Құранда саусақ іздері туралы не айтылған?

Құранда саусақ іздері туралы не айтылған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір күні бір адам Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) әлдебір адамның сүйектерін алып келеді де былай сұрайды: «Уа, Мұхаммед, мен өліп осындай сүйектерге айналғанда Алла мені қайтадан тірілтеді дейсің бе?».

Осы оқиғадан кейін Алла Тағала мына аятты түсірген: «Әрине оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз» (75:4).

Бұл жерде саусақ таңбасы бекерге айтылмаған – мәселе, сол саусақ таңбасында орналасқан папиллярлы сызықтарда жатыр. Алынған саусақ таңбасындағы папиллярлы сызықтар арқылы адамның жеке басын сәйкестендіреді. Мәселе – әрбір адамның саусақ таңбасындағы сызықтар әртүрлі әрі қайталанбайды. Жер бетінде саусақ таңбасы бірдей болатын бір де бір адам жоқ. Адам терісінің осынау бір ғажап құбылысын, бірінші кезекте, өз қызметіне қажет болғандықтан қылмыскерлердің саусақ таңбаларынан картотека жасаған құқық қорғау органдары қолға алған.

Тұңғыш рет 1877 жылы саусақ терісінің осындай ерекшелігін Үндістанда полиция қызметін атқарған ағылшын Уильям Хершель тапқан болатын. Айта кету керек, саусақ ұшындағы өрнек эмбриондық даму кезінде қалыптасып, адам өмірінің соңына дейін өзгеріссіз қалады. Өрнек – эпидермис пен тері қабаттарын құрайтын қисық сызықтардан тұрады. Алла Тағала Қасиетті Құранда: «Жоқ, қиямет күніне ант етемін. Жоқ, сөгіс беруші нәпсіге ант етемін. Адам баласы, біз сүйектерді жинай алмайды деп ойлай ма? Әрине оны саусақтарының ұшына дейін қайта жасай аламыз» (75:1-4), - дейді.

Адам саусақ таңбасындағы папиллярлы сызықтар өрнегінің бірегей әрі қайталанбайтындығын дәлелдеу мақсатында көптеген зерттеулер жасалып, сол зерттеулерге жас және ұлт ерекшеліктері ескерілген көп адамдар қатысқан болатын. Аталмыш зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, әр адамның саусақ таңбасындағы өрнек екінші мәрте қайталанбаған.

Әр адамның саусақ таңбасы ғаламдық белгісі жағынан бірдей болуы мүмкін, алайда бірдей микроөрнектердің болуы мүлде мүмкін емес жайт.

Жоғарыда келтірілген аяттарда барлық саусақ таңбаларының қайта жасалатындығы айтылған. Адам өлген соң денесінің шіріп, қалдықтарының көзге көрінбестей болып кетуінен кейін Қиямет күні қайтадан тірілуі – Алла Тағаланың құдіреттілігін паш етеді.

Сондықтан саусақ таңбалары – жаратылыс құпиясы белгілерінің бірі болып табылады. Көлемі бірнеше сантиметрді ғана құрайтын саусақ ұшындағы қайталанбас сызықтарды жасау Алла Тағала жаратқан пенделерінің бірде біреуінің қолынан келмейді. Ендеше, бұл да Жаратушының құдіреттілігін көрсететін шынайы кереметі емес пе?

Алла Тағалаға мадақ болсын, Құранда Ол былай айтқан: «Құранның мүлде шын екендігі айқындалғанға дейін әлемдегі және өздеріндегі белгілерімізді жедел көрсетеміз. Расында Раббыңның әр нәрсеге куә екендігі саған жеткілікті емес пе?» (41:53)

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: