Облыстық мешітте Құрбан айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өткізілді

Облыстық мешітте Құрбан айт намазы оқылып, мерекелік шаралар өткізілді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әлем мұсылмандары бүгін Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін тойлап жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде бүгін Құрбан айт намазы оқылып, исі мұсылман қауымы ұлық мерекені бастап та кетті. Тараз қаласының  жамағаты да айттың алғашқы күні облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналып, айт намазына қатысты.

Таң намазынан айт намазына дейін мешітте Құран оқылып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкіл  имамы Данияр қажы Әлимұхамедұлы Құрбан айт мейрамы жайында уағыз айтып, барша жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Серікбекұлы мешіт жамағатын қасиетті мерекемен құттықтап, облыс әкімі Асқар Исабекұлының арнайы құттықтауын  жеткізіп, айтулы күннің еліміз үшін маңызын атап өтті.  

Таңғы сағат жетіде жамағат бас имамға ұйып, қасиетті Құрбан айт намазын оқыды. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, қаладағы ең үлкен мешіт лық толды. Айт намазында жамағат тәкбір ташриқ айтып, Алланы ұлықтаған дауыстар құлшылық ордасын жаңғыртты. Намаздан соң бас имам Данияр қажы Әлимұхамедұлы жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасады.

Айт намазы оқылып болған соң, ниет білдірген қауым мешіт артында мал соятын арнайы орында құрбандық шалды.

Жиналған жұртшылық мешіт ауласында жайылған айттық дастарханнан дәм татып, бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.

Айтулы мерекеге орай мешіт алдында ұлттық ойындар ойнатылды. Жігіттер арқан тартысып, қол күресінен сынға түсті, асық ойнап, ләңгі теуіп жарысты. Білектілер гір тасын көтерді. Көптің арасынан  суырылып шыққан жеңімпаздарға арқан тарту ойыны бойынша бірінші орынға 10 000 теңге, гір тасын көтеру, қол күресі,  асық ойнау, ләңгі тебу ойыны бойынша бірінші орын алғандарға 5 000 теңге ақшалай жүлделер табыс етілді.   

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы өкілдігінің Баспасөз қызметі, «asyldin.kz» сайтының ұжымы да барша жұртшылықты  Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Алла Тағала баршаңыздың ниетіңізді қабыл етсін! 

«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: