Әлеуметтік желіде мұсылмандық сақталуда ма?

Әлеуметтік желіде мұсылмандық сақталуда ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі заман адамының интернетсіз өмірін елестету әсте оңай емес. Қазіргі уақыттағы әлемдік ғаламтор түрлі ақпарат пен қызықты мәліметтердің орталығы ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын адамдардың бір-бірімен байланыс құралы. Осы қарым-қатынасты күшейтеміз деген желеумен қазіргі таңда ғаламторда сан алуан әлеуметтік желілер бар. Статистика жүгінсек әлемдегі 7 мен 50 жас аралығындағы әрбір жер тұрғыны ең құрығанда бір әлеуметтік желіде тіркелген. Отандық сарапшылардың мәліметіне жүгінсек:

– Әлемдегі отыз жасқа дейінгі адамдардың 50 пайызы, жаңа ғасырда туылғандардың 96 пайызы әлеуметтік желілерді пайдаланады;

– «Facebook»-тің апталық трафигі «Google»-дікінен де асып түсті;

– Әлеуметтік желілер порнографияны да артта қалдырып, ғаламторда уақыт өткізудің ең кең тараған әдісіне айналды; (Порнографияны басып озу осы уақытқа дейін ешбір интернет жобаға бұйырмаған);

– АҚШ-тың әрбір сегізінші жұбы әлеуметтік желілер арқылы танысқан;

– 50 миллион қолданушыны өзіне қарату үшін радио отыз сегіз жыл, телевизия он үш жыл, интернет төрт жыл талмай қызмет етсе, әлеуметтік желілердің тек біреуі – «Facebook» бір жылда 200 милллион адам жинады;

– Егер «Facebook» мемлекет болғанда, халық саны бойынша үшінші орында тұрар еді. Себебі, 800 миллион қолданушысы бар.

– Компаниялардың 80 пайызы кадр табуда әлеуметтік желілерге жүгінеді;

– Аты  шулы Леди Гага мен Джастен Бибердің твиттердегі қонақтарының саны Қазақстан халқынан да көп;

– «Facebook»-та тіркелушілер саны Қытай халқының өсу үдерісінен де асып түсуде.

Қарап отырсақ, бүгінгі таңдағы әлеуметік желілер алып күшке айналып бара жатыр. Әрбір қолданыстағы заттың пайдасы мен зияны бар секілді әлеуметтік желіде де дәл солай екені рас. Ең тиімдісі уақыт пен қашықтыққа қарамай қажет адамыңмен қарым-қатынас құруың, қажетті ақпаратпен тез алмасуың екені сөзсіз. Әлеуметтік желілердің ендігі жердегі зиянды сипаттарына тоқталатын болсақ, әрине бұл виртуалды әлемге кіріп кетіп, ақиқат өмірден алшақты, адамдардың өзінің бейне бір қияли әлемінде өмір сүруі. Ресейдің атақты психотерапевты Павел Пономаревтің сөзіне жүгінсек, «Әлеуметтік желіні көп пайдаланушылар өзінің психикалық және дүниелік жағдайын көп жағдайда әлеуметтік желідегі тіркелген «Никіне» тәуелді етеді. Осылайша, әлсіз психалогиялық тұрғыдан тұрақсыз адам өзінің әлеуметтік желідегі парақшасындағы қонақтардың көптігіне, суреттерінің әсемдігіне мастанып, нағыз өмірден алыстауы мүмкін. Әлеуметтік желі виртуалды әлем болғаннан кейін адамның осы дүниеде сезетін сезімдерді толық сезіндере алмай, адамның психологиялық қызметтерін тежей бастайды. Осыған байланысты адамның кейбір психологиялық сезімдері күйзеліске ұшырап, кейбір сезімдері күшейіп, қайта осы дүниеге байланысты психологиялық сезімдері өле бастайды. Осыған байланысты қоғам ішіндегі демографиялық, саяси және экономикалық үлкен теріс өзгерістерге әкелуі мүмкін» – дейді ол.

Ал бұл қатардағы қарапайым мұсылман баласына шектен тыс әлеуметтік желіні қолданса қандай зиянға ұшырайтынын саралауға тырысайық.

1. Өтірік. Өкінішке орай әлеуметтік желілер арқылы көптеген асыл дініміз жайлы теріс ақпарат таратылуда. Қарапайым мысал өзімнің ұялы телефонымдағы желіге қарасам қасиетті Рамазан айы алдында Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) атынан жалған хадистер келіп, жамағат арасында өкінішке орай көп таралды. Жалған хадистің мәтініне келер болсақ, кімде-кім Рамазан айының келгенін бірінші болып сүйіншілейтін болса, онда ол адамға жәннәт міндетті болады екен. Кейбір адамдар осыған сеніп жанталаса жаңағы жалғанды жіберіп, қарапайым мұсылман отыз күн ораза ұстап жинайтын сауапты бір минутта жинап алғысы келгендеріне өзім куә болдым. Бұдан басқа қоғамға зиян тигізетін, қарапайым қара халықты дүрліктіретін қаншама өтірік ақпарат жарық көріп жатты. Соның біреуіне сүйенсек, эбола вирусы қарапайым банан арқылы атағы шықты. Ал, 21 ғасыр індеті СПИД апельсин арқылы тарайтыны туралы жалған ақпарат келді. Аллаға шүкір мұны медицина мамандары теріске шығарды. Басқа да елді дүрліктірген мысалдар жетерлік. Көпшілігінде адамдар осы желі арқылы келіп түскен ақпаратты сараламай, ақиқатына жетпей өзінің жүздеген «желілес» достарына жіберуде. Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) бұл турасында «Адам өтірікші болу үшін естігеннің бәрін айтқаны да жеткілікті» дейді. Ал адамның өтірікші болды дегені ол ойыншық емес. Ол – үлкен қасірет. Ол – қара дақ. Әбу Бәкраның (р.а.) жеткізуі бойынша бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең үлкен күнәлардан хабар берейін бе, деп үш рет қайталады. Біз: «Иә, уа, Алла елшісі,» – дедік. Сонда Ол (с.ғ.с): «Аллаға серік қосу және ата-ананы ренжіту,» – деді де жантайып отырған жерінен бойын тіктеп: «Жалған сөз айту және жалған куәлік беру,» – деп қайталай бергені сонша біз енді тоқтаса етті деп ойладық, – дейді оқиғаның куәсі болған сахаба. (Бұхари мен Мүсілім). Ал енді осы әлеуметтік желідегі өтірікке статистикаға сүйене отыра тоқталсақ, қолданушылардың үштен бірі осы ғаламторда өтірік айтады екен. Оның ішінде ең көп өтірік отбасы жағдайы турасында (яғни үйленген немесе бойдақ т.б.), екінші топта өзінің қызмет орны, жасы сияқты мәліметтерде жалған деректер қойылады екен. Ал бұл болса мұсылман сипатына жат нәрсе.

2. Дау-дамайдың туындауы, ғайбат, жала жабу.

Әлеуметтік желіде отырған адам көп жағдайда өзінің жауапкершілігін сезінбей, не болса соны жазып, елге айып тағып, немесе біреумен сөз таласқа барып, тіпті ашықтан ашық жала жауып жүргендердің аз емес екендігі белгілі. Тіпті жауапкершілікті сезінсе де мені кім іздейді, кім табады деп «ержүректенетіні» тағы бар. Осы парақшаларды қарап отырсаң түрлі ұлт және конфессия өкілдері бірін-бірі жамандап, кемшіліктерін айтып үлкен дау тудыруда. Тіпті кейбір осындай белсенді әлеуметтік желі қолданушылар өздерінше топ құрып, азаматтар арасында іріткі салуда. Жалада кең таралған дерттің бірі, Қоғамның бір белсенді мүшесін немесе т.б. с.с. адамдар істемеген нәрселерді жазып, өз рейтінгтерін өсіргісі келе ме, әйтеуір шайтанның шырмауына ілініп, болмаған істі болғандай етіп көрсету де әлеуметтік желілерде кең таралуда. Бұның күнәсі жайлы Ибн Масғұд (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім бір кісіні ғайбаттап тамақтанса, Алла ол кісіні жаһаннам азабымен соншалықты тамақтандырады. Кім бір кісіні ғайбаттап бір нәрсе киінсе, Алла Тағала дәл соның қарсылығын кигізеді. Кім де кім бір кісіні мақтап, риа (көрсету) үшін ғайбаттаса, Алла Тағала ол кісіні қиямет күні масқаралайды,» – дейді. Ғайбат та исламдағы үлкен күнәләрдің бірі. Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 12-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Тым күмәншіл болудан сақтаныңдар! Кейбір (орынсыз) күмән – нағыз күнә саналады. Біріңнен бірің күнә іздемеңдер, бірің туралы бірің өсек айтпаңдар. Өлген ағайындарыңның етін жеуді қайсың жақсы көресің? Өйткілерің келмейді екен, ендеше Алладан қорқыңдар. Тәубеге келген адамның тілегін Алла қабыл алады, оған өте мейіріммен қарайды,» – делінген. Имам Ахмад жеткізген хадисте Пайғамбар (с.ғ.с): «Кімде-кім бір мұсылманды ғайбатшыдан, мұнафиқтан (екі жүзді) қорғаса, Алла Тағала қиямет күні ол кісіге ағзасын тозақ отынан қорғайтын періште жібереді. Ал, кімде-кім бір мұсылманды сөгіп, ғайбат айтса, ол райынан қайтпайынша, Алла Тағала ол кісіні жаһаннам көпірінің үстінде ұстап тұрады,» – деген. Мұсылман баласы мұндай теріс әрекеттерден аулақ болу қажет, мүмін мұсылмандардың сипатын «Мүминун» сүресінің 3-аятында: «Олар бос нәрселерден аулақ болушылар,» – деп баяндайды. Момын мұсылман өсек-аяң, өтірік, ғайбат т.б. сол сияқты мұсылманға жат істерден басын аулақ ұстағаны жөн. Және мұсылман баласы Құран Кәрімдегі «Қаф» сүресіндегі «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын» – деген аятты есінен шығармай, нағыз өмірде болсын, виртуалды әлемде болса да айтылған немесе жазған сөзін амал кітабіна жазушы періштелер бар екенін естен шығармауы қажет. Адам баласын махшарда Алла Тағала бір-бірлеп сұраққа тартқаны сияқты, адамның әрбір ағзасы да сұралады. «Исра» сүресінің 36-аятында Алла Тағала: «Өзіңе беймәлім нәрсенің соңына түспе. (Қияметте) көз, құлақ, жүрек (қылмыстары) туралы да сұрақ болады,» – деген. Бұл аятта тек қана адам емес, күллі адамзат баласының ағзалары да сұраққа тартылатындығына бір дәлел. Әрине ойланатын жайт.

3. Алтындай қымбат уақытты өлтіру.

Ибн Масғұд (р.а.) риуаят еткен басқа хадисте пайғамбар (с.ғ.с.) осы мәселеге байланысты мынаны баяндаған: «Қиямет күні адам баласы Раббысының құзырынан бес нәрседен сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды: өмірін қалай өткізгендігі; жастық шағын қалай өткізгені; мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағаны; алған білімімен қандай амал жасағаны,» – деген. Осы хадис бармашымызды ойлануға итермелейді.

Алайда әлеуметтік желілер біздің алтындай қымбат уақытымызды байқатпай ұрлауда. Біреуге жазған бір-екі ауыз сөзге жауап күтуіңіз, біреудің парақшасын көріп, суреттерін тамашалап, «лайк» басуыңыз, сіздің бұл дүниеңізге не ақыретіңізге ешбір пайдасы жоқ, мәні мен маңызы мүлдем жоқ бейнероликтерді көріп уақытты есіл ағызуыңыз. Ал бұл кеткен есіл уақыт қиямет күні Ұлық Жаратушының алдында тұрғанда қандай қымбат болар секундтар. Өйткені, бұл жалғанда сіз осы уақыт аралығында қаншама сауапты іс атқара алар едіңіз. Өкінішке орай, көп мұсылман бауырлар Алланың ұлы кітабын оқу үшін, бетін айлап ашпайды, ал әлеуметтік парағының бетін минут сайын көретіні тағы ойланатын жайт емес па? Осы уақытта қаншама білім алып, өзімізге, елімізге асыл болған дінімізге еселеп пайдасын тигізер едік. Исламда уақытты дұрыс әрі пайдалы да сауапты істермен өткізудің маңыздылығы өте зор. Өйткені, уақыт – Алла Тағаланың адамға берген сыйы. Мұсылман болу бұл тек аптасына жұма күні мешітке барумен шектелмейді. Ислам – бұл өмір сүру қағидасы. Біз өзіміздің әрбір ісімізбен, ірбір сөзімізбен, болмысымызбен өзіміздің Алла берген қысқа уақытымызды Алланың разылығын табатын амалдарға арнап, алтындай уақытымызды тиімді пайдаланатын жандар екенімізді дәлелдеуіміз қажет. Алланың разылығын тауып, мәңгі рахатты көздеген мұсылман үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланушысы емес, өз діні үшін, ақыреті үшін, Отаны үшін қоғамның белсенді мүшесі болуы тиіс.

Интернет – бұл шекарасы жоқ, қадамын аңдып баспайтын адам үшін шайтанның кақпаны кең жайылған жер. Бір-ақ қана мысал, қарапайым ақпарат іздеген адам түрлі ұятсыз жарнамаларға кіріп кетіп, көзін күнәға батыруыда ғажап емес. Біз сіздерді интернеттен, ақпарат құралдарынан бас тартуға үгіттемейміз, қайта жаңа технологияларды игерген, жан-жақты мұсылман болуға шақырамыз, алайда сақтық танытып, шариғатымызға қайшы амал етпейік. Уақытымызды, күш-қуатымызды болмашы нәрселерге жұмсамайық. Өйткені, Алла Тағала «Мүминун» сүресінің 115 аятында «Шын Біз, сендерді босқа жараттық та тіпті Бізге қайтарылмаймыз деп, ойлайсыңдар ма?» – дейді.

Иә, әлеуметтік желілердің жалпы интернеттің зияны жайлы айта отыра оның пайдасын жасырып қалуымызда әділетсіздік болып, ақиқатқа жанаспайды. Желі арқылы достарымызбен байланыста болып, туыстарымыздың жағдайын біліп тұра алу мүмкіндігі бар. Интернет арқылы білім алып, кітап дүкендерінің, кітапхана сөрелерінде жоқ кітаптарды тауып алып, пайдалы білім алуға немесе бір нәрсені қолдану әдісін немесе бұзылған бұйымымыздың жөндеу жолдары сынды түрлі пайдалы нәрселері бар. Осының бәрін ескере отыра мұсылман жаратылу мақсатын естен шығармау қажет. Немістің Лион есімді жазушысы «Дарынды адам барша жерде дарынды» қанатты сөзін, дінімізге лайықтап «Тақуа мұсылман, жай дүние де, виртуалды әлемде де тақуа» болуы қажет дегім келеді.

Дәуренбек ЖАНДОСҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: