы ғана пайдалы деп ойлайды. Арадан шыққан нәрселерде барлығында да адам үшін шипа бар. Балдың өзі шипа, патшайымның азығы да шипа, желімі шипа, гүлінің аталық ұрығы шипа, керек десе уы да шипа. Себебі бұл заттардың кейбірі вирусты жоятын қасиетке ие, екіншілері иммунитетті қуаттайды, тағы біреуі көзге, тері және тіске пайдалы тағысы тағы бар. Адам да осы тәрізді тіршілікке қолайлы пайдалы болуы тиіс. Сол үшін де асыл Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылманды өсімдіктен құрмаға, ал жәндіктен араға теңейді.

    Аралар өте тәртіпті, ұйымшыл ұжым. Жікшілдік,тәртіпсіздік араларынан орын алмайды. Әр ара өз орнын біледі. Аталық,аналық аралар ұрпақ өсірсе, жұмысшы аралар бал тасиды. Міндетсіну, тапқа бөліну, алауыздық араларында мүлде кездеспейді. Ал, адамзат араның осы ұйымшылдығынан өзіне ғибрат тапса, жер жүзінде бұзғыншылық, соғыс атаулы болмай, керемет бір Алла сүйген жаратылысқа айналар ма еді..

Осындай керемет ұжым бола тұрса олар Алла үкімінен бір сәт ажырамайды. Өмірлерін байқасақ Аллаға адал болудың жолын іздеп әлек. Алла сол үшін де оларға Құранда пәрменін беріп, адалдықтың жолын нұсқағанын білдіреді.

Бірінші; аятта ұя салуды тапсырады, тауды, ағашты меңзейді. Осы жерде қосымша «күркелер мен омарталарды» нұсқайды. Егер Алла мұны айтпаса, аралар адамдардың қолына көндікпес еді. Ара балы қолжетімді болмас еді. Ара балы алтынмен тең дүние болар еді, не адамдар араларға зиян ғылып, балын алар еді.

Екінші; Алла Тағала аятта араға гүл тозаңын қоректенудегі мақсатын білдірген. «Мен ардақтаған адам сен жинаған балды жеп кеселіне шипа тапсын деп бұйырған. Ара сол үшін күндіз-түні дегбір таппай шипалы өсімдіктер іздеп әлек болады. Адам топырақтан жаралып, жер жынысынан өсіп өнгендіктен ауруы да шипасы да жерден болуы заңдылық. Ал адам ауруының шипасын табуға қабілеті жетпейді. Сол үшінде өсімдіктен дәрі жасап, оны тәттіге айналдырып беруді Алла араға міндеттесе  керек. Бұл да түсіне білген кісі үшін Алланың қамқорлығы.

Үшінщіден, Алла араға қарапайым болуды нұсқайды. Шынымен де аралар Алланың алдында өзін қор сезінеді. Бейне бір ешқандай іс атқарып жүрмеген сияқты.

    Алберт Энштейн бір сөзінде, егер жер бетінде аралар болмаса, тіршілік төрт жылдан артық өмір сүрмес еді десе керек. Ол сөздің шынымен де жаны бар. Ара тек гүл тозаңын жинаумен ғана айналыспайды екен. Ол бүкіл өмірдің үйлесімін реттейді екен. Өйткені оның бұл өмірге алғаннан гөрі берері көп екен. Алда-жалда жер бетінде аралар жойылып кетсе, азық-түліктің 90 пайызы құнарын жоғалтады. Олардың өсуі шегеріліп, аштық орнайды. Өйткені өсімдіктердің тозаңдауына ара тікелей дәнегер. Тіпті, адам қолдан жылыжай соқса да, оның ішіне ара кіргізбесе өнім бермейді. Мақтаның өсіп өнуіне де ара себепкер. Ал мақтасыз адамзат киім тіге алмайды. Демек, ара болмаса біздің жартылай жалаңаш қалу қаупіміз басым. Аралардан бөлінетін түрлі дәуремендер жеміс-жидек пен азық-түлік арқылы адам ағзасына түседі. Адам сол дәрумендер арқылы ұрпақ жалғастырып, ауруға төтеп бере алады. Ал, аралар жойылып кетсе адамзаттың имунитеті әлсіреп өсуі тоқтап, өлім көбейеді. Тіпті алдын алмаған жағдайда адамның өмір сүруі тоқтайды десе де болады

     Осынша ұлан-ғайыр қайырымдылық істерді тыңдырып жатса да, ара өз қарапайымдылығын сақтап қалған жәндік. Аллаға құлшылығын айтып міндет етпейді. Аз ғана өмірін тек Алла разы болса екен деген мақсатпен өткізеді. Алла Құранда осыны меңзейді. Тіпті ол ара атымен Құранда бір сүренің атын атайды. Бұл сүре, яғни «Нахл» сүресі Меккелік сүрелердің бірі. Ал, Мекке дәуірін білеміз, Пайғамбарымыздың өте көп жәбір көрген кездері еді. Нахл сүресін басынан аяқ оқып отырсақ, Алла көп аяттарында адамзатқа өзінің қамқорлығын адалдығын айтумен болады. Осынша толассыз жасаған жақсылыққа  адамзаттың берер жауабы адалдық ғана еді. Ал адалдықты адам өз ойымен емес, Алла ұнататын жолмен атқаруы міндетті еді. Ол бір қиын іс емес, жіберген Елшісіне ілесіп, қарапайым уахимен өмір сүру  еді. Бірақ мүшріктер Пайғамбарға зәбір беріп, оны мазаққа айналдырды. Осы сәтте Алла осы сүрені түсіріп, оларға қарапайым араны мысал етті. Бәлки, ұялып Елшісін ардақтар, кішкене жәндік құрлы Аллаға адал бола алмадық деп қымсынар деді. Бірақ көкірегі соқыр адамдар: «Неге сен бізге шыбын-шіркей, ұсақ-түйек жәндіктерді мысал ете бересің?»-деп көлгірсіді. Ал асылында адам осы кішкене араның ісін істей алмайды. Алла көргісі келіп тұрған адалдық таразысын қойып бере алмайды.

 Сол тәрізді қазірде де адамдар араның тыныс-тіршілігін зерттеп әлек болады. Зерделеген сайын оның ісіне таңғалып тәнті болып жатады. Балын жеп, қызығын көреді. Бірақ ешкім ойланбайды, ол не үшін бұлай аласұрып жүр деп. Ол аятта айтқандай Аллаға қалай адал болу керектігін нұсқап жүр. Сондықтан да, ол жәндік қой деп ар санамай,оның өмірінен ғибрат іздеуіміз қажет екен. Ара тәрізді Алла алдында өзімізді қарапайым сезініп, істеген әрбір ісімізбен тек Алла разылығын көздеуіміз керек-ті.

Алмас КЕНЖЕМОЛДАЕВ

"Тектұрмас" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: