Неліктен Зәм-зәм құдығының тұрған жері адамдардан жасырын болған?

Неліктен Зәм-зәм құдығының тұрған жері адамдардан жасырын болған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күндердің күнінде бөлмесінде ұйықтап жатқан Абдул-Мүтәліп түс көреді.

Түсінде: - Әй, Абдул-Мүтәліп! Тұр да құдықты тазалап, көзін аш, - деген дауысты естиді. Ол үрейлене оянады да біраз уақыттан соң қайтадан ұйықтап кетеді. Әлгі сөзді қайтадан естиді де қорқып оянады. Біршама уақыттан соң қайтадан ұйықтап кетіп, түсінде әлгі дауысты қайтадан естиді. Ол ештеме түсіне алмай, қатты қиналады. Содан кейін орнынан тұрып, айтулы деген құрайыштарға барып көрген түсін айтып береді.

Олар: «Егер бұл түсің Алла Тағаладан болса, оны тағы да көресің», - дейді. 

Күндердің күнінде Абдул-Мүтәліп түсті көрген жерге келеді де екі қолын көкке көтеріп:

«Уа, мейірімге жомарт Жаратушы! Саған бір тілегім бар: көрген түсімнің құпиясын ашып, маған не істеу керек екенін айтшы», - деп дұға жасайды да ұйықтап қалады. Түсінде өзіне таныс дауыс:

- Әй, Абдул-Мүтәліп, тұр! Зәм-зәм құдығын тазала, - дейді.

- Зәм-зәм құдық деген не? - деп сұрайды ол.

-  Ол — дүниенің төрт бұрышынан келетін қажыларға су ішкізетін, суы үнемі жеткілікті болып тұратын қайнар бұлақ көзі. Бұл су — Исмаил пайғамбардың ғажаптарының бірі. Зәм-зәм су шөлдегендердің шөлін басады, аштарды тойғызады, ауруларды жазады. Сен құрбандыққа шалынған малдың қыл-қыбырын тастайтын жерде болғанда, құдықтың орнын саған қызыл тұмсықты бір қарға көрсетеді. Қарға тұмсығымен қай жерді шұқыса, сол жерде Зәм-зәм құдығы болады».

Абдул-Мүтәліп тағы бір белгісін сұрағанда, мынадай дауысты естиді:

«Сол жерде құмырсқалардың жер асты жолы бар. Дәл сол жерді қарға шұқитын болады».

Таң атысымен Адул-Мүтәліп әл-Харам мешітіне келеді де тағатсыздана түсінде көрген дүниелердің орындалуын күтеді. Шұңқырдың қасында екі пұт тұрған. Әдетте адамдар осы екі пұтқа құрбандық шалатын да қыл-қыбырын әлгі шұңқырға тастайтын. Сол кезде қарға ұшып келіп, сол шұңқырдың түбіне барып қонады. Қарғаның қызыл тұмсықты еді. Ол тұмсығымен жерді шұқи бастап еді, құмырсқаның илеуі шыға келеді. Дәл сол жерде Зәм-зәм құдығының бар екенін түсінген Абдул-Мүтәліп, жерді қазуды бастайды.

Ал адамдардан Зәм-зәм құдығының орналасқан жерінің жасырылу себебі келесіде болатын:

Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тірі кезінде Қағба мен оның маңайы оның қарамағына қараған. Ал пайғамбар қайтыс болған соң, бұл жерлерді оның үлкен ұлы Сәбит басқаратын болған. Сәбит бақилық болған соң, Мекке тұрғындары екі топқа бөлінеді. Бір топта Мисас бин Амр басқарған Жұрхұм тайпасының адамдары болса, екінші топта — Сумейда басқарған Кутур тайпасы болады. Екі тайпа да мұнда Яманнан келген болатын, ал олар бір-біріне туыс болған. Қаланың жоғары жағын Мисас басқарса, төменгі жағын — Сумейда басқарған. Біршама уақыт өткен соң екі тайпа арасында алауыздық орын алып, Мисас Сумейданы өлтіріп, өзі басты абыз әрі Қасиетті Меккедегі бірінші жауызға айналады. Барлық билік Мисастың қолына көшеді, ол оның өлімінен кейін Қағбаны басқару Жұрхұм тайпасының қолында қалады.

Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұрпағына Мекке таршылық етіп, уақыт өте келе олар қала маңына орын тебе бастайды. Ал Мисас ұрпағы өз білгендерін жасайды. Жылдар өте келе олардың халыққа көрсеткен жәбірі үдей түседі. Тұрғындар да, басқа жақтан келушілер де жәбір көріп, наразылық таныта бастайды. Мисас ұрпағы болса тіпті бөтендердің де мүлігін жаулап ала бастайды да Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұрпағы өте ауыр жағдайға душар болады.

Бану Бекир бин Абду-Манап бин Кинан тайпасы Хузаа тайпасының біраз бөлігімен бірігіп, Жұрхұм тайпасына мынадай үндеу жібереді:

 «Көне заңға сәйкес, Қасиетті Қағбаны басқару бізге тиесілі. Осы күнге дейін біз қарсы келіп көрмедік, алайда сендер заңсыздыққа беріліп бұзақылық жасаудасыңдар. Бәрі де сендерге наразылық танытуда. Бұдан былай сендер адамдарды жәбірлеуді қойып, әділетті түрде басқаратын боласыңдар немесе біз келеміз де сендерді құртамыз».

Аталмыш үндеуден кейін Жұрхұм тайпасы қалың қол жиып, Бану Бекир тапасымен шайқасқа шығады, алайда олардың жүрегіне үрей ұялап алады, әділетсіздер жеңіліс табады деп бекер айтылмаған ғой. Олар Бану Бекир және Хузаа тайпаларынан кешірім сұрап, кез-келген талаптарды қабыл алатындықтарын айтады. Екі жақтан елшілер шығып, мәмілеге келеді.

Осылайша, Мисас ұрпағы Меккені Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) ұрпағына  қайтарып беріп, өздері мүліктерін жиып, қаланы тастап кетеді. Олардың басшысы Амр бин Харис болған. Ыза болған ол Қағбаның Қара тасын орнынан суырып алған екен. Оларда кезінде Исфандия үкіметі сыйлаған қарақұйрықтың алтын мүсіні болған. Олар сол мүсінді Зәм-зәм құдығына жасырып, құдықты жауып тастаған болатын.

Меккені тастап кеткен олар, Йеменге жақын жерлерге орналасады. Бір риуаятта келтірілгендей, жасаған бұзақылықтарының салдарынан олар арсийя (қалтырақ) індетіне шалдығып, бір-бірлеп көздері құрыған екен.

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: