Сіздің ісіңізге шайтанның кедергі келтіруіне тосқауыл болатын 5 амал

Сіздің ісіңізге шайтанның кедергі келтіруіне тосқауыл болатын 5 амал

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құдіретті Алла Тағала Адам Атаны жаратқанда, барлық періштелерге сәжде жасауды бұйырады. Қасиетті Құранда бұл оқиға былай баяндалған: «Біз сендерді жараттық, одан соң сендерге кескін-келбет бердік. Содан кейін періштелерге «Адамға сәжде етіңдер! дедік. Сонда олар сәжде етті. Тек, (жыннан болған) Ібіліс сәжде етушілерден болмады» (7:11).

Иә, періштелердің арасында жүретін Ібіліс қана Алланың бұйырғанын орындамаған еді. Қанша уақыт бойы Аллаға адал қызмет еткен Ібіліс тәкаппарлыққа берілді. Сондағы Алланың үкімі қандай еді? Құран аяттары былай жалғасады: Алла Тағала айтты: «Одан түс. Сенің мұнда өзіңді жоғары санап, менменсуіңе орын жоқ. Шық! Сен –қор етілгендерденсің». Ол: «Маған қайта тірілетін күнге дейін мерзім бер» деді. Алла: «Сен – уақыт берілгендерденсің» деді. Ол: «Сен мені адастырғаның үшін мен оларға қарсы Сенің тура жолыңда міндетті түрде (тосып) отырып аламын. Содан кейін оларға алдынан, артынан, оң жағынан және сол жағынан келемін. Сөйтіп, мен олардың көпшілігін шүкір етушілер (Раббыңның берген  игіліктеріне разы болып, алғыс білдірушілер ретінде таппайсың» деді. Алла айтты: «Одан айыпталған және қуылған түрде шық! Олардан (адамдардан) кім саған ерсе, міндетті түрде сендердің барлығыңмен Жаһаннамды толтырамын» деді. (7:13).
Көрдіңіз бе? Шайтан сонау Адам Ата жаралған уақыттан бастап бізді азғырумен, бізге зұлымдық жасап, арбап-алдаумен келеді. Соның айтқанына еріп, айдауына жүргендердің күйінің қандай болатынын Алла Тағала Қасиетті Құранда ескертті емес пе? Ендеше, сол шайтанның қастандығынан, арам пиғылынан аман қалып, ақиретте оның «әскерінің» қатарында болғыңыз келмесе, онда төменде айтылатын игі амалдарды жиі орындап жүруге тырысыңыз.

Иман келтірген жанның күллі өмірі игілікке ұмтылу, жақсы амалдар жасау, Алла Тағаланың разылығын алудан тұрады және өзін зұлымдықтан қорғап, шайтанның азғыруынан сақтау болып табылады.  Шайтан бізді ақиқат жолдан тайдырып, ісімізді шатастырады, басқа жандармен қарым-қатынасымызды құртады. Сондықтан оның қастығынан, арам ойынан, құрған тұзағынан өзімізді, өз шаңырағымызды және істерімізді қорғап, қауіпсіздендіру әрқайсымызға өмірлік маңызы бар нәрсе. Бұған қалай қол жеткізуге болады?

Сіздің ісіңізге шайтанның кедергі келтіруіне тосқауыл болатын 5 амал мыналар, оларды ұдайы жасап жүру өзіміз үшін абзал болады:

1. «Бисмиллә»

Кез-келген ісіңізді – «Бисмиллә» сөзімен Алланы еске алумен бастаңыз.   Бұл өзіңізді, жақындарыңызды, өз ісіңізді шайтаннан аластатудың ең бірінші және ең басты  амалы. «Бисмиллә» сөзін үйде, жұмыста болсаңыз да барынша жиі айтыңыз әрі бұған балаларыңызды үйретіңіз. Тіпті тамақ ішу, ұйқыға кету сияқты қарапайым күнделікті дүниелердің өзінде де үнемі айтыңыз, осы сөзді айту арқылы адам өзін Алла Тағалаға тапсырады.

2.  «Бақара» сүресі

Құран мен оның сүрелерін оқу -  шайтаннан үйдегі ең жақсы қорғаныс болып табылады. Егер өз шаңырағыңызды, өз істеріңізді сиқырдан қорғағыңыз келсе, онда «Бақара» сүресін оқуды әдетке айналдырыңыз. Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Бақара» сүресін оқыңдар, оны үнемі оқып отыруда береке бар, ал оқымай тастап кетсеңдер, сендер үшін — уайым, сиқыршылардың бұл сүреге әлдері жетпейді» (Ахмад, Мүслим).

Ал басқа бір хадисте былай келтірілген: «Шындығында, «Бақара» сүресі оқылатын үйден шайтан қашады» (Мүслим).

Сондай-ақ, хадистердің біріне сай, «Бақара» сүресінің соңғы 10 аяттары жиі айтылатын үйге шайтан кіре алмайды делінген (Дарими).

3. Азан

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) былай деген: «Намазға шақырған азан үнінен шайтан қашады» (Бұхари).

 Осы себепті жаңа үйге көшіп кірерде ең бірінші азан айтылғаны абзал. 

4. Қосымша намаз

Хадистердің бірінде былай келтірілген: «Үйлеріңде қосымша намаз оқыңдар, өйткені парыз намаздардан соң оқылатын ең үздік намаз — бұл үйде оқылатын нәпіл намаз» (Бұхари).

Ғалымдар мұның үш себебін түсіндіреді:

Нәпіл намаз – береке көзі;

Шайтаннан қорғайды;

Шынайылық таныту (Фатхул Бари).

Нәпіл намаз оқуды өзінің тұрақты әдетіне айналдырған адам, міндетті түрде өмірінің берекеге толғанын байқайды. 

5. Адамзат баласының ең көркем жаратылған тұлғасы Пайғамбарымыздың (ﷺ) сүннеті.

Жоғарыда айтылған барлық игі амалдарға қосымша айтарымыз, Пайғамбарымыздың (ﷺ) кез-келген сүннетінде береке және шайтаннан қорғаныс бар, Алла Елшісінің (ﷺ) сүннетін мүмкіндігінше орындап отырсаңыз, өз үйіңіз бен істеріңізді шайтанның тіміскілеуінен сақтап қаласыз.

 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: