Мұсылманның жұма күні жасайтын ең жақсы амалдары

Мұсылманның жұма күні жасайтын ең жақсы амалдары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бейсенбі күні күннің батуымен аптаның ең қасиетті күні жұма келеді. Бұл дегеніміз мұсылман баласы үшін ерекше құнды күн келді дегенді білдіреді, бұл күн Алла разылығын алу жолының көптеген есіктерін ашады. Осы күні иман келтіргендер өз құлшылықтарын аса ыждаһатпен орындап, жақсы амалдар жасауда өзгелерден асып түсуге тырысады. Жұма деп аталатын осынау қасиетті күні мұсылман баласы баянсыз дүние тіршілігін біразға ысырып қойып, өз өміріне сырт көзбен қарап, жасап жүрген амалдарын саралағаны абзал болар.

Жұма күні мұсылманның жасар ең жақсы амалы — садақа беру болып табылады. Мұсылманды сипаттайтын ең жақсы қасиеттер — аяушылық пен мейірімділік, осы қасиеттері арқылы ол Аллаға деген разылығы мен шүкірлігін таныта алады. Жомарттық туралы былай айтылған:

«Сараң – Алладан да, Жұмақтан да, адамдардан да алыс, бірақ Тозақ отына жақын. Жомарт – Аллаға да, Жұмаққа да, адамдарға да жақын, бірақ Тозақ отынан алыс» (Тирмизи).

«Жомарттық – тамыры Жұмақта, ал бұтақтары осы дүниеде болатын ағаш. Бұтақтарынан ұстанғандарды ағаштың тамыры Жұмаққа алып барады. Сараңдық – тамыры Тозақта, бұтақтары осы дүниеде болатын ағаш. Бұтақтарынан ұстанғандарды ағаштың тамыры Тозаққа алып барады» (Байхаки).

Садақа беретін адам неге қол жеткізеді?

«Сүйген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша, әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» (3:92).

«Уа, Алла, садақа берушінің мүлігін тезірек арттыра гөр, ал сараңның мүлігінің бүлінуін тездете гөр» (Байхаки).

Кімге садақа берілу керек?

Садақаның ең үздігі  — өз отбасыңа берген садақа екені белгілі. 

«Уа, Адамның балалары, асылында, артықты жұмсағанын дұрыс, өйткені оны жұмсамау өзіңе жаман, дегенмен, сенің өміріңе қажет нәрсе үшін сен жазғыруға ұшырамайсың. Өз қаражатыңды қамқорлығыңдағылардан бастап жұмса» (Mүслим).

Содан кейін үйсіз-күйсіз қалған мұқтаж жандар мен кедейлерге жұмса. Алла міндетті түрде осындай адамдарды бізге жібереді, осылайша Ол олардың сынағымен бізді де сынайды. 

Ал егер қаражат болмаса ше?

Біз садақа міндетті түрде ақшамен не болмаса басқа да материалды құнды заттармен беріледі деп санауға үйреніп қалғанбыз, негізінде, олай емес. Тіпті ең қарапайым шынайы түрде Алла разлығы үшін жасалған амалдар садақа болып қарастырылады:

Әбу Заррдан: «Ал егер адамның мүлігі болмаса ше?»- деп сұрағанда, ол былай деп жауап берген екен: «Саған қажет болғаннан артылып қалғанды бер». «Ал егер артылып қалмайтын болса ше?» - деп сұрайды. Сонда Әбу Зарр: «Артық тамағыңмен бөліс», - деген екен. Оған тағы да сұрақ қояды: «Ал егер тамақ та артық қалмаса ше?» Бұған ұлы сахаба былай айтқан екен: «Онда өз күшімен бір нәрсе жасап көмектессін». Тағы да былай сұрайды: «Ал егер өз күшімен де көмектесе алмаса ше?» Әбу Зарр: «Онда кепкен құрманың жартысын беріп, өзін Тозақ отынан сақтасын», - деп айтады. «Ал егер ол да болмаса ше?» - деп сұрайды. Сонда Алла Елшісінің   (ﷺ) сахабасы: «Онда адамдарға зиянын тигізбесін», - деген екен.

- Уа, Алла Елшісі, беретін садақамызды қайдан алсақ болады? - деп сұрайды адамдар.

- «Асылында, нығмет көп: Алланы дәріптеп, Оны мадақтау, «Алладан басқа құдай жоқ» деп айту, рұқсат етілгенге итермелеу, тыйым салынғаннан тыю, адамдарға зиян келтіріп жолда жатқанды алып тастау, айтылғанды саңырауға түсіндіру, соқырды жолға салып жіберу, адамның мұқтаж болып тұрған нәрсесін көрсетіп жіберу, көмек сұрап отырған бақытсызға барсаң және әлсізге өз қолыңмен көмектессең — осының бәрі сен үшін садақа болып табылады, - деп жауап берген екен Алла Елшісі (ﷺ).

Хадистерге сәйкес келесі нәрселер садақа болып табылады: 

- Күлімсіреу

- Жылы сөз

- Намаз оқу үшін мешітке бару

- Жолда жатқан кедергілерді алып тастау

- Әділдік таныту

- Адамға көмектесу

- Тыйым салғаннан аулақ болу

- Тал отырғызу

- Өзгелерді тамақтандыру.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: