Ұхуд шайқасында жеңіске жеткен кім?

Ұхуд шайқасында жеңіске жеткен кім?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мүміндердің иман келтірмегендерді күйрете жеңгенінен кейін, меккеліктердің керуен басы Әбу Суфиан керуенді жүгімен теңіздің жағасына апарып тастап, өзі Меккеге келіп, қала тұрғындарына былай айтады:

- Мұхаммед сендердің үлкендеріңді өлтіріп, мүліктеріңді олжалады. Оның мақсаты — байлықтың көмегімен күшке ие болу.

Бұл сөздерді естіген құрайыштар Халид бин Уәлид, Амр бин Ас, Икрим бин Әбу Жәһил бастаған мыңдаған қарулы адаммен мұсылмандарға қарсы шығады. Мұны білген Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға хабарлап, олар тездетіп Ұхуд тауына қарай жол тартады.

Абдулла бин Селул екіжүзді-мұнафықтардың басшысы болған. Ол өз жақтастарымен бірге тығылып қалуға бел буады. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мыңдаған адаммен намаз оқиды. Намаздан соң Мединеден шығып, Ұхуд тауының етегіне жайғасады. Сенбі күні шайқас басталады. Шайқас барысында мұсылмандар үш топқа бөлінеді. Бір топ — жаралылар, екінші топ — өлгендер және үшінші топ — қашқындар. 

Мұсылмандар дүрліге қашқан кезде, Пайғамбарымыздың қасында бар-жоғы жеті ансар мен екі мұхажир ғана қалады. 

Иман кетірмегендердің әр шабуылында Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

- Мыналарға кім тойтарыс берсе, соны Жұмақ күтуде, - деп айтып отырған.

Адамзаттың асылы (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы сөзді жеті рет айтып, жеті ретінде жеті адам шейіт болп отырған. Хазірет Тәлха сол күні жиырма жарақат алған. Бір кәпір: «Мен Мұхаммедті өлтірдім!» - деп айғай салады. Кейбіреулердің айтуынша, сол айғай салған Ібіліс болған екен. Мұны естіген мұсылмандар жан сауғалай қаша жөнеледі. Ібіліс Мединеге келіп Мұхаммед өлтірілді деп жар салуын жалғастыра береді. Мұхаммед бин Мәлик Пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаралылардың ішінен іздеп жүріп, оны қансырап жатқан күйінде тауып алады да мұсылмандарға:

- Қуанышты хабарды естіңдер — Алла Елшісі тірі! - деп айғай салады.

Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауат мен сәлемі болсын) оған үндеме деп ишара білдіреді.

Әнас бин Мәлик былай айтқан:

- Пайғамбарымыз жаралы болады, ол бетінен аққан қанды сүрте отырып:

- Бұл халық өтірік пен адасудан қалай құтылады? Мен оларды дінге шақырамын, ал олар болса менімен соғысуда. Аллам менің! Менің халқыма тура жолды көрсетші, олар мені білмейді де түсінбейді, - деп айтады.

Саңлақ сахабалар бір жерге жиналады да: «Уа, Алла Елшісі! Сен осы адамдар үшін дұға етесің, бірақ қарашы, олар саған не істеді?» - деп айтады. Сонда оларға Алла Елшісі (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай жауап берген екен:

- Мен — лағынет жаудыратын пайғамбар емеспін, керісінше, мен: «Аллам менің! Оларға рақым ете гөр!» - деп жалбарынамын, өйткені олар мені білмейді.

 "Гараиб Ахбарда" былай жызылған:

- Сол күні Хамзаға бірде бір мүшірік қарсы тұра алмады. Оның қолынан көптеген жаулар ажал құшты. Уахши есімді құл бір үлкен тастың артына тығылып қалып, сол жерден өтіп бара жатқан Хамзаның арқасына қысқа найзаны сұғып, өлтіреді. Сосын дұшпандары оның денесін жетпіс бөлікке бөліп тастайды. Бұл суық хабар Пайғамбарымызға (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткенде, ол Хамзаның қаза болған жеріне келеді де аяусыз түрде қаза тапқан Хамза денесінің әр бөлігіне намаз оқып, содан кейін оны жерлейді. Хамзаны жерлеп болған соң мұсылмандар тың күшпен шайқасқа шығып, мүшіріктердің талқанын шығарып, жеңіске жетеді.

Са'д бин Әбу Уаққас былай баяндаған:

- Сол күні Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында ақ киімді екі қас жауынгер болған. Олардың бірі — Жәбірейіл де, екіншісі - Микәйіл (оларға Алланың сәлемі болсын) еді. Сол шайқаста жетпіс мұсылман көз жұмған, солардың төртеуі мұхажир де алпыс алтысы ансарлардан болған. Ал мүшіріктерден қаза тапқандар он жеті немесе одан көбірек.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) риуаяттарында дін үшін құрбан болғандар туралы былай айтылған:

- Оларды жумай, сол қан күйлерінде жерлеңдер.

Жаралы мұсылмандар Алла алдындағы дәрежелері жоғары болсын деп ас-судан бас тартқан, тіпті тіл қатпаған да. Осы күйлерінде олар шейіт болған. Оларға Алла разы болсын!

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: