Жалған дүние. Жалған бейне

Жалған дүние. Жалған бейне

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл бес күндік фәни дүниеде адам баласы нені бастан өткермейді десеңізші? Пендешілік өмірдің қызықтарына беріліп жүріп, қамшының сабындай қысқа өміріміздің қалай ғана зымырап өте шыққанын аңғармай да қаламыз. Күні кеше ғана еді балабақшаға барып, құмда отырып ойнап жүргенім, балабақшамен қоштасып мектеп табалдырығын аттағаным, мектеп қабырғасында он бір жыл оқып, жоғары оқу орнына түскенім, оқуды тамамдап, жұмысқа тұрғаным. Міне, содан бері  көзді-ашып жұмғандай болып қаншама жыл өте шыққан. Негізі, адам баласы қызық қой.

Қазаның, қиыншылықтың,қайғы-қасіреттің дәмін татып көрмей – оның не екенін түсінбейміз әрі  оның жетемізге  жету- жетпеуі бірталай.  Туғанымыз, туысқанымыз, жолдас-жорамыз не болмаса көрші-қолаңымыздың бірі қайтыс болғанда ғана Алла Тағаланың құдіретін түсініп, «бізді жаратқан Алла, Оған қайтып барамыз», -  деп жатамыз. Сонда ғана қазаның қандай ауыр жан азабы екенін түсініп, еріксіз көзімізден сорғалап аққан жасқа ие бола алмай қаламыз. Күнделікті күйбең тіршілікте өзімізді бұл дүниеде мәңгілік қалатындай болып, өзімізді бұл пендешілік өмірдің тұтқасындай көріп сайраңдап жүргенде, біздің ажалымыздың аяқ-астынан келері миымызға кіріп те шықпайды ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк болып жүргенімізге қарқ болып жүргенде, аяқ-астынан ажал құшып, бақилық өмірге аттанарымызды бір сәтте болса да түсінсек етті?!.  Біздің өміріміз де, бейнеміз де жалған дүниелер ғой... Көзге көрінбес жылдамдықпен өтіп жатқан уақыт мынау, бүгін бар кісіміз, таңертең ұйқыдан оянбай қалып, бақилық болып жатқаны анау. Айта берсең себепсіз, аяқ-асты өлімнің көбейіп кеткені рас жайт. Өміріміздің көбі өтіп, азы қалғанын түсінбей, тайраңдап, айнадан әп-әдемі болып көрінетін «жалған бейнемізге»  қарап мәз болып жүргеніміз...

...Күнделікті әдетінше жұмысқа шығар алдында Айман ауыз үйде ілініп тұрған айнаға қарап, өзіне күлімсірей қараған қыздың бейнесіне көңілі толып: «Иә, Алла, айнадағы бейнем қаншалықты әдемі болса, ішкі-жан дүниемді де соншалықты көркем ете гөр», - деп ерні жыбырлап дұға етті. Айнадан өзіне қараған қыздың бейнесі  – басында әдемі бас орамалы бар, жасыл түсті ұзын көйлегі  және бір иығына асынған қол сөмкесі бар ұзын бойлы қыз бала еді. Осыдан үш жыл бұрын Айманға біреу басына орамал тартқан көшедегі қызды көрсетіп, бір кездері сен де осылай жүресің десе сенбес  еді. Ол кезде Айман мансап қуып жүрген мансапқор көп қыздардың бірі ғана еді. Басына орамал байламақ тұрмақ, ұзын көйлек кимейтін Айманға бұл сөздер бір «қиял» болып көрінетін. «Да, Вы что! Я и платок, я и длинное платье - в такую жаркую погоду?!. Это не по мне и, вообще, что люди обо мне подумают!». Міне, Айманның ондайларға айтатын жауабы осы болатын. Сөйткен Айманымыз, Алланың қалауымен, күннің шыжыған ыстығына да қарамай, адамдардың түсінбей, жазғыра сөйлегендеріне де мән бермей – күніне бес уақыт намазын қаза қылмауға тырысатын, басына орамалын байлап, әурет жерлерін көрсетпей ұзын көйлек киген бойжеткенге айналып шыға келді. Ол өз өмірін екіге бөліп қарайды, біріншісі – бос –зая кеткен уақыты, яғни мансап қуып Алланы ұмытқан кезі де, екіншісі – Жаратушы жалғыз Алланы танып, оның ақиқат жолына түскен уақытынан бастап өмірінің 360°  өзгерген кезі.  Мансап қуып жүрген кездегі жетістіктеріне өзім, өзімнің арқамда жеттім деп жүретін Айман  Жаратушы жалғыз Алланы танығалы бері – сол кездегі ойының өте қате екенін жете түсінді. Ол мансапты да, оқуын да, білімін де, жұмысын да – Жалғыз Алланың қалауымен, Оның бұйыруымен алғандына көзі жетті. Соны түсінгені үшін де Алланың алдында тәубесіне келіп, шүкірлік айтады. Айна алдында тұрып, намаз оқығанға дейінгі өмірі мен бір Алла деп намазға жығылған өмірін салыстырып, көз алдына елестетіп өтті. Расында, Исламға келгенге дейін  ол өзін өте әдемі де өктем сезінген еді. Күнделікті айнадан көретін бейнесі тек өзінің ғана емес, еркек атаулы былай тұрсын, қыз-келіншектердің өзін тамсандырмай қоймайтын, менде осындай түр, осындай төгілген ұзын шаш, осындай сымбатты дене болсын дейтіндей көзқызықтырар дене-бітімімен  оны көрген жанның назарын өзіне аудартпай қоймайтын еді. Жаратушының берген сұлу бет-пішіні, көркем де нәзік дене бітімімен үйлесім тапқан жанның бірі болатын. Расы керек, сол сұлу бет пішінін күнделікті таңертең айна алдында 1 сағаттай уақытын жіберіп бояйтын еді. Сол Айман енді бояусыз-ақ күн көріп жүр. Өзінің кеш те болса адал жолға түскеніне Хақ Жаратушыға шүкір айтады. Ол өз туған-туыстарына: «Жалған дүние өтеді де кетеді, ал біздің жақсы амалдарымыз, яғни шынайы бейнеміз қалады бізбен бірге», - деп айтудан бір жалықпайды. Аса құдірет Иесі Айманның адаспай оң жолға түсуін қалады, сондықтан да Айман ақиқат жолын артық көріп, пендешілік өмір қызықтарын ұмытты. Мешітке барып Құран оқуды үйренді. Жұмыстан кейінгі кешкілік уақытын Құран оқумен өткізуді әдетке айналдырғанына да бірталай болған.                                                        Айнадан жалған бейне емес, өзіміздің шынайы болмысымызды көрсетші әрі шынайы бейнемізді көркем ете гөр деп тілейікші Жаратушыдан. Дүние жалған болса да бейнеміз жалған болмаса екен...

Ақерке Сыдықова

asyldin.kz 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: