Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) екі әйелінің қайсысы Пайғамбарымыздың (ﷺ) нұрының сәулесіне лайық болған?

Исмаил пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) екі әйелінің қайсысы Пайғамбарымыздың (ﷺ) нұрының сәулесіне лайық болған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) — Ибраһим пайғамбардың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үлкен ұлы. Оны арабтардың әкесі деп атайды. Ол Шамда дүниеге келген. Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) балиғат жасқа толып, Алла оны құрбандыққа шалуға бұйырғанда, ол сабырлық пен табандылық танытқан. Оның балалық шағы жұрхұм тайпасында өтеді. Оған жеті қой берілген болатын. Алла Тағаланың берген берекесінің арқасында бұл қойлар санының артқаны сондай оларды санына жету мүмкін болмаған. Оның жас кезінде анасы Хажар қайтыс болады. Анасынан айырылып, жалғыз қалған Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) тұқымы құрып кетпеу үшін Амара есімді қызға үйленуге бел буады, алайда Амара Алла Сүйіктісі (ﷺ) нұрының сәулесіне ие болуға лайық болмай шығады.

Мұның себебі келесіде еді. Күндердің күнінде ұлымен жүздескісі келген Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Қасиетті Меккеге келеді, бірақ бұл кезде Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) аңда жүреді. Қонақты терезеден көрген оның әйелі есікті ашып, өзінің Исмаилдың (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) әйелі екендігін айтады. «Оның өзі қайда?» - деп сұрайды Ибрахим (а.с.). «Аңға кетті», - деп жауап береді әйелі. Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) олардың қалай өмір сүріп жатқандарын сұрайды, сонда Амара: «Тұрмысымыз нашар, ауыртпашылық пен мұқтаждықта өмір сүріп жатырмыз», - деп зарлана жөнеледі. Ол мейманға еш сыпайылық пен қонақжайлылық танытпайды. Үйден шығып бара жатып Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) оған: «Күйеуіңе айт мына үйдің табалдырығын ауыстырсын», - дейді. Содан кейін ол Шамға жол тартып кетеді.

Аңнан оралған Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) үйінен әкесінің иісін сезеді де әйелінен: «Бүгін бізге кім келді?» - деп сұрайды. Әйелі болса: «Бір қарт келді, сені сұрады, кетерінде саған осы үйдің табалдырығын ауыстырсын», - деп айтты дейді. «Әлгі қарт — ол менің әкем Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын), ал оның табалдырық дегені сенсің. Әкем маған сенімен айырылыссын деген екен. Өз отбасыңа орал», - деп айтады  Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). Содан кейін Амарамен ажырасып, әйелдікке Халия есімді басқа қызды алады. Күндердің күнінде тағы да Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келеді. Халияны көріп, күйеуінің қайда екенін сұрайды. «Әдеттегідей аңға кетті», - дейді әйел. «Қалдарың қалай?» - деп сұрайды Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын). «Аллаға шүкір, жақсылықта, амандықта өмір сүріп жатырмыз», - деп жауап берген Халия келген мейманға құрмет пен сыпайылық танытады.  

«Бізге құрмет көрсетіп, үйімізге кіріңіз. Жаратушы берген несібемізбен сізді тамақтандырайын», - дейді әйел, бірақ Ибрахим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын), өкінішке орай, оның мүмкін еместігін айтады. «Сіздің қасиетті шашыңыз шаң болып қалыпты. Басыңызды жуып, жұпар иіс сеуіп беруге рұқсат етіңіз», - дейді Халия. Пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келісімін береді де Халия оның басын жуып беріп, бір тасты әкеліп аяғының астына қойып береді. Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сол тасқа тұрып атына мініп алады, ал сол таста оның аяғының ізі қалып қояды.  

Кейбір мүфассирлердің айтуынша, бұл "Ибраһимнің мақамы" болып табылады. Халия ыдысқа салып біраз ірімшік алып келеді де қолын жоғары созып тұрады. Ат үстінде отырып Ибрахим (а.с.) астан дәм татады. Халияның оған көрсеткен құрметті қатты ұнағаны соншалықты, ол кетіп бара жатып: «Күйеуің келгенде  Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) келіп кетті де, сәлем айт, осы үйдің табалдырығын нығайтуды бұйырды деп айт», - дейді. Басқа бір риуаятта Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) Халиядан: «Үйлеріңде нан бар ма?» - деп сұрағаны келтірілген.  Сонда Халия нанның не екені оларға беймәлім екендігін айтқан. Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, осы үйге құт-береке болсын деп дұға жасаған екен.

Содан кейін Алла Тағала Жәбірейілге (оған Алланың сәлемі болсын) Меккеге Рамлей мен Таиф берекелерін жеткізуді бұйырады. Кеш батқанда аңнан Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) қайтып оралады, әкесінің қасиетті иісін сезген ол: «Бүгін бізге біреу келді ме?» - деп сұрайды әйелінен. Сонда Халия былай жауап береді: «Бір қарт адам келіп кетті. Оның маңдайында ұлылықтың белгісі мен пайғамбарлықтың нұры болды. Мына тастағы із — оның қасиетті аяғының ізі. Ол саған сәлем айтты әрі осы үйдің табалдырығын қорғауға бұйырды».

Мұны естіген Исмаил (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) жылап жібереді де: «Келген қарт менің әкем еді, ал оның табалдырық дегені сен едің. Уа, Халия, бұл сен үшін қайырлы хабар, Алла Сүйіктісі (ﷺ) нұрының сәулесі енді сенде болатын болды», - деп айтады. Содан соң әкесінің ізінде қалған шаңмен бетін сипайды. Ақиқатында, қасиетті нұр Халияның құрсағына ұялаған болатын.

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: