Сабыр екі дүние табысына жеткізеді

Сабыр екі дүние табысына жеткізеді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Имам Тирмизиден келген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.)  былай деген: «Мұсылман адамдардың ортасында болып, сабыр сақтаса, ол - адамдардың ортасында болмай және сабыр сақтамаған мұсылманнан жақсы». Басқа сөзбен айтсақ, бір мұсылман келесі бір мұсылманнан келер зиян мен келеңсіздікке сабыр етуі қажет.

Бұл хадис өте маңызды. Ол бізге не жайында айтады? Алла Елшісі (с.ғ.с.) Адам Ата (а.с.) ұрпағына, яғни бізге, бір-бірімізбен қоян-қолтық өмір сүру тән деп түсіндірген. Адам – бұл әлеуметтік жаратылыс. Адамдардың бір-бірінсіз күні жоқ, бірігіп өмір сүреді, бір-бірімен тығыз байланыста болады, олардың арасында әртүрлі қарым-қатынастар орын алады, мысалы үшін, некелік – күйеуі мен әйелінің қарым-қатынасы, ата-аналар мен балалардың, аға-бауырлары мен апай-қарындастарының, жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастар. Жалпылай айтқанда, адамның күні адаммен деген. Адамзаттың күнделікті тіршілгінің өзі адамдардың қарым-қатынасынан тұрады.

Алла Елшісі (с.ғ.с.)  адамдармен араласа жүріп, өмір жолында кездесетін зияндар мен қиындықтарға төтеп беріп, сабырлық таныту қажеттігін айтқан болатын.

Басқа адамдармен араласа жүріп, біз олардан зиян шегуіміз ықтимал, өйткені «бес саусақ бірдей емес» дегендей, адамдар да сан түрлі. Қазақта «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деген  жақсы мәтел бар. Алла Тағала пендесін ақыл жағынан, қызбалық жағынан, психологиялық тұрғыдан, сондай-ақ, темперамент және бүтіндей, өз болмысы жағынан басқа жаратылысынан өзгеше жаратқан. Біз тіпті дене-бітіміміз жағынан да әртүрліміз, тіпті күллі адамзат баласында сырт әлпеті жағынан ұқасас адам жоқ, тіпті әрбір адамның саусақтарының таңбалары да бір-бірінен өзге, қайталанбас дара болып келеді.

Біздің ойлау қабілетіміз де сан қилы, әрқайсымыздың өз пікіріміз бар. Мысалы, сен үйленбек болдың делік, той алдындағы қарбаласпен жүріп, өзіңді әбігерлікке берілмеймін деп санасаң, онда сен бұл әлемде емес, басқа әлемде өмір сүретін адам болғаның, өйткені қанша адам болса, сонша пікір бар дегендей, тойға дайындалу барысында қаншама туған-туыстармен етене араласу керек болады. Ал адамдармен араласа жүріп, олармен болған қарым-қатынас салдарынан біз зиянға ұшырайтын боламыз.

Ендеше, қоғамда өмір сүретін әрбір адамға, қалай болғанда да, зиян тиеді, өйткені біреу оған ұнамайтын нәрсені айтуы мүмкін, біреудің басқа пікірі болуы мүмкін, біреу оның тілегіне сай емес нәрсені жасауы мүмкін. Ал сіз адамдарды өзіңізге ұнайтындай етіп жасай алмайсыз, өйткені олар басқа. Сондықтан да Алла Елшісі (с.ғ.с.) адамдармен араласа отырып, олардан келетін зиянға сабыр сақтап, тіпті сезімдеріңді жаралап жатса да соған шыдаған адам - адамдардан бөлектеніп, олармен қарым-қатынас жасағысы келмейтін адамнан жақсырақ деп айтқан. Мысалы, біреу былай айтса: «Өз жанымның тыныштығы үшін әлдебір таудың басына барып өмір сүремін, Аллаға шүкір, сонда маған ешкім де зиянын тигізе алмайды». Егер қаласаңыз, онда сіз де осылай жасай аласыз, бірақ сіз осы өмірдің кикілжіңіне қарсы келіп, былай айтсаңыз: «Жоқ! Мен адамдардың ортасында тұрып, олардан келетін зиянға сабырлық танытып, шыдап бағамын», онда сіз «Өз жанымның тыныштығы үшін әлдебір таудың басына барып өмір сүремін, Аллаға шүкір, сонда маған ешкім де зиянын тигізе алмайды», - деп ойлаушы адамнан анағұрлым жақсы болғаныңыз. Өз басының тыныштығын ойлап, адамдармен араласудан қашатын адам былай айтатын соқыр сияқты: «Мен көз күнәсін жасағым келмейді немесе мен бұл күнәларды жасамаймын», алайда оның көз күнәсін жасайтын көздері жоқ қой! Егер адам: «Мен адамдармен араласқым келмейді және олардан келетін зияндарға шыдай алар емеспін», - десе, оның сабыр сақтап, төзімділік көрсетпегені. Ал сабырлық танытатын адам сабырсыздан көбірек жақсы. Жоғарыда келтірілген хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.) міне, осыны меңзеген болатын. Аталмыш хадис біздің адамдармен араласқанда мазасыздыққа берілетіндігімізді айтады, сонда бізге не істеу керек? Бізге сабыр ету керек, көп мәселенің шешімі сабыр болып табылатыны белгілі. Егер шындықты айтар болсақ, сабыр – бұл өте маңызды, мықты қару, таңғажайып мінез ерекшелігі, таңғаларлық қасиет, сабырды адам өзі жетілдіріп, кемеліне жеткізе алады. Сабыр жөнінде Құранда былай айтылған: «Шын мәнінде сабыр етушілерге сыйлықтары есепсіз орындалады” деп айт» (39:10).

Сабыр етушілер мен қайраттылық көрсетушілерге деген сыйлықтардың шегі, есебі болмайды, оларға таңғажайып сыйлықтар тиісінше есепсіз беріледі. Алла Тағала бізге соны жеткізген. Біз соған ұмтылуымыз қажет. Өзгелер бізге зиян келтіргенде – шыдамдылық пен сабырлық таныту жақсы амалдардан. Бұл жерде залал деңгейі шамадан тыс жоғары жағдай меңзеліп отырған жоқ. Ал кейбір адамдар: «Мен сабыр етемін. Мені одан ары ұра берсін. Мен өле саламын», - дейді. Жоқ, бұл жерде өзге мәселе айтылуда. Әр нәрсенің шегі бар. Тәнге зорлық-зомбылық көрсетілгенде, біздің қорғануға құқымыз бар. Ал жоғарыда айтылған дүниелер - адамдардың күнделікті әлдебір қолайсыздықтар мен келеңсіздіктер келтіруі және сезімдерге тиюіне қатысты. Егер Алланың қалауы сол болса, сіз Алла разылығы үшін сабыр етіп, шыдамдылық танытсаңыз, осы үшін бұл өмірде берілген сауапты көресіз. Алла Тағала не берсе де қайырымен берсін! Алла әр істе сабырлық танытуға бізге жәрдем етсін.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: