Сөз қадірі

Сөз қадірі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағаланың адам баласына берген ең үлкен нығметтерінің бірі-оны сөйлейтін етіп жаратуы. Міне сол нығметтің арқасында ойымызды еркін жеткізіп, қалаған нәрсемізді түсіндіре аламыз. Жалпы философтардың пайымдауынша сөз деген адамның ішіндегі пайда болған ойы екен. Сол ойдың тіл арқылы сыртқа шығарылуы деп тұжырымдаған.  Демек, адамның айтайын деп тұрған ойын сөз деп қабылдаған. Ал, шариғат бойынша ауыздан шықпайынша ол сөздің қатарына кірмейді екен. Сондықтан да, адам жаман ой ойласа оған күнә жазылмайды. Сондай-ақ, намаз оқып тұрған адам ойға шомып кетсе намазы бұзылмайды, ал сөйлесе бұзылады. Демек, дініміз ойды сөз деп қабылдамаған.  Құран кәрімде бірнеше жерде дұрыс сөз сөйлеу[1] керектігін баяндап, шыншылдарды мақтаған. Жалған әрі өтірік сөз сөйлеушілерді даттап[2], тіпті ондай адамның орны тозақ екендігін ескерткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында сөздің сиқыры бар»[3] деу арқылы шешендік сөзді дәріптеген. Ғалымдар осы хадисті негізге ала отырып, сөз адамға сиқырдың әсеріндей әсер етеді. Бұл сиқырдың адал түрі кімнің тілі жетік болса шешендікпен сөйлесін деп керемет сөйлеуге үндеген.

Шариғатымыз бойынша мұсылман адам сөйлеген сөзіне мән беруі керек. Өйткені, сөз адамның тұрмыс-тіршілігіне, оның тұлғалық қасиетіне әрі дініне әсер етеді. Қазақтың «жақсы сөз жарым ырыс» дегені де осы болса керек. Мысалыға: бір адам кәлимә айту арқылы исламды қабылдап мұсылман болса, күпірлік сөз айту арқылы діннен шығады. Тура сол секілді неке қию рәсімінде куәгерлердің алдында «өзіме жар етіп қабылдадым» деу арқылы бөтен ер мен әйел бір-біріне адал жар болады. Ал, талақ берумен адал жарлар бір-біріне бөтен адамдар болып шыға келеді. Мінеки, бір ауыз сөздің нәтижесі. Пайғамбарымызға (с.ғ.с) еріп, Тәбук жорығына шыққан кейбір екі жүзді адамдар қайтып келе жатқанда Алла елшісін мазақ қылып, сыртынан мысқылдап күлген-ді. Олар жайлы құранның аяты түсіп, мұсылманшылықтан шығып кәпір болғандықтары хабар берілгенде, «Біз жәй ғана ойнап айтып келе жатқанбыз»[4] деп ақталады. Ойнап айтсын, жоқ шынымен айтсын мұндай сөздердің адамды діннен шығаратындығы көрсетілген. Алланы, пайғамбарын немесе аяттарын әзілге айналдырып немесе мазақ етіп айту, болмаса өзгелерді күлдіру үшін дінді келеке етіп айту мұсылманшылықтан шығаратыны баяндалады. Сондықтан, мұсылман адам сөйлеген сөзіне және істеген ісіне мән беруі керек.

         Негізінен жақсы сөз де жаман сөз де адамға іштей әсер етеді. Өзгелерге білдірмеуге тырысса да түрінен байқалады. Адам баласы жақсы сөз немесе біреуден алғыс естігенде марқайып қалатыны секілді, жаман сөз не қарғыс естісе, я болмаса біреудің жаласына қалса, жанына батып соның себебінен қиналады, тіпті түнімен ұйықтай алмай шығатыны да болады. Құран кәрімде «Олардың айтқан сөздерінен сенің көкірегіңнің қысылып, тарылатынын білеміз»[5] деу арқылы, кәпірлердің айтқан ауыр сөздері, жапқан жалалары пайғамбарға да әсер етіп, соның себебінен көкірегінің тарылып жанының қысылатынын білдірген. Негізінде ислам әдебі бойынша жақсылық жасаған, дұрыс іс істеген немесе жақсы сөз сөйлеп дұрыстыққа шақырған адамды көргенде, оған алғыс білдіріп мақтау сөз айту дұрыс деп есептелген. Иәсин сүресіндегі «Сен пайғамбарлардансың, тура жолдасың»[6] деген аятта «жалғастыр» деген сөз жасырын тұр деп түсіндіреді. Демек, аяттың меңзегені Құрайш кәпірлерінің: «Сен пайғамбар емес жындысың» деген сөздеріне қарсылық «Сен пайғамбарлардансың, тура жолдасың, жалғастыр!» деп дұрыс жолда жүруге шабыттандыру екен. Хәкім Абайдың қара сөзінде «Адам баласы я талапты болсын, я талапсыз болсын әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды» деуі де осы екен.[7] Әрбір жақсылық жасаушы кісіні көргенде жақсылығын тілге тиек етіп алғыс білдіру, адами борышымыз деп білуіміз қажет. Әрі бұл мақтау сөзіміз оның жақсылығын арттыра түсіруіне септігін тигізері анық.

         Шариғат бойынша сөздің дұрысын сөйлеп ақиқатын айту керек деп жатамыз. Бірақ шариғат көрсеткен шеңберден асып кеткенімізді байқамай, «менің сөзім хақ» деп дау-дамайға себеп болатынымыз да бар. Алланың түсірген шариғатында әр нәрсе өз орнымен болуға тиіс, әйтпесе оның соңы жақсылыққа жеткізбейді. Ең әуелі ақиқатты айту ғұламалар, ел алдында абыройлы кісілер, үлкен ақсақалдардың міндеті екенін ұмытпау керек. Себебі халыққа да, басшыларға да сөзі өтімді кісілер осылар. Расында, «бидің айтқанын құл да айтады, бірақ аузының дуасы болмайды» дейді қазақ. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Кімде-кім бір жамандықты көрсе оны қолымен тоқтатсын, оған шамасы келмесе тілімен айтсын, оғанда шамасы келмесе жүрекпен жақтырмасын»[8] деген хадистің түсіндірмесінде:

  1. Қолмен тоқтату, биліктің ісі. Қамау, жазалау не айып пұл салу секілді.
  2. Тілмен айту, елге сөзі өтімді болған ғұламалар мен үлкен абыройлы кісілердің ісі.
  3. Жүрекпен жақтырмау, қарапайым халықтың ісі. Жақтырмаған адам, ол жерден тұрып кетіп қалуы тиіс деген пікірде айтылған.

Ал енді «патшаға шындықты айту ең үлкен жихад» деп көшеге шығып айқайлап жүргендер де жоқ емес. Расында, «Жихадтың абзалы залым патшаның алдында ақиқатты айту»[9] деген хадис бар. Әуелі патшаны түзейтін адам оның қабылдауына кіре алатындай абыройлы болуы тиіс. Кім көрінген патшаның алдына кіре алмайтыны баршамызға мәлім. Одан кейін халықтың атынан сөйлейтіндей беделі болуы керек. Яғни, ғұлама халық алдында беделді кісі, не болмаса елдің сөзін сөйлейтін ақсақал деген секілді. Ал енді бір топ адамның жиылып алып айқайлауы, ешнәрсені шешпейді тіпті істі одан әрі ушықтыруы әбден мүмкін. Оның орнына көпшіліктің атынан хат жазып, қол қойып соны жіберсе әлде қайда тиімді болады. Патшаға, әрі өзге де басшыларға ақиқатты жеткізу әртүрлі жолмен болары анық. Әйгілі халифа Харун Рашидтің алдына бір кісі келіп, кіре сала айқайды бастайды. «Пәлен жерде халық қиналып жатыр, түген жерде аштық болып жатыр. Сенің ешнәрседен хабарың жоқ» деген сөздерді айтады. Сонда халифа «Тоқта! мені тыңда. Алла тағала сенен жақсы адамды (яғни Мұса пайғамбарды), менен жаман адамға (Перғауынға) жіберді. Перғауынға барғанда жұмсақ сөз сөйле бәлкім ойланар, не қорқар деді[10]. Ал, сен келіп беталды айғайладың, сенің насихатың маған керек емес» деп қуып жібереді. Әрине, сөзді орынды қолдана білу де өте маңызды.

Негізінде біреуді түзегісі келген адам ел көзіне көріне айтпай, жеке шақырып алып жанашырлықпен айтуы міндетті. Ал, кімге халық алдында құрметпен сөз берілсе, өнегелі сөз сөйлеуі керек. Ел алдына шығып сөйлейтін кісі тек жақсылықтарды айтып дұрыстыққа бұруы тиіс. Сондықтан да пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін әйтпесе үндемесін»[11] деген. Мінеки, осы қағиданы ұстану ең дұрысы болмақ.

 

Ғ. АХМЕТ

«Әзрет Әли» мешітінің бас имамы



[1] Ниса сүресі, 9; Ахзаб сүресі, 70.

[2] Нахыл сүресі, 116.

[3] Бухари, 5767.

[4] Тәубә сүресі, 65.

[5] Нахыл сүресі, 97.

[6] Иәсин сүресі, 3-4.

[7] Абай Құнанбайұлы, 44-ші қара сөзі

[8] Муслим, 49.

[9] Тирмизи, 8/345.

[10] Таһа сүресі, 44.

[11] Бухари, 332.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: