Cіз де шаңырақ қорғаушысы болыңыз...

Cіз де шаңырақ қорғаушысы болыңыз...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Сыртта – қыстың аязды күндерінің бірі, ал мен болсам үйімде кофе ішіп, рахаттанып отырмын. Кенеттен менің бойымды бақыт сезімі кернеп кетті. Көптеген үй шаруасында жүрген қыз-келіншектер өздерінің күнделікті күйбең тірліктерінің сондай маңызды емес әрі лайықты түрде мойындалмайтындығын сезеді...

Негізі, мен де сол «үй шаруасында» жүрген нәзік жандылардың бірімін. Алайда мен өзімді шаңырақ қорғаушысымын деп айтқанды жөн көремін, меніңше, осынау маңызды еңбекті сипаттауға бұл ұғым анағұрлым  сай келетін  сияқты.   Қане, өмірлік маңызы бар өнер – өз үйімізді сақтау өнері туралы әңгіме өрбітейікші.

Әрқашан жайдары қабақ танытып, сені қабылдауға дайын тұрған отбасында өзіңді қалай керемет сезінесің! Мұндай шаңырақ тіпті бөтендерді де сүйіспеншілікпен өзіне тартады, ол жерде тәртіп пен бостандықтың үйлесімді түрде сай келетіндігі сондай, жай ғана отыра қалып тыныққың келеді, жаның жай табады.  

Көз алдымызға балалары алысып-жұлысып, үйдің ішін көшіріп жатса да ширықпайтын ананы елестетейікші... Оның ұялшақ жеткіншекпен немесе жалғызбасты аналармен сөйлесуге әрқашан уақыты табылып жатады. Сонымен қоймай, ол бос жүрмейді, оның көптеген көзге іліне бермейтін қызықты істері бар. Әлбетте, ол күн тәртібін өзіне  икемді етіп жасап алады, сол себепті мұқтаж жанға көмек қолын созуға немесе бүлдіршінге бақшада жаңа атқан гүлді көрсету үшін уақыт табады, тіпті сол үшін ол барлық ісін ысырып қоюға дайын.  

Қазіргі таңда көптеген нәзік жандылардың «жұмысбасты» болып кеткендері сондай, олар таң ата сала үйлерінен кетіп, күнді батырып қана үйлеріне оралады. Әрине, жұмыс істеу қажет. Біреулері отбасын асырау үшін жұмыс істеуге мәжбүр болса, енді біреулері үйде отырып «қарайып» қалмайық деп өз еріктерімен мансап қуып кетеді. Бірақ тәулігіне 24 сағат шаңырақ қорғаушысы бола білу де мансап, сіз өз үйіңізді жаныңыз қалаған дүниеге айналдыра аласыз. Бұл көптеген ілімді қажет етеді: сөйлесу дағдысы мен менеджменттен бастап аспаздық пен экономикаға дейінгі саланың бәрін жете игерген болуыңыз қажет

Үйдегілердің «өтініш-арыздарын» тыңдап, өзінше «эмоциялық бірінші жәрдем» көрсету үшін әйелге уақыт пен шыдамдылық, білімділік пен іскерлік керек. Айналып келгенде, шаңырақ қорғаушысы өз отбасы үшін дәрігер де, заңгер де, ұстаз да, аспаз да, тәрбиеші де.

Жақсы шаңырақ қорғаушысы үй - қоғамның жүрегі екенін біледі. Ол жанұясына, туған-туыстарына  және достарына қамқор бола алады.  Шыжығы мен қызығы мол бұл заманда үйдегі жағдай өзімізді  қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Бақыттың не екенін балалар тек үйде ғана сезініп-біле алады және олардың жадында мәңгіге қалады. Осындай жақсы да жағымды естеліктер, сөзсіз, олардың келешек өмірлеріне әсер етеді.

Егер сіз тұрмысқа шықсаңыз, онда өзіңіздің шаңырақ қорғаушысы ретіндегі мансабыңызды қуанышпен әрі сенімді түрде бастаңыз. Егер өз үйіңізді сақтау өнерін үйренуге көп жылдарыңызды сарп етер болсаңыз, онда «жай ғана үй шаруасындағы әйел» екендігіңіз үшін мақтанатын боласыз. Осындай маңызды мамандықты таңдаған бір ойдың өзінен-ақ сіз жарқырап жүретін боласыз!

Мен өз өмір салтымды, шаңырақ қорғаушысы ретіндегі «арзымайтын жұмысымды» Алла Тағаланың қалауы мен Мейірімінің арқасында бағалай бастадым. Жаратушы  маған ана болу бақытын сыйлады, балалы болған соң мен «шаңырақ қорғаушысы»  мамандығын өз еркіммен таңдадым, ал Алла Тағала Өзіне тән сүйіспеншілікпен әрі жомарттықпен маған бағыт-бағдар көрсетіп, мені қолдап отырады. Ал мен болсам, өз кезегімде, Жаратушының маған берген нығметтерін, ризық-несібесін отбасымның мүшелеріне жеткізіп отырамын.  

Алла Тағала мұсылман қыз-келіншектерге Әсияға (р.а.) бергендей сенім, Мәриәмға (р.а.) бергендей пәктік, тақуалардың анасы Хадиша анамызға (р.а.) бергендей сүйіспеншілік, Айша анамызға (р.а.) бергендей сезім мен білім және олармен Жұмақта бірге болу мүмкіндігін нәсіп етсін. Әмин.  

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: