Сөйлемес бұрын үш нәрсе жайында ойлан...

Сөйлемес бұрын үш нәрсе жайында ойлан...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қасиетті Құранның даналығы мен құпиясы – әлемдегі барлық мұхиттан да түпсіз терең әрі сарқылмас бір дүние. Дегенмен, Құраннан әркім өзінің жүрегіне сиғыза алатын пайдасын ғана ала алады.

Барлық иісі мұсылман баласының оқитыны бір Құран, алайда әркім одан өзінің шамасына қарай, өзі көтере алатын ғана пайда алады. Құран аяттары – Жаратушының пенделері Оған қаншалықты жақын болса, соншалықты олардың жүрегіне ұялайды.

Қасиетті Құран Алла Тағаланың бізге түсірген өзінше бір хаты, үндеуі болып табылады. Өзіңізден сұрап көріңізші – адамдардың хатына қызығушылық танытқандай, Құранға да сондай қызығушылық таныта аласыз ба? Алланың сөздерін қаншалықты ұзақ әрі мән беріп оқуға дайынсыз? Құранға лайықты түрде көңіл бөлесіз бе? Егер бізге аяттардың мән-мағынасы түсініксіз болса, біз оны ілім иелерінен сұраймыз ба?  

Егер біз осы сауалдарға жағымды жауап берер болсақ, онда Құранның мейірімге толы тілі бізге түсінікті деген сөз.

Қазіргі таңда дерліктей шекарасы жоқ ғаламдық әлемде өмір сүріп отырғанымызды ескерсек, тілдерді білу өте өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Адамдар қаншама қаражат жұмсап, бос уақыттарын кетіріп тағы да бір шет тілін үйренуге тырысады. Және де шет тілдерін үйрететін курстар нарығында үлкен таңдау орын алған. Тіпті біз әлемнің кез-келген еліне барып, сол ел тұрғындарының тілін тәжірибеден өткізіп келе аламыз.

Шүбәсіз, шет тілдерді үйрену – қажет әрі пайдалы, бірақ барлық тілдерді Жаратушы Аллла Тағала ең алдымен Қасиетті Құран тілін үйренуді сұрайды. Бұл жерде тіпті араб тілін үйрену ғана сөз болып отырған жоқ, бастысы, Құран мейірімділігінің тілін үйрену сөз болып отыр. Құранды түсіну жолы – Құранда айтылған ескертулер арқылы өз тілімізді жетілдіруде жатыр.

Басқа адамдармен қарым-қатынасымыздағы мәселелер – тілді қатынас құралы ретінде жете түсінбеуімізде әрі дұрыс қолданбауымызда болып тұр. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген нақыл сөз бар. Міне, сол себепті де біз өзге адамдардың сезімін жаралап алмас үшін, өте абай болғанымыз жөн.

Қазақ халқында: «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген мақал бар.

Сондықтан аузымызды ашып, сөйлемес бұрын дұрыстап ойланып алғанымыз абзал болар. Айтылған сөз, атылған оқ дегендей, отыз тістен шыққан сөзіміз оқ болып өзге адамның жанын жараламасын десек, өзіміздің сүйексіз қызыл тілімізге ие болайық. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Не айтсаң да, ертең өзің ақталмайтындай сөз айт!» (Бұхари).

Басқа пәле - тілден демекші, ойланбай айтылған сөз өзіміздің маңдайымызға сарт етіп тимеу жағына көп көңіл аударғанымыз жөн. Тілімізбен айтылмаған сөзге біз иелік ете аламыз, алайда, сөз тілден шықты болды – ол біздің қожайынымызға айнала жөнеледі.

Шынайы иман келтірген жандар әлдебір нәрсені айтпас бұрын, оның айтар сөзінің пайдасы бола ма, жоқ па деп ойланып алады. Егер оның айтайын деген сөзі өзіне әрі оны қоршаған адамдарға пайдасыз болып, біреуге кесірін тигізетінін түсінсе, онда мүмін адам үндемей қалуды жөн санайды. Сондай-ақ, олар айтар сөздерін ой елегінен өткізіп, салмақтап, қай сөздің қашан, кімге, қалай айтылуы керектігін де түсінеді.

Әбу Бәкір (р.а.) мынадай көркем сөздерді айтқан болатын: «Сөйлемес бұрын үш нәрсе жайында ойлан. Олар: не айтатының, қашан айтатының және кімге айтатының».

Мүмін адам айтар сөзін өзі сөйлесіп тұрған адамның көңіл-күйіне қарап ыңғайластыра білуі керек, өйткені біреуге жағымды болар сөз, біреуге түрпідей тиюі әбден мүмкін. Міне, сол себепті де алдымен сұхбаттас адамның психологиялық ахуалын анықтап алған дұрыс.

Адамдар мұндай парасатты әрі есті мүмін адамдарды бағап, оларға сенім артатын  болады. Пайғамбарымыз (ﷺ) адамдармен сөйлескенде оларға қызықты болатын дүниелерді айтып әрі олардың түсіну деңгейін де ескеріп отыратын болған. Дөрекі бәдеуимен және тайпаның басшысымен Пайғамбарымыз (ﷺ) әртүрлі сөйлескен. Бәдеуилерге Алла Елшісі (ﷺ) кез-келген дүниені қарапайым тілмен жеткізетін болса, ал тайпа басшыларына тереңірек түсіндіріп отыратын болған.

Күндердің күнінде Омар (р.а.) Алла Елшісі (ﷺ) мен Әбу Бәкір (р.а.) әңгімелерінің куәсі болады. Омардың (р.а.) дана әрі білгір сахаба болғанына қарамастан, ол: «Мен өзімді араб тілін білмейтін адамдай сезіндім. Олардың әңгімесінен мен ештеме түсінбедім», - деп айтуға мәжбүр болған екен.

Міне, сол себепті де Пайғамбарымыз (ﷺ) Ибн Аббасқа былай ескерткен: «Уа, Ибн Аббас! Адамдармен олар түсінбейтін тілмен сөйлеме, өйткені, егер сен олар түсінбейтін тілде сөйлейтін болсаң, бұл оларды бақытсыздыққа ұшыратады».

Пайғамбарымыз (ﷺ) адамды Жұмаққа кіргізетін қасиеттер мен артықшылықтарды тізбектей келе Муаз бин Жабалдан (р.а.): «Осының бәріне иелік ететін нәрсені білгің келе ме?» - деп сұраған екен.  «Әрине, уа, Алла Елшісі», - деп жауап береді ол. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) тілін көрсетіп: «Осыған ие бол!» - дейді. Муаз: «Сонда біз айтқан сөздеріміз үшін жауап береміз бе?» - деп сұраған екен. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Қызықсың сен, Муаз! Тілімен айтқан сөздері үшін адамдардың бетімен Тозақ Отына тасталатынын білмеп пе едің?!» - деп жауап берген екен (Ахмад, Тирмизи, Ибн Маджа).

Сондықтан мүмін адам оның аузынан шыққан сөздердің Алла алдында жазылып жатқанын бір сәтке болсын есінен шығармауы тиіс. Бұл жөнінде Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Аузынан бір сөз шығарса-ақ болды, алдында аңдушы дайын» (50:18).

Тіпті айтылған сөздеріміз үшін бұл дүниеде жауап бермейтін болсақ та, бірақ ақиретте сөзсіз жауапқа тартылатын боламыз. Сол себепті ішіп-жейтін асымызға қалай мұқият болсақ, сол сияқты аузымыздан шығатын сөзге де байыпты болғанымыз абзал. Біздің Қасиетті Құранымыз бен Сүннетіміз аузымызға түскенді айта бермей, кейде үндемей қалуға кеңес береді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: