Уақыт – адамның ең баға жетпес байлығы. Оның кейбір мезгілдері Аллаһтың мейірімі, кешірімі және кеңшілігі кемерінен толып таситын маусым саналады. Сол маусымдардың ең берекелісі, әрине қасиетті Рамазан айы екендігінде ешкімнің дауы болмас. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл айдың құндылығы мен берекетін ескере отырып, Шағбан айының соңғы күндерінде былай деген екен: «Ей, мұсылмандар! Ұлы әрі мүбәрак айдың көлеңкесі төбелеріңе жақындап келді. Ол ішінде «мың айдан да қайырлы Қадыр түні» бар ай.
Бұл ай – Аллаһ Тағаланың күндізін оразамен, түндерін нәпіл тарауих намазымен өткізуді бұйырған мүбәрак ай. Осы айда кім бір қайыр жасаса, басқа уақыттарда бір парызды орындаған адамдай сауап алады. Бір парызды өтеген жан басқа айларда жетпіс парызды өтегендей сауапқа ие. Бұл ай – сабырлылықтың айы. Ал, сабырлықтың сыйы болса – жәннат. Сондай-ақ, бұл ай – келісім, жәрдем және теңдік айы. Бұл ай – мүміннің ризығы артатын ай. Кімде-кім бір адамға ауыз аштырса, бұл оның күнәларының кешірілуіне және жәһаннамнан құтылуына себепші болады. Ауыз ашқан мұсылманның сауабынан ешнәрсе кеміместен, ол алған сауаптан ауыз аштырған адам да алады» (Али әл-Муттақи, ҮІІІ, 477/23714).
Қасиетті Рамазанның бойына көптеген артықшылық сыйып тұр:
• Тура жолға бастайтын Құран Кәрім кітабымыз осы мүбәрак айда түсе бастады.
• Ерекше рухани кемелдікке тәрбиелейтін ораза ғибадаты осы айға тән құлшылық болып бекітілді.
• Мың айдан да қайырлы Қадыр түні Рамазан айының түндерінің бірінде жасырылған.
• Бұл айдың түндері ауызашар, тарауих және сәресілермен берекелерге бөленген.
• Мұқтаждықтың қасіретін тартып жүрген қаяу көңілдер осы айда қуанышты сезініп, кеуделерінде үміт оты жағылады. Өйткені, зекет пен садақа секілді құлшылықтардың арқасында күлкінің не екендігін ұмытқан езулерге жымыңдаған қуаныш күлкілері қайта оралады.
• Күнәлардан сақтанып, жамандықтардан жиренуіміз нәтижесінде жәһаннам есіктері жабылады. Жамандықтар мен шайтандар мүминдердің тақуалық шынжырларымен байланып тасталады.
Осылайша, мүминдерге мәңгілік бақыт есіктерін ашатын Рамазан күллі үмбетке жарқын болашақтың да есігін айқара ашып береді. Рамазанмен бірге өмірімізге жаңа мүмкіншіліктер келеді.
Мүмкіншіліктерге толы ай
Күмәнсіз Рамазан айының әр күні бізге мол мүмкіншіліктер сыйлайды. Ол басынан аяғына дейін иләһи нығмет аспанының береке жаңбыры іспеттес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл шындықты мына хадисіне сыйдырып айтқан болатын:
«Қасиетті Рамазанның басы – мейірім, ортасы – кешірім, ал соңы – жәһаннамнан азат болу» (Ибн Хузәймә, сахих, ІІІ, 191).
Сол нығметтерден шынайы үлесімізді алу, әрине, қасиетті Рамазанды қасиетіне лайық өткізсек қана мүмкін болады. Ол үшін Рамазанның әр сәтіне бар ықыласымыз бен ынтамызды бөлуіміз керек. Әсіресе, сәресі уақыттарына…
Сәресінің берекетімен жаңа күнге аяқ басу
Рамазан рухани тіршілікке тәрбиелесе, Ислам өмір бойы тақуа болуға тәрбиелейді. Сол өміріміздің ең жемісті сәттері сәресі уақытына жасырылған. Себебі, сәресі уақыты – Құдай Тағаланың құлдарын арнайы шақырумен күтетін сәттері. Құл Раббысынан келген осынау ұлы шақыруға ұмтыла асығып, оны нығмет деп білуі керек емес пе?!
Аллаһ Тағала сәресі уақыттарын ояу көзбен және ояу көңілмен өткізген құлдарына былай деп үн қатады: «(Ол тақуалылар түн ортасы) Жамбастарын төсектерінен көтеріп, Раббыларының азабынан қорыққан түрде және мейірімінен үміттене дұға қылады. Өздеріне берген ризықтардан инфақ (өзгеге қол ұшын беру) жасайды» (Сәжде сүресі, 16-аят). «Түндерін Раббыларына сәжде етумен және қиямға (намазға) тұрумен өткізеді» (Фурқан сүресі, 64-аят). «Олар түнде тым аз демалар еді. Сәресі мезгілінде олар истиғфар (кешірім сұрау) етер еді» (Зәрият сүресі, 17-18 аяттар).
Сәресі уақыттарында ғибадат арқылы рух тәрбиесімен айналысу көңілге өзгеше құпия мен хикмет көкжиектерін ашатындай. Бұл жөнінде Хазірет Мәуләна Жәләлуддин Руми былай деп өз ойын бөліседі: «Түндеріңде оянып, Хаққа сапар шек. Өйткені, түн саған құпиялар әлеміне жол бастайды. Барлығы ұйқыда жатқанда иләһи сырлар, рухани ләззат болып сенің көңіліңе берекелі жаңбырдай нөсерлетеді. Себебі, түнде көңіл қатпарлары ашылып, өзге әлемнен нәсіп жауады. Алайда, бұл күй бөтендердің көздерінен жасырылған».
Әсіресе, Рамазан түндерін ояу көңілмен өткізу мол кешірімдерге себепші болады. Расулуллаһ (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім нық сеніммен және сауабын Аллаһтан деп біліп Рамазан түндерін жандандырса, өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Тарауих, 46).
Бибі Айша анамыздың айтуы бойынша, Расулуллаһ (с.а.у.) Рамазан айында өзге айлардан ерекше бір түрде ынтамен құлшылық жасайтын. Әсіресе, Рамазанның соңғы он күні кіргенде ғибадат-құлшылыққа одан сайын берілетін. Бұл күндердің түндерін құлшылықпен өткізетін әрі отбасын да тағат жасауға оятатын (Бұхари, Фадлу ләйләтил-қадр, 5).
Құран және Рамазан
Аллаһ Тағала бұйырады: «Рамазан айы – адамдарға жол көрсетуші, һидаятты түсіндіруші және (хақ пен жалғанды) ажыратушы етіп Құран түсірілген ай. Олай болса, Рамазан айын көргендер оразаларын өтесін…» (Бақара сүресі, 185-аят).
Бұл аятта Құранның Рамазанда түсірілгендігі және ол хақ пен жалғанды, ақ пен қараны, жақсылық пен жамандықты ажыратушы, хикмет пен ақиқат нұрына толы кітап екендігі айтылған соң, осы мүбәрак айға жеткен адамдардың Құран тәрбиесі бойынша ораза ұстауға міндеттелгендіктері баян етілуде.
Сондықтан да Құран мен Рамазанның арасындағы терең байланысты жақсылап ұғынып алғанымыз абзал.
Абдуллаһ бин Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Расулуллаһ (с.а.у.) адамдардың ең жомарты еді. Оның тіптен жомарт болып кететін кездері Рамазанда Жәбірейіл (а.с.) өзіне келген уақыттарда болатын. Жәбірейіл (а.с.) Рамазанның әр түнінде пайғамбарымызбен жүздесіп, бірге Құран оқитын. Расулуллаһ (с.а.у.) Жәбірейілмен кездескенде ешбір бөгетке қарамай соққан мейірім самалындай, желден де жомарт болып кетер еді» (Бұхари, Бәдул-уахи, 5,6, саум, 7; Муслим, Фадаил, 48, 50).
Бұл хабардан біздің алатын тәліміміз Рамазан айының иләһи нәрі мен берекетінің шынайы дәмін татуымыз үшін бұл айда Құран Кәріммен ерекше көбірек тілдесіп, уақыттарымызды соған арнауымыз керек. Тағы бір хадисте мынадай сүйінші хабар келтіріледі: «Ораза мен Құран қиямет күні құлға шапағатшы болады» (Ахмед бин Ханбәл, Муснәд, ІІ, 174).
Өмірдің өзі нығмет, ал Рамазан – сол өмірдегі ең үлкен сый
Рамазанның қадірін мейлінше ұғына алғандар сансыз нығметтерге қарық болады. Оған бейқам қарағандар нәсіптен құр алақан қалып қояды. Пайғамбарымыздың хадисіне қарасақ, ондайлардың халі тіпті қорқынышты:
«Жәбірейіл (а.с.) маған көрініп: «Рамазанға жетіп, бірақ күнәларының кешірілуіне ұмтылмаған адам Аллаһтың мейірімнен аулақ кетсін!», - деді. Мен «Әмин!» - дедім…» (Хаким, ІҮ, 170/7256; Тирмизи, Дағауат, 100/3545).
Хазірет Мәуләна «Диуаны Кәбир» атты еңбегінде бұл ай жөнінде бізге мынадай ескертулер жазыпты: «Рамазан келді, енді материалдық қоректерден қолыңды тарта тұр, көктен рухани азықтар келсін. Бұл ай – көңіл дастарқаны құрылатын ай. Рухтың дене қателіктерінен арылып, демалатын айы. Жүрек сүйіспеншілік пен иманға толар ай».
Бұл айда жасалған ғибадаттардың сауабы өзге айлардағыдан әлдеқайда артық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұны анық түрде айтып кеткен: «Рамазан айында жасалған Умра (кіші қажылық) толық қажылықтай есептеледі және менімен бірге жасалған қажылықпен тең болады» (Бұхари, Умра, 4; Муслим, Хажж, 221).
Теңдесі жоқ құлшылық
Рамазанды рамазан етіп отырған нәселердің бірі, әрине, ораза құлшылығы. Ораза – бұл дүниенің алдамшы нығметтері қолымыздан күндердің күнінде кететінін есімізге салатын ғибадат. Әбу Умәмә (р.а.) бір күні:
«Я, Расулаллаһ! Маған Аллаһ Тағала мені сыйға бөлейтіндей бір амал үйретші» - дегенде, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Саған оразаға жармасуды насихаттаймын. Өйткені, ол – теңдесі жоқ құлшылық» - деп, жауап берген болатын (Нәсәи, Сиям, 43).
Шын мәнінде, ораза – нығметтердің қадірін үйрететін, хамд пен шүкірге тәрбиелейтін, мұң-мұқтаждардың жағдайын түсінуімізге көмектесетін, мейірімімізді оятып, мақсат-мұраттарымызды фәни дүниелік қалауларымыздан әлдеқайда биікке қалықтататын және өзара жәрдемдесу сезімдерімізді барынша жандандыратын теңдессіз құлшылықтың түрі.
Сондай-ақ, ораза – көңіліміздегі дүниеқоңыздықты басып, сабыр жаттығуларымен тәлім беретін рухани тәрбие мектебі. Нәпсіні тәрбиелейтін бұл мектептің ең маңызды жері – емтихандары. Адам бұл емтихандарға қаншалықты дұрыс жауаптар беріп, кедергілерге қаншалықты сабыр көрсетсе, оразаның хақиқи мәніне соншалықты жақындаған болады.
Аузын оразаға бекіткен адамның сабырмен сыналар емтиханының бұл талабы жөнінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына бір хадисі баян етіледі: «Ешбіреуің ораза ұстағанда жаман сөз айтпаңдар, ешкіммен салғыласпаңдар. Егер, біреу келіп сөксе немесе басқалай тиіссе, «Мен ораза ұстадым, - деңдер» (Бұхари, Саум, 9).
Негізінде адамдармен ерегесіп, салғыласу оразадан тыс уақытта да қош көрілетін қылық емес, әрине. Алайда, ораза ұстай отырып осындай қылықтарға барған адам тұтқан оразасын былғап кірлеткен, сауабын зая кетірген болады. Бұл тұрғыда Раббымыздың бізге берген өсиеті төмендегідей:
«Рахманның құлдары жер бетінде кішіпейілділікпен жүреді және білімсіздер өздеріне сөзбен тиіссе, «Сәлем» деп қана қайтарады» (Фурқан сүресі, 63-аят).
Сондықтан да ораза ғибадаты рухани нәзіктікпен, сезімталдықпен мұқият атқарылуы тиіс. Тек қана асқазанды аш тастаумен ораза тұтқан болып есептелмейді. Шынайы ораза дененің әр мүшесін харам мен күмәнді істерден тазартып, нәпсінің тізгінделуін қажет етеді.
Оразаны дененің әр мүшесімен тұту
Иә, оразаның негізгі қағидасы – таңсәріден күн таса болатын уақытқа дейін кей нығметтерден өзімізді шектеу құлшылығы. Бірақ, оразаның Аллаһ Тағаланың құзырында қабыл болуы үшін асқазанның аштығына қоса тіл мен көзді, құлақты және басқа да мүшелерімізді күнәлардан сақтап жүру шарты бар. Бір күні Аллаһ Расулі (с.а.у.): «Ораза тұтқан адам өзіне жараспайтын қылықтармен оны былғамайтын болса, оразасы оған қалқан болады» - деді. Сахабалардан біреу: «Оны қандай қылықтармен былғайды?», - деп сұрады. Сонда Расулуллаһ: «Өтірік және өсекпен» - деп жауап берді (Нәсәи, Сиям 43).
Тағы бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) ораза тұтқан екі әйелдің ғайбат айтып жатқанын көріп: «Олар оразасын бұзды!» - деді де сөзін жалғап:
«Бұлар Аллаһ Тағаланың адал еткен нәрселерінен тыйылып ораза ұстады. Бірақ харам еткен нәрселерімен оразаларын бұзып жіберді. Қатар отырып алып адамдардың етін жеді (ғайбат айтты)», - деді. (Ахмед, Ү, 431; Хәйсәми; ІІІ, 171).
Басқа бір хадисте былай делінеді: «Кім жалған сөйлеуін, алдап-сулап тірлік жасауын доғармайтын болса, Аллаһ оның ішіп-жеуден тыйылғанына мұқтаж емес» (Бұхари, Саум, 8).
Оразаның сауабы
Оразаның сауабы Хақ Тағаланың құзырында сақтаулы. Бір құдси хадисте былай бұйырылады: «Ораза тұтқандар ішуін, жеуін жыныстық қалауларын Менің ризалығым үшін шектейді. Ораза тікелей Менің ризалығым үшін жасалатын ғибадат. Барлық жақсылықтың сыйы он есе сауап болатын болса, оразаның сыйын Мен Өзім беремін!» (Бұхари, Саум, 3).
Аяттарда да оразаның сауабының молдығы баяндалады: «Ораза тұтқан ерлер мен ораза тұтқан әйелдер, әуретін қорғаған ерлер мен әуретін қорғаған әйелдер, Аллаһты көп зікір ететін ерлер мен Аллаһты көп зікір ететін әйелдер бар емес пе?! Аллаһ Тағала оларға ұлы сыйлықтар әзірлеп қойды» (Ахзаб сүресі, 35-аят).
Расулуллаһ (с.а.у.) оразаның сыйы екі түрлі екендігін баян етеді: «Ораза ұстағандар екі рет қуанады:
1. Ауызашарда бір қуанады
2. Раббысына қауышқанда оразаның сыйы ретінде өзіне тарту етілген жоғары дәрежелерге қол жеткізген кезінде екінші рет қуанады» (Муслим, Сиям, 164).
Құлшылықтың мәнін ұғыну
Ұлы табыстарға жеткізер маусым Рамазан айында жасалған құлшылықтар тек қана осы айға тән әдет болып қана қалмай, тәніміз бен жанымызды Аллаһ Тағалаға өмір бойы ықыласты құлшылық жасауға жетелеуі керек. Әйтпесе ғибадаттарымыздың рухани құндылығы жоғалып, тұтқан оразамыз диета, ал асығыс оқыған тарауих намаздарымыз тамақ сіңіру үшін жасалған қимыл ғана саналады.
Аллаһ ризалығынан тыс және ақыретке азық бола алмайтын амалдар жасайтын болсақ, босқа әуре болумен қатар мәңгілік таусылмас болашағымызды өз қолымызбен қатерге тіккен боламыз. Әрбір ғибадатқа мән-мағына беретін жалғыз нәрсе – ықылас. Бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұны біздерге қатаң ескертеді:
«Қаншама адам бар, тұтқан оразалары аштықтан өзге дәнеңе емес! Кештерін намазбен өткізген (тарауих) қаншама адамдар бар, оқыған намаздары ұйқыдан қалудан басқа дәнеңе емес!» (Ибн Мәжә, Сиям, 21).
Ал шын мәнінде, бұл айда өзге айлардағыдан ерекше бір ықыласпен құлшылыққа берілуіміз керек емес пе?
Сондай-ақ, бұл ай – құлшылықтардың өзегі болып табылатын, Аллаһтың ұлық дәрежесін көрсететін және құлды құл ететін дұға атты құлшылығымызға да айрықша мән беретін мезгіл. Өйткені, дұға Аллаһ және оның құлдары арасындағы рухани байланыс іспеттес. Бұл байланысты үзіп алғандар өздерінің қадір-қасиетін жоғалтқан болады.
«Айт: «Егер сендердің дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?!» (Фурқан сүресі, 77-аят). Олай болса, бұл мүбәрак айда молынан зікір мен дұға жасап, алған тынысымызды рухани кірден тазартайық, бауырлар!
Қадыр түні
Қадыр түні – Хақ Тағаланың бүкіл үмбеттер арасынан тек қана Мұхаммедтің (с.а.у.) үмбетіне ерекше сый етіп, тарту қылған қазыналарының бірі. Оның ұлылығы мен маңыздылығы, қадірі мен қасиеті жеке бір сүре ретінде арналуы арқылы және Пайғамбарымыздың сансыз көп хадистері арқылы сүйіншіленген. Ұлы Раббымыз Бұл түннің қасиетін былай суреттейді:
«Расында, Біз оны (Құранды) Қадыр түнінде түсірдік. Алайда, Қадыр түні не екендігін саған білу қайда? Қадыр түні мың айдан да қайырлы! Ол түнде Раббысының әмірімен періштелер және Рух жер бетіне түсіп жатады. Ол түн – барлық істе есендік түні, ол таң қылаң бергенше жалғасады» (Қадыр сүресі).
Қадыр түні – Құранның жер бетіне түсіріле бастауымен нұрланған кеш. Періштелердің келуімен нұрланған кеш. Раббымыздың есендігі таратылған кеш. Раббысына жүзін бұрғандарға иләһи мейірім нөсерлетіп жауған кеш. Қадыр түнінің осы ерекшелігінің себебінен Пайғамбарымыз (с.а.у.) оны Рамазан түндері арасынан арнайы іздеген және үмбетіне де іздеуді бұйырған.
Сексен үш жылдан да қайырлы деп сүйіншіленген қадыр түнінің Рамазанның нақты қай түнінде екендігі білдірілмеуінде де ұлы хикметтер жатыр. Хадис шәрифтердің айтуынша, Қадыр түнін Рамазан айының соңғы он күнінің тақ түндерінен, әсіресе жиырма жетінші түннен іздеу керектігі баян етіледі. Алайда, бұл Қадыр түні сол түнде екендігіне кепілдік бермейтінін ұмытпаған жөн. Айша анамыз Пайғамбарымыздан: «Уа, Аллаһтың Елшісі! Қадыр түнінің қай түнде екендігін табатын болсам, ол түнде не деп дұға қылайын?», - деп сұрады. Әлемнің Мақтанышы (с.а.у.):
«Аллаһым! Сен өте кешірімшілсің, кешіргенді жақсы көресің. Мені кешіре гөр!» - деді (Тирмизи, Дағауат, 84; ибн Мәжә, Дұға, 5).
Айт
Рамазан тақуалыққа тәрбиелейтін мектеп болса, айт оның рухани куәлігі берілетін күн секілді. Бірақ, айт мейрамдары өзге мейрамдар секілді демалыс күні етіп өткізілмеуі керек. Шын мәнінде, айт – Аллаһты зікір қылатын, шүкіршілікті білдіретін, туыстар арасын жарастыратын, үзілгенді жалғап, көпшілікпен бірігіп құлшылық жасайтын күн. Бұл күндердің сауабы мұқтаждар мен панасыздардың көңіл ризашылығында жасырылған. Өйткені, мейірім жасаған адамға мейірім көрсетіледі. Аллаһ үшін қуанышқа бөлегенді, ақыретте Аллаһ Тағала да қуанышқа бөлейді.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Ораза айт және құрбан айт түндерін сауабын тек Аллаһтан күтіп ғибадатпен өткізгендердің жүрегі бүкіл жүректер өлетін күні өлмейтін болады» (Ибн Мәжә, Сиям, 68) деген.
Олай болса айт күндері шын мәнінде, біздер үшін таптырмас ғанибет болып табылады. Хазірет Бәхлүл Дана атты ойшыл ғұлама қандай керемет айтқан:
«Айт мейрамы жаңа және әдемі киім кигендерге арналмаған, иләһи мейірімге үміткер болып, мәңгілік құрдымнан жандарын құтқарғандарға арналған…»
Ендеше, шынайы мейрам – Жаратқанның бізге разы болуы, жанымыздың мәңгілік бақытын табуы.
Аллаһ Тағала жүректерімізді осы мүбәрак айдың киесімен тазартып, сәресілермен бастаған оразаларымызды абыроймен ұстап шығып, кештерімізді ықыласпен оқылған тарауих намаздарымен безендіріп, дәмді ауызашарларға жеткізсін және ең бастысы, ақыреттің сауаптарынан құр қалдырмасын! Әмин!
Рахмет самалы жұрналы