Кеше салауат айтуды ұмытты...

Кеше салауат айтуды ұмытты...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Осман империясын басқарған Сұлтан Абдул Хамид күнделікті жұмыстан кейін ардақты Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға салауат айтуды әдетке айналдырған тақуа тұлғалардан еді. Содан бір күні жұмыс көбейіп, патша түнімен еңбек етіп отырған жерінде салауат айтуды ұмытып ұйықтап кетеді. Ертесіне оянып жұмысын қайта жалғастырып, уәзірін алдына шақырады да оған:

— Бүгін қандай жұмыстар бар? Халықтың маған жолдаған шағым хаттары бар ма?-дейді. Уәзірі:

— Әзірше шағым хаттар жоқ. Бірақ, кешелі бері Файсал есімді бір кісі сізден алар қарызым бар деп сарайдың алдынан кетпей жүр,-дейді. Патша дереу алдына шақыртуды бұйырады. Есікті қағып патшаның алдына келген Файсал кідірместен патшаға:

— Менің сізден алар қарызым бар. Соны алуға келдім,-дейді. Патша таңдана:

— Мен қашан саған қарыз болып едім?-десе, әлгі Файсал сөз алып:

— Мен бір күндері жеке кәсіп ашпақ болып көптеген адамдардан қарызға ақша алып едім. Ақыры ойлаған кәсібім нәтижесіз болып, бір тиынсыз қалдым. Қарызды өтейін десем сатарға дүнием жоқ, керек десеңіз ішерге асымыз жоқ, жағдайымыз мүшкіл болып, қарызға белшеден баттым. Әйтсе де, мен бір Аллаһтан күдер үзген емеспін. Бір Жаратушы маған бұл қиыншылықтан шығар жол тауып берер деп күнде жатарда үздіксіз дұға етумен болдым. Содан күні кеше түсіме Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар кірді. Ол маған: «Сұлтан Абдул Хамидке барып айт….»-деп еді, патша орнынан атып тұрып, қолын жүректің тұсына қойып:

— Аллаһтың Оған сәлемі мен игілігі болсын! Не деді? Мен жайлы пайғамбар (с.а.у.) не деді?-деп сұрана түседі. Файсал:

— Сұлтан Абдул Хамид маған күнде салауат айтатын еді. Бірақ, кеше салауат айтуды ұмытты. Сен оған барып қажеттілігіңді айтсаң….деген сәтінде патша ишарамен сөзін тоқтатып:

— Ал мынаны,-деп бір тола қоржын ақша береді де, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар мен жайлы не деді?-деп қайта сұрайды.  Файсал:

— Сұлтан Абдул Хамид маған күнде салауат айтатын еді. Бірақ, кеше салауат айтуды ұмытты. Сен оған барып қажеттілігіңді айтсаң….деген сәтінде патша ишарамен тағы сөзін бөліп:

— Ал мынаны,-деп және тағы бір қоржын ақша береді де, Мұхаммед с.а.у. пайғамбар мен жайлы не деді?-деп қайтадан сұрайды.  Файсал:

— Сұлтан Абдул Хамид маған күнде салауат айтатын еді. Бірақ, кеше салауат айтуды ұмытты. Сен оған барып қажеттілігіңді айтсаң….деген сәтінде патша тағы бір қоржын ақша береді. Сол уақытта сырттай бақылап тұрған уәзір Файсалға:

— Белшеден батқан қарызыңды өтеуге осы қоржындар жетпей ме?-деді. Сонда Файсал:

— Әрине, жетеді. Мен дереу барып қарыздарымды өтеймін,-деп патшаға алғысын білдіріп, рұқсатымен сарайдан шығып кетеді. Ал, Сұлтан болса орнынан тұрған күйде көзіне жас алады. Уәзірі:

— Құрметті Патшам! Әлгі кісіге қолыңыздағы бар дүниені бере жаздадыңыз ғой,-деп таңданады. Сол сәтте Сұлтан:

— Сен не деп тұрсың, уәзірім?! Егер ол менен бүкіл байлығымды, керек десе тағымды сұраса да, кідірместен берер едім. Мен қатты қателестім. Кеше күйбең тіршілікпен Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға салауат айтуды ұмыт қылдым. Аллаһ мені кешірсін!-деп үнсіз біраз тұрып қалған екен.  

Жалғас АСХАТҰЛЫ,

дінтанушы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: