19 бөлім. Уахидің басталуы.

19 бөлім. Уахидің басталуы.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Пайғамбарымыздың (ﷺ) кемеліне келген жасы қырық жас еді, Алла оны адамдар мен жындарға хабаршы әрі насихатшы ретінде, надандық түнегінен ілім жарығына шығару үшін жіберген. Марқұм Махмұд Паша белгілегендей бұл григориан күнтізбесі бойынша 610 жылдың ақпан айының басы болатын. Көп еңбекті талап ететін зерттеулерден соң, мұның хижраға дейінгі 13 жылдың 17 рамазанында, яғни, 610 жылдың шілдесіне сәйкес келетіні дәлелденген. Уахидің келе бастауы аян беретін түстерден басталған: Пайғамбарымыздың (ﷺ) көрген барлық түстері туп-тура келіп отырған. Алла Тағала бұл дүниеде барлық нәрсе біртіндеп кемеліне жеткенше дамып отыратындай тәртіп орнатқан. Адам баласына уахиді періштеден бірден қабылдау аса қиын болар еді. Сосын Алла Тағала Мұхаммедті (ﷺ) болсын, жалғыздықты жақсы көретіндей етіп жаратты. Ол әбігерлік пен дүниенің әділетсіздігінен оқшауланған және Алла үшін жаратылғандармен байланысын үзген. Өйткені расымен, жалғыздықта жан тазарады. Пайғамбарымыз (ﷺ) бірнеше күнге, кейде он күнге, ал кейде бір айдай Хира тауының үңгірінде құлшылық ету үшін оқшауланатын. Оның құлшылығы арғы атасы Ибраһимнің (ғ.с.) сеніміне сәйкес болған. Алла Елшісі (ﷺ) өзімен бірге азық-түлік алатын, ал онысы таусылғанда, Хадишаға (р.а.) келіп, азық-түлігін толтырып алып, қайтадан қайтатын. Күндердің күнінде Пайғамбарымыз (ﷺ) Хира тауының үңгірінде болғанда оған (ﷺ) ақиқат түсті. Кенеттен әлдебіреу пайда бола кетіп оған: - Қуан, Мұхаммед! Мен – Жәбірейілмін, ал сен – күллі адамзат баласына келген Алла Елшісісің. Оқы! – дейді. Пайғамбарымыз (ﷺ): - Мен оқи алмаймын, - деп жауап береді. Расында да, ол (ﷺ) қара танымайтын еді. Сонда Жәбірейіл періште (ғ.с.) әдетте Мұхаммед (ﷺ) астына салып, төсеніп жүрген кілемшемен дем алу қиынға соғатындай етіп оны (ﷺ) қысып тастайды, сосын босатып, қайтадан: - Оқы! – дейді. - Мен оқи алмаймын. Жәбірейіл (ғ.с.) дәл жаңағыдай қайтадан бүркеп тастап, сосын босатып, үшінші рет: - Оқы! – дейді. - Мен оқи алмаймын.                                        Сол кезде періште Пайғамбарымызды (ﷺ) үшінші рет бүркеп тастап, қайтадан босатып, былай айтады: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен» (96:1–5). Содан кейін Пайғамбарымыздың (ﷺ) Жәбірейілмен (ғ.с.) бірінші кездесуінен қорыққан жүрегі қалтырап, үйіне оралады да әйелі Хадишаға (р.а.): - Бүркеңдерші мені, бүркеңдерші, - деп айтады. Пайғамбарымыз (ﷺ) денесін басқан дірілдің тоқтағанын қалап еді. Оны (ﷺ) бүркеп қояды, қалтырауы басылады. Сонда Алла Елшісі (ﷺ) Хадишаға (р.а.) басынан кешкендерін айтып береді де: - Мен өзім үшін қатты қорқамын, - дейді. Өйткені періштенің оны (ﷺ) қысқаны сондай ол өліп қала жаздады ғой, ал Пайғамбарымыз (ﷺ) осы уақытқа дейін Жәбірейілдің қандай екенін көрмеген де, білмеген де еді. Хадиша (р.а.) оған былай айтады: - Жоқ! Алламен ант етемін, Жаратушы сені ешқашан қорламайды, өйткені сен туыстарыңмен араласып тұрасың, әлсіздерге көмектесесің, қайыршыларға барыңды үлестіресің, қонақжайлық танытып әрі бақытсыздыққа ұшыраған адамдарға жәрдемдесесің. Алла саған сайтанды немесе аздырманы жібермес болар. Сөзсіз,  халқыңа бағыт көрсетсін деп, Алла сені таңдаған ғой.

Өзінің болжауларыңа сенімді болу үшін, Хадиша (р.а.) алдыңғы қауым кітаптарынан пайғамбарлардың қасиеттері туралы білетін біреумен сөйлесіп көруге бел буады. Ол Мұхаммедті (ﷺ) өзінің немере ағасы Уарақа ибн Науфілге алып барады, ол жәһилиәт дәуірінде христиандықты қабылдаған болатын.  Ол еврейше хат таныған адам еді және Алланың қалауы бойынша Інжілден көне еврей тілінде жазып алатын. Ол қаусап қартайған, оның үстіне соқыр болып қалған еді.  Хадиша (р.а.) оған: - Уа, менің ағамның ұлы, өз жиеніңді тыңдашы! – деп өтініш білдіреді. Уарақа Пайғамбарымыздан (ﷺ): - Иә, жиенім, сен не көрдің? – деп сұрайды. Алла Елшісі (ﷺ) оған не көргенін айтып береді. Пайғамбарымыздың (ﷺ) айтқанын мұқият тыңдап отырған Уарақа: - Бұл намус (періште), оны Алла Мұсаға (ғ.с.) жіберген, - деп тіл қатады. Алланың пайғамбарларға жіберетін періштесінің Жәбірейіл (ғ.с.) екенін ол білетін. Сосын: - Е, егер мен жас болып, сенің халқың қастықпен, өшпенділікпен сенің өскен жеріңнен сені қуып жіберетінін көретін күнге жетсем ғой, өйткені сен олардың өз ата-бабаларынан келе жатқан сенімдерінен бас тартуға шақыратын боласың, - дейді.  Пайғамбарымыз (ﷺ) таңғалады, өйткені адамдар оны көркем мінезі мен шыншылдығы үшін қатты жақсы көретін әрі сол үшін оны әл-Амин деп атайтын. Өз таңданысын жасыра алмаған Мұхаммед (ﷺ): - Олар мені қуып жіберетін бола ма?! - деп сұрайды. Сонда Уарақа былай жауап береді: - Сенің келгеніңмен келгендей адаммен, адамдардың онымен жауласпағаны ешқашан болмаған. Мұны Қасиетті Құран да дәлелдеген. «Ибраһим» сүресінде Алла Тағала былай айтқан: «Ал қарсы болғандар пайғамбарларына: “Әлбетте сендерді жерімізден шығарамыз немесе дінімізге қайтасыңдар” деді»» (13 аят).

Уарақа Мұхаммедтің (ﷺ) ақиқат пайғамбар екендігіне кәміл сенген, өйткені ол Пайғамбарымызға (ﷺ): - Егер мен сол уақытқа жетсем, міндетті түрде саған көмектесемін! – деп айтқан болатын. Алайда көп кешікпей Уарақа қайтыс болады.

 asyldin.kz

                    

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз:

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active