Ата-анамызға жақсылық жасауға асығайық!

Ата-анамызға жақсылық жасауға асығайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Негізінен алғанда, бүгін баяндайын деп отырған амалым аса маңызды. Бұл амал адам баласының саналы өмірі бойына үздіксіз жасалып отырылуы тиіс. Ендеше, аталмыш амалдың маңыздылығын ашып көрсетуге тырысып көрейін. Біздің асыл дініміз Ислам ата-анамызға жақсылық жасап, оларға қамқор болуға бұйырады. Бұл нағыз көркем мінез бен кемеліне жеткен саналылықтың жоғары дәрежесі болып табылады. Бұл мақаланы оқи отырып сіз, шүбәсіз: «Есімді білгелі ата-анама жақсылық жасап келемін!» - деп айтуыңыз әбден мүмкін. Өте дұрыс. Алайда бүгін сізді, Алланың қалауымен, дүниеге әкеліп, мәпелеп бағып-қағып, өнегелі тәрбие берген өмірдегі ең қымбат жандарыңыз – ата-анаңызға барынша жақсылық жасауға тырысып бағыңыз!

Ана! Әлемнің түкпір-түкпірін аралап, қиыр ұшына барар болсаңыз да анадан асқан, анадан артық мейірімді, мейірбан жанды таппайсыз. Анаңыздың денсаулығы сыр беріп, белі бүгіліп, көмірдей қап-қара шашына күміс қыраудай болып ақ түсіпті. Қалай ойлайсыз, мұның бәрі кім үшін? Сөзсіз, сіз үшін! Қарттығына, самайын жапқан ақ шашына әрі шаршап-қажығанына қарамай әлі күнге дейін еңбек етіп жүрген әкеңіз ше? Сөзсіз, сіз үшін! Ата-анаңыз сіз үшін отқа түсіп, суға батуға дайын! Ал сіз үшін жанын беруге дайын осынау асыл жандарды бақытты ету үшін бүгін сіз не істей аласыз? Қолыңыздан не келеді?

Егер ата-анаңыз сізден бөлек тұратын болса, уақыт тауып міндетті түрде барып, хал-жағдайларын көзбен көріп қайтыңыз. Жүректеріне қуаныш ұялатып, сыйлық ала барыңыз. Әрине, сіздің келуіңіз сіз әкелген сыйлықтан анағұрлым артық. Осыны біліп қойыңыз. Ал егер ата-анаңыз басқа қалада тұратын болса, міндетті түрде телефон шалып, хал-жағдайларын біліңіз. Бүгін хабарласып қойған болсаңыз да, Алла разылығы үшін, тағы бір мәрте қоңырау шалыңыз. Сіздің дауысыңызды есту олар үшін нендей бақыт екенін білсеңіз ғой? Қымбат уақытыңыздың бір жарты сағатын ата-анаңызбен сөйлесуге жұмсағаннан сіз көштен қалып қоймассыз. 

Ал егер сіздің ата-анаңыздың екеуі де бақилық болған болса немесе екеуінің бірі қайтыс болған болса, онда ерінбей түнде тұрып, Алла разылығы үшін, екі ракағат намаз оқып, сауабын марқұм ата-анаңызға бағыштаңыз немесе марқұмдар үшін садақа беріңіз. Егер сіздің қаржы жағдайыңыз көтеретін болса, онда ата-анаңызды умраға не болмаса қажылыққа апарып келіңіз. Бұл ата-анаңыз үшін ең үздік сый болар еді. Өйткені қасиетті Рамазан айында жасалған умраның ерекше құндылығы бар әрі мұндай умра біздің сүйікті Пайғамбарымыздың  (ﷺ) өтеген қажылығына тең келеді. Ал егер ата-анаңыз қайтыс болған болса, онда сіз бадал-умра немесе бадал-қажылық жасай аласыз. Бұл дегеніміз – қайтыс болған ата-анаңыз үшін умра немесе қажылық өтеу. Жалпы айтқанда, басқа адам үшін қажылық жасау бадал-қажылық деп аталады. Осы қасиетті Рамазан айында ата-анаңызға әрбір арайлап атқан таңнан бастап, әрбір рауандап батқан күнмен жарысып жақсылық жасауға тырысыңыз. Адамзаттың асылы Мұхаммед (ﷺ) хадистерінің бірінде былай айтқан: «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында». Ата-анаңыздың күлімсіреп тұрған жүзін көру деген бір ғанибет емес пе?! Алла Тағала біздің жақсы амалдарымызды қабыл етсін. Әмин!

Сыдықова Ақерке

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: