Теледидар адамның «досы» ма?

Теледидар адамның «досы» ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Теледидар әрбір үйдің ажырамас бір мүлігіне айналғалы қай заман. Оны тіпті әрбір отбасының «мүшесі» деп айтса да болады. Проблемадан қашып, жағымсыз әңгімелерден, өмір туралы ойланудан аулақтанып теледидарға телміреміз де отырамыз. Көптеген адамдар үшін теледидар жақсы бір сұхбатшыға айналып үлгерген.

Теледидардың «сонша танымал» болуының себебі неде?

Біздің миымыздың үнемі «белсенді ізденісте» болуы қалыпты жағдай. Қоршаған орта, өзіміз және Жаратушы туралы ақпараттарды іздеу үстінде болады.

Ойланып-толғану күш-жігерді, зейіннің шоғырлануын талап етеді. Біздің санамыз үнемі бір нәрсені танып-білуге ұмтылады, бірақ теледидар көру бұл қажеттілікті тіптіге жеңілдетіп қояды. Сөзсіз, өзін-өзі талдағаннан гөрі телекейіпкерлерді ойлап, солардың әрекеттерін талқылаған анағұрлым жеңіл емес пе? Кітапты оқығаннан гөрі, оның көгілдір экранға шыққан фильмін көре салған оп-оңай. Сериал кейіпкерлерінің мінез-құлқын бақылаған, өзінің мінез-құлқын бақылағаннан жеңіл. Диванға отырып алып, басқа біреудің өмірін сүру, диваннан тұрып өз өмірін жасаудан анағұрлым оңай. Оңайы оңай ғой, бірақ сол жақсы ма, әрі керек пе?...

Психолог Эрих Фромм былай жазған: «Теледидар мені өзінің құлына айналдырды. Басқару құрылғысын басқан сәттен бастап, көгілдір экранда пайда болған бейнелер мені өзіне толықтай бағындырып алмаса да, бірақ сол бағдарламаның мән-мағынасы болмаса да менің бойымда соны көруге деген үлкен бір тілек пайда болады. Теледидар бағдарламаларының бәрі де мән-мағынасыз деп айтудан аулақпын, алайда экранда болып жатқан дүниелер бізді өздеріне жіпсіз байлап қоятындай.

Теледидар радиодан да артық еліктіреді. Дәлірегінде, психологиялық елігу нақты бір бағдарламаға қатысты болуы мүмкін. Басқару құрылғысын басу арқылы біз мүлде беймәлім бір дүниеге енгендей боламыз. Бұл әлдебір сиқырлы түйсікті оятатындай. Теледидардың көмегімен мен өзімнің күнделікті әлемімнен аулақтап, оның орнына басқа бір өзге жаңа әлемге ене аламын».

«Өз әлеміңді» теледидардың көмегімен басқару өте оңай – тек басқару құрылғысындағы батырманы басып қалғанда «бәрі де» өзгеріп сала береді.

Әрине, шынай өмір мүлде өзге. Мұнда жұмыс, ақыл-ой, даналық, зейнет те, бейнет те бар. Теледидар, ғаламтор және басқа да технологиялар кейбір міндеттерді орындауды жеңілдетуі керек болатын, бірақ көптеген адамдар үшін ол тек жағымсыз шынайылықтан қашу құралы ғана болып қала бермек.

8 сағаттық жалғыздық

Бір күні психологтар жасөспірімдермен мынадай тәжірибе жүргізген, бұл тәжірибе барысында олар сегіз сағат бойы адамдармен араласпай, ғаламторсыз, теледидарсыз, компьютерсіз әрі басқа да гаджеттерсіз жалғыздықта болулары қажет болған. Бұлардан басқалардың бәрі қолжетімді болған, яғни, кітап оқу, музыка тыңдау, қыдыру және т.б. Сондай-ақ, оларға сезімдері мен ойларын жазуға рұқсат етілген болатын.

Тәжірибе нәтижесі адамды есеңгіретіп тастады. Спортпен айналысу, қыдыру, сурет салу, кітап оқу сияқты пайдалы істердің қолжетімді болуына қарамастан 63 жасөспірімнің тек жетеуі ғана бес әрі одан да көп сағатқа шыдаған. Психологиялық симптомдардан бөлек жүрек айну, ауыздың кебуі, ерін мен қолдың дірілі, іш пен кеуденің ауруы, бас айналу сияқты физикалық реакциялар да байқалған… Дерліктей барлық қатысушылар абыржу, қорқыныш, үрейлі шабуыл сезімдерін бастан өткергендерін және өз-өзіне қол жұмсау ойларының келгенін де жасырмаған.

Тәжірибе тоқтатыла сала он төрт жасөспірім әлеуметтік желілерге жабыса кетсе, жиырмасы таныстарына хабарласқан, үшеуі ата-анасына телефон шалған, бесеуі достарына кеткен. Ал қалғандары компьютер мен теледидардың алдына отырса, бәрі дерліктей плеерлерін қосып, музыка тыңдауға көшкен.

Нәтиже жастардың технологиялық құрылғыларға тәуелді екендігін көрсеткен. Уақытты пайдалы өткізуге мүмкіндік туғызатын басқа амалдардың қолжетімді болғанына қарамастан, тәжірибеге қатысушылар сынақтың соңына дейін шыдай алмаған … Аталмыш тәжірибе көпшілік үшін өзекті болып табылатын жағдайды көрсетеді деп ойлаймын.

Жансыз «жақын дос»

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай айтқан: «Адам өзінің жақын досының дінін қабылдайды, сондықтан әркім өзінің досының кім болып табылатындығына қарасын». Қазіргі таңда теледидар көптеген адамдардың досына айналған, бірақ ол адамға не береді? Көп жағдайда жалған болып шығатын жаңалықтармен қоса қажеті жоқ пайдасыз ақпараттарды аламыз, ең бастысы – теледидарға телміріп отырып, уақытымызды өлтіріп аламыз. Осылайша, адами парасат әлсіреп, адам өздігінен шешім қабылдау қабілетінен біртіндеп айырыла береді. Бір адам былай айтқан екен: «Кітап оқитындар теледидар көретіндерді әрқашан басқаратын болады». Бәлкім, теледидарға деген сүйіспеншілік – бұл тек қана уақыт өткізу амалы емес, өмірлік бір позиция шығар. Селқостық, енжарлық және бағынышты болуға дайын тұру позициясы.

Танымал кәсіпкер Стив Джобс: «Теледидар топастандырып, көп уақытты алады. Оны сөндіріп қойсаңыз, миыңыздың бірнеше жасушаларын сақтап қаласыз. Алайда сақ болыңыз – Apple компьютерінің алдында отырып-ақ топас болуға болады», - деген. 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: