Пайғамбарымыздың (ﷺ) маңдайы нұрланып тұратын...

Пайғамбарымыздың (ﷺ) маңдайы нұрланып тұратын...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ілиястан кейін нұр Мүдрикке беріледі. Бойындағы қасиеттері жағынан әкесін қуып жеткендіктен оны осылай атап кеткен. Ал енді бір риуаятта оған бұл есім қоянды қуып жеткен соң берілген. Оның анасының аты Жандақ болатын. 

Мүдриктен нұр Хузаймаға берілген, оның анасы Сельма бинти Асад болған. 

Хузаймадан нұр Кинанға берілген, ол өз тайпасының көсемі болған. Оның анасы Хинд бинти Кайс.

Кинаннан нұр Назарға берілген, сондай-ақ, оны Құрайыш деп те атайтын. Құрайыш — бұл теңіз жануарының аты. Бір риуаятқа сәйкес "құрайыш" сөзі «жинау» дегенді білдірген. Сол замандағы адамдар қажылық мерзімінде мейрам дастарханының басына жиналатын болған. Кейбіреулер "құрайыш" — «күн көру» дегенді білдіреді деп те айтқан, өйткені Назар сауда жасап күн көрген. Сол себепті де оны Құрайыш деп атап кеткен. Сонымен қатар, тағы да бір риуаят бар, онда Назардың достарына барып тұратындығы,  үнемі мұқтаждарды тауып, оларға тамақ пен киім-кешек беретіндігі айтылған. Сондықтан да ол Құрайыш аталып кеткен. 

Күндердің күнінде Құрайыш Қағбада ұйықтап қалады. Ұйықтап жатып түсінде бір ағашты көреді, оның бұтақтары күллі аспанды жауып кетеді. Бұл ағаштың жапырақтары нұрдан болады. Бір нұрлы жүзді, көркем адам әлгі талдың бұтақтарын ұстап тұрады, ал талдың бұтақтары адамдардың санына тең келетін еді. Ояна келе Құрайыш түсін сәуегейге айтып береді. Түс жорушы оған былай айтады: «Егер осы түсің орындалса, онда сенің үрім-бұтағың күллі әлемге тарайтын болады. Осындай жоғары құрметке олардан басқа ешкім ие болмайды».

Құрайыштан кейін қасиетті нұр Мәлікке көшеді, оның анасы Жандале бинти Харис болған.

Мәліктен нұр Фихрге беріледі, оны Әмір деп те атаған. Оның анасының аты Анка немесе Акриша болған.

Әмірден нұр Ғалибке берілген, оның анасы Лейла бинти Са'д болған.

Ғалибтен нұр Луайге берілген, оның анасы жұрхұм тайпасынан шыққан Асма бинти Амр болған. 

Луайден нұр Ка'бке берілген. Оның анасы Лууейдатул-Йакин.

Ка'бтен нұр Мурратқа, одан — Қилабқа, одан — Құсайға берілген. 

Құсай Меккеден кетіп, куда'а тайпасына келеді. Бұл тайпаның адамдары Меккеден алыста тұрған. Оның Құсай деп аталуы, кейбіреулердің айтуынша, ол кез-келген өтіріктен бас тартып, бар жан-тәнімен тек шындықты ғана қабылдап отырғандықтан екен. Сондай-ақ, оны Мажмад, яғни, «жинаушы» деп те атаған, себебі ол айналасына құрайыштарды жинайтын болған. Сол заманда хуза'а тайпасы Меккені жаулап алғандықтан, құрайыш тайпасы қаланың маңайына орналасады. Алайда Құсай Меккені құрайыштарға қайтарып беріп, қаладан хуза'а тайпасын шығарып жібереді. Барлық құрайыштар Құсайдың маңына жиналады. Оның анасы Фатима бинти Авф болған. Қасиетті Мекке қаласында Құсай Дарун-Надуа деп аталатын үй салдырады. Сол үйде тайпа өміріне қатысты маңызды мәселелер шешіліп тұратын жиындар өтетін. Бұл дәстүр Алла Елшісінің (ﷺ) уақытына дейін жалғасқан. Құсай Зәм-зәм құдығын және Мекке қаласының қақпаларын қорғауды өз қарамағына алады.

Құсайдан нұр Әбду-Манапқа беріледі. Оның шын аты – Мұғира. Ал Манап — оның әкесінің аты болған. Оның анасы Хайя бинти Халил. Әбду-Манап әйелдікке Мурраттың қызы Атиканы алады. Олардан: Хашим және Манап деген екі ұл дүниеге келеді. Олардың беттері бір-біріне тұтасып туылады. Егіздерді бір-бірінен бөлу мүмкін болмаған. Ақыр соңында оларды семсермен екіге бөлген. Мұны естіген арабтардың бір данышпаны былай айтқан екен: «Оларды басқа жолмен бөлу керек еді. Енді олардың тұқымдары бір-бірін үнемі семсермен өлтіріп отыратын болады». Мұғира тағы да Науфал мен Мүттәліб деген екі ұлды болады.

Алла Елшісі (ﷺ) Хашим тұқымынан болған, мұны тағы да Абдул-Ала деп те атайтын. Ол өте жомарт адам болған. Нанды ұсатып қара көже жасау "хашим" деп аталған екен. Бір жылдары Меккеде қатты қуаңшылық болады. Халық ашыға бастайды. Сонда Хашим Шамнан көп ұн алып келеді. Ол нан пісіріп, қаптарға салып Меккеге әкеліп отырған. Таңертең-кешке нан толтырылған қаптары бар түйелер келіп тұрған. Содан кейін ол нанды ұсатып, қара көже жасап, халықты сол көжені ішуге шақыратын болған.

Халықтың арасында Хашим аталып кетуі осыдан еді. Барлық адамдар оны жақсы көріп, сыйлайтын. Оның бірнеше баласы болған. Алла Сүйіктісінің (ﷺ) нұры оның маңдайында жарқырап тұрғандықтан ол ешбір пұтқа табынып, сәжде жасамаған.

Алла Тағала періштелерге былай айтқан:

«Куә болыңдар. Өз сүйіктімді Мен кез-келген былғаныштан сақтадым. Нұр аманат ретінде Хашимге берілгендіктен, осы күйінде Мен оның пұттарға құлшылық етуіне жол бермеймін».

Кітап адамдары онымен кездескенде, құрмет ретінде оның қолын сүйетін. Бәрі де оның алдында бастарын иетін. Әр тайпа оған әйелдікке өз қыздарын ұсынатын. Тіпті Византия императоры осы нұр үшін Хашимге өз қызын бермекші болады, бірақ ол келіспейді. Ол пәк әрі адал қызға үйленетіндігіне ант берген еді. Түсінде әйелдікке Сельма бинти Омарды алу бұйырылады. Меккеден Мединеге келіп, Бану Нажар тайпасындағы Сельма есімді қызға үйленеді. Сұлулығы, мәртебелі мінез-құлқы және тілмарлығы жағынан Сельма Хадиша анамызға (ол кісіге Алла разы болсын) ұқсайтын. Сельма Абдул-Мүттәліпке аяғы ауыр жүргенде, Хишам сауда-саттықпен кетеді де Газзада қайтыс болады әрі сол жерге жерленеді. 

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: