Қош келдің, Рамазан!

Қош келдің, Рамазан!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ең алдымен, осы күнге жеткізіп, осы сөзді айтуға мүмкіндік берген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Биылғы жылдың қасиетті Рамазан айына жете алмай көз жұмған немесе ауыр дертке шалдыққандары себепті өмірінің соңына дейін әсері күшті препараттарға басыбайлы байланған мұсылман бауырларымызды ескерер болсақ, бізге Алланың Мейірімі түскенін жан-тәнімізбен сезініп, Жаратушымызға ризашылығымызды білдіреміз. Жүрегіміз дүрсілдеп, Алланың бізге берген осынауы сыйы – оразаға аман-есен жеткізгеніне Аллаға шүкір демекпіз!

Иә, көптен сағына күткен Рамазан айы да араға бір жыл салып жетті айналып, яғни бүгін күллі әлемдегі мұсылман бауырларымыз Алла разылығы үшін ауыздарын бекітіп, таңғы сәресілерін ішті. Алла Тағала ниетімізді, оразамызды қабыл етіп, мол сауаптан жазуға нәсіп етсін! Әлемге жайылған індеттің салдарынан биылғы оразамыз ерекше болайын деп тұр. Алланың қалауымен, қоғамда орын алған карантин себепті әрбір мұсылман өз үйінен шықпаған қалпында оразасын ұстап, Алла Тағалаға құлшылығын лайықты түрде орындауы абзал. Жиналып тек Рамазан айында жамағатпен бірге, Алла разылығы үшін, оқылатын тарауық намазы мен ауыз ашар орын алмайтын болды. Әрбір мұсылман өз отбасымен ғана ауыз бекітіп, ауыз ашар жасайтын болады әрі мүмкіндіктерінше үйлерінде тарауық намазын оқитын болады, ин ша Алла. Мұнда да Бір Алланың даналығы жатқаны сөзсіз.

Рамазан – ерекше ай. Ол – он екі айдың сұлтаны. Жақсы амалдардың молайып, күнәнің азаятын, тіпті жойылатын айы. Дәл осы айда Алла Тағалаға көп құлшылық жасап, Оған барынша жақын болғанымыз абзал. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді, ал Рамазан айы – ертеңгі күні шығынға ұшырап кетпеу үшін әрі Қиямет күні бақытқа бөленгендердің қатарында болуға қол жеткізудің ең үлкен мүмкіндіктерінің бірі. Иман келтіргендер үшін ораза ұстау еш қиындық тудырмайды. Олар жыл сайын қасиетті Рамазан айын қуана күтіп, бар ықыласымен ораза ұстайды, садақа береді. Тек Алла разылығы үшін ғана!

Рамазан айында 83 жылдың сауабына пара-пар келетін қасиетті Қадір түні бар. Бұл түні мұсылмандардың жасаған жақсы амалдары мен құлшылықтары, Алланың қалауымен, еселеніп жазылатын болады. Сондай-ақ, Рамазан айында жасаған күллі игі амалдардың сауабы да еселеніп жазылатындығын есімізден шығармайық та жақсы амалдар жасауда бір-бірімізбен жарысуға тырысайық. Бұл да болса Жаратушымыздың бізге берген бағасыз үлкен сыйы. Алла Ұлық!

Арайлап атқан әрбір таң мен рауандап батқан әрбір түн үшін Алла Тағалаға мадақтар болсын! Күллі мұсылман қауымына Рамазан айы мүбәрәк болсын! Алланың қалауымен, Рамазаннан Рамазанға аман-есен жете берейік! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, коронавирус атты індеттен аман-сау құтылуға Алла нәсіп етсін! Алла разылығы үшін, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын, ағайын! Әмин!

Сыдықова Ақерке

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: